Accessibility links

Қырғызстанда сайлау учаскелері жабылды


Дауыс беру үшін кезекке тұрған адамдар. 28 қараша 2021 жыл.
Дауыс беру үшін кезекке тұрған адамдар. 28 қараша 2021 жыл.

Қырғызстанда 7-шақырылымдағы Жогорку кеңеш депутаттарын сайлау аяқталды. Бішкек уақытымен сағат 20:00-де елдегі сайлау учаскелері жабылды. Жақын арада электронды жәшіктегі дауыстар автоматты түрде саналып, алдын ала нәтижесі түсе бастайды, деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Елде барлығы 2435 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Шетелде жүрген қырғыз азаматтары сол жақтағы 59 сайлау учаскесінен дауыс берген.

Кешкі сағат 6-дағы мәлімет бойынша, Жогорку кеңеш депутаттарын сайлауға шамамен бір миллионнан астам адам қатысқан. Бұл дауыс беруге құқығы бар елдегі 3,7 млн адамның 30 пайызға жуығын құрайды. Сарапшылар мұны бір жылдан астам уақыт ішінде төрт рет дауыс берген Қырғызстандағы сайлаулардың арасында белсенділігі ең төмен сайлау ретінде атап отыр. Сайлаушылар белсенділігінің төмен болатындығы жөнінде болжам бұған дейін де айтылған. Президент Садыр Жапаров 26 қарашада әкімдерге сайлаушыларды дауыс беруге "жетектеп әкелуді" тапсырған.

Қырғызстанда тұңғыш рет сайлау аралас жүйе бойынша өтіп отыр. Яғни, Жогорку кеңештің 90 депутатының 54-і – саяси партиялар тізімі бойынша, қалған 36-ы бір мандаттық округ бойынша сайланады. Сайлаушылар тек партияға ғана емес, партиядағы нақты кандидатқа да дауыс бере алады.

Сайлауға 21 партия қатысты (1100-ден астам кандидат), бір мандаттық округтерде 282 кандидат тіркелген.

Сайлауды бақылаған "Клоп медиа" ұйымы кешкі сағат 19:00 шамасында сайлауда 357 заң бұзушылық тіркегенін хабарлады. Дауыс сатып алу, сайлау учаскесінде кандидаттарды насихаттау, дауыс берушілер мен бақылаушыларға қысым көрсету сияқты әрекеттер жиі ұшрасқан. Ішкі істер министрлігіне түскен 15 шағым тексеріліп жатыр. Дауыс сатып алу бойынша жеті іс сотқа жіберілген.

6-шақырылымдағы Жогорку кеңештің өкілет мерзімі 2020 жылы қазанда аяқталған еді. Алайда былтыр қазан айындағы оқиғадан кейін парламент сайлауы нәтижесінің жойылуы және биліктің ауысуы салдарынан парламенттің өкілет мерзімі ұзарды. 22 қазанда парламент Конституцияға өзгеріс енгізілгенге дейін сайлауды шегере тұру туралы заң қабылдаған. Жаңа парламент сайлауы 2021 жылдың 1 маусымына дейін тағайындалуы тиіс болған.

Алайда президент әкімшілігі жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Жогорку кеңесі жаңа ереже бойынша жасақталады және ол үшін арнайы заң қабылдануы тиіс деп мәлімдеген.

Биыл 28 шілдеде парламент "ҚР президенті мен Жогорку кеңеш депутаттарын сайлау туралы" заңның жаңа нұсқасын мақұлдады. Одан кейін парламент сайлауы 28 қарашаға белгіленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG