Әлемдегі жетекші вакцина өндіруші компаниялар осы аптада Оңтүстік Африкада анықталған коронавирустың "қауіпті" түрі – "Омикронға" төтеп беру амалдарын қарастыра бастады.
Ғалымдардың болжамынша, қазіргі екпелер мутацияға жылдам ұшырайтын коронавирустың жаңа вариантының тарауын тежей алмауы мүмкін. Pfizer компаниясымен бірге екпе шығаратын немістің BioNTech компаниясының айтуынша, мекеме сарапшылары алдағы екі аптада жаңа варианттың үлгілеріне қол жеткізіп, зерттеп, қажет болған жағдайда вакцина құрамына өзгеріс енгізеді.
Америкалық Moderna компаниясы да "омикронға" төтеп беретін қосымша вакцина шығаратынын хабарлады.
Әуелі B.1.1.529 деп аталып, "Омикрон" деген жаңа атауға ие болған коронавирустың жаңа вариантының тарауына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алаңдап отыр. Болжам бойынша, "омикронның" көптеген мутациялары коронавирусқа қарсы иммунитетке төтеп бере алады, қазіргі вакциналарды тиімсіз етіп, жылдам таралады.
Еуроодақтың дәрі-дәрмекке жауапты органы вакцина қажеттілігі жөнінде мәлімдеме жасау әзірге ертерек деді.
Pfizer/BioNTech компаниялары егер екпеге өзгеріс енгізу қажет болса, "Омикронға" бейімделіп әзірленген жаңа вакцина түрі шамамен 100 күн ішінде дайын болатынын айтты.
Еуропада әлі тіркелмеген Novavax екпесін өндірушілер "Омикронның" спайктік ақуыз үлгілеріне алдағы апталарда қол жеткізетінін айтты.
Соңғы мәліметке қарағанда, вирустың жаңа варианты Африканың бірнеше мемлекетінде, Израиль, Гонконг, Бельгия, Ботсванада анықталған. Көптеген мемлекет Африка елдері мен аталған мемлекеттерден келетін ұшақтарға тыйым сала бастады.
Қазақстан билігі әзірге "Омикронға" байланысты шектеулер жөнінде айтпады.
ПІКІРЛЕР