Жұма күні төтенше жиын өткізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Оңтүстік Африкада тарап жатқан коронавирустың жаңа вариантын "алаңдататын" вирус ретінде атады.
"Бұл варианттың мутациялары көп, бір бөлігі алаңдаушылық туғызады. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бұл вариантпен байланысты [вирус] аурудың қайта жұғу қаупін арттырады" деді ДДСҰ өкілдері.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, жаңа вариант коронавирустың бұған дейінгі штамдарына қарағанда өте жылдам таралады. Бұған дейін B.1.1.529 деп аталып келген штамды ДДСҰ гректің "омикрон" әрпімен атады. Сарапшылар бұл варианттың Оңтүстік Африканың барлық провинцияларында таралуы мүмкін екенін айтты.
Болжам бойынша, "омикронның" көптеген мутациялары коронавирусқа қарсы иммунитетке төтеп бере алады, қазіргі вакциналарды тиімсіз етіп, тез таралады.
Әлем үкіметтері Оңтүстік Африкадан келетін ұшақтарға жаппай тыйым сала бастады. Соңғы ақпаратқа қарағанда, ондаған мемлекет және Еуроодақ елдері 26 қарашада Оңтүстік Африкадан келетін ұшақтарды қысқарта бастаған.
Бұл вариант негізінен Оңтүстік Африканың солтүстігіндегі Хаутенг провинциясында тараған. Бұл аймаққа Йоханнесбург пен ОАР астанасы Претория да кіреді. Қазір жаңа вариант Ботсвана мен Гонконгте, Израиль мен Бельгиядан анықталған.
Әзірге Қазақстан билігі "омикронға" байланысты хабарлама таратпады. Көрші Ресей 28 қарашадан бастап Оңтүстік Африканың тоғыз мемлекеті және Гонконгтен келетін ұшақтарға шектеу қоя бастайды.
ПІКІРЛЕР