Қазақстанда 1 желтоқсан – тұңғыш президент күні. Осының қарсаңында Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласында сот орындары "Ар-Бедел" қоғамдық қорының экс-президент пен қазіргі президенттің "абыройына нұқсан келтірген" бірнеше белсендінің үстінен берген арызы бойынша азаматтық істерді қарай бастады.
Қор азаматтық белсенділер Нұрсұлтан Тастаев, Айдар Мүбараков пен белгілі марафоншы Марат Жыланбаевты елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ар-ожданына тиді" деп айыптаған. Қор белсенділерден жоғары билік өкілдерін сынап жазған жазбаларын әлеуметтік желіден жоюды талап етеді.
"Ар-Бедел" қоры Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 28 жастағы Нұрсұлтан Тастаевтың әлеуметтік желідегі бірнеше жазбасы "болашақта зиян келтіруі мүмкін" деп, Азаматтық кодекстің "зиян келтірудің алдын алу" деп аталатын 918-бабына сүйеніп, белсендіден жазбасын өшіруді талап еткен.
"Жауапкер Facebook желісінде өз атынан деструктивті ақпарат таратып, оны әлеуметтік статусы мен жас ерекшелігіне қарамастан түрлі санаттағы қолданушыға жеткізуді көздеген. Жауапкер жариялаған материалдар мазмұны жағынан тұңғыш президент – Елбасын, сонымен бірге тұтас мемлекеттік билік аппаратын абыройдан айырып, қоғамдағы "ортақ дұшпан" бейнесін қалыптастыруға бағытталған" делінген сотқа түскен шағымда.
29 қарашада Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық сотында Нұрсұлтан Тастаевтың ісі бойынша онлайн режимде басталған сотта сөйлеген "Ар-Бедел" қоры адвокаты Айжан Камалова:
– Нұрсұлтан Тастаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазба жариялап, қоғамдық теріс пікір тудыратын, саяси лидер мен саяси жүйеге кері әсер ететін пост жариялаған. Мысалы ол "Назарбаевтың нағыз аты Насанджор" деп жазған. Жазбалары жұрттың қолы жететін жерде, өзінің 600-ден астам оқырманы бар. Бұл жазба қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді. Ол өз постарында экстремистік ҚДТ қозғалысына қосылуға үндеген, – деді.
Тастаевтың адвокаты Мейіржан Досқараевтың белсендінің жазбалары қордың құқын қалай бұзды деген сұрағына Камалова "қордың іс-әрекеті қоғамда іріткі тудырмауға бағытталғандықтан тікелей әсері болып отыр" деп жауап берді.
Судья Нұргүл Жаббарова соттың келесі отырысы 23 желтоқсанда болатынын хабарлап, үзіліс жариялады.
"Ар-Бедел" қоры тағы бір арызын Қазақстанға белгілі марафоншы Марат Жыланбаевтың үстінен жазған. Марафоншы өзіне жазбаны өшіру жайлы қолқа салғандар ірі көлемде ақша ұсынып, қорқытып-үркітуге тырысқанын, бірақ оған көнбегенін айтады. Бұл азаматтық істі Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы аудандық соты судьясы Расул Қарағаев қарайды. Соттың баспасөз хатшысы Азаттыққа ресми процесс әлі басталмағанын айтты.
Ал Қарағанды қаласындағы Октябрь аудандық соты азаматтық белсенді Айдар Мүбәраков пен шағым иесі "Ар-Бедел" қорын медиация жолымен бітістірмек болды. Бірақ тараптар келіспегендіктен сот өндірісіне алынған бұл іс 8 желтоқсанда жалғасады.
"БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ ҚҰРАЛЫ"
Нұрсұлтан Тастаев өзін "Ар-Бедел" қоғамдық қоры сотқа бергенінен мүлде бейхабар болғанын айтады. 18 қарашада оған Сарыарқа аудандық сотының хатшысы "бірнеше сағаттан кейін сотыңыз болады" деп хабарласқан.
– Қандай сот, не сот, ешкім ескерткен жоқ, іспен таныспағанымды айтып едім, "сізге хабарлама жібергенбіз, сағат 15:00-де сот" деп қысқа қайырды. Сот емес, алдын ала тыңдау өтті. Азаматтық әрі ашық процесс болған соң оны фото мен видеоға түсірмек болғам, бірақ арыз иесі мен судья қарсы болды. Содан кейін судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыруын талап еттім, – дейді белсенді Азаттыққа. Сот оның талабын орындаудан бас тартқан.
Нұрсұлтан Тастаев Қазақстанға қоғамдық-саяси түбегейлі өзгерістер қажетін айтып, 2018 жылдан бері елдегі түрлі наразылық шараларына қатысып жүр. Содан бері билік оған бір рет айыппұл салып, тоғыз рет әкімшілік қамауға алған. Тастаев наразылық акциясы өтетін күні өзін полиция аңдып, ұстап әкететініне әбден еті үйренгенін айтады. "Бұл сот та қудалаудың бір түрі" дейді белсенді.
– Маған тағылған айыппен келіспеймін. Жазбаларымды да өшірмеймін. Назарбаевтың миллионер екені де, елдің тоналып жатқаны да рас. Және оны жауапқа тарта алмайтынымыз да өтірік емес, себебі тұңғыш президентті қорғайтын заң шығарып алды, қай сөзім жалған? Іске қатысты кеңесіп, іс материалдарымен танысқан адвокаттың сөзінше, менің ісім Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("тыйым салынған ұйым жұмысына қатысу") жауапқа тартылып жатқан белсенділердің ісінен айнымайды. Кейінгі бірнеше айда Еуропа одағы біздегі адам құқығы жайын жіті қадағалап, осы 405-бапқа байланысты сынап жатыр ғой. Сондықтан билік енді бұл баппен айып тағылғандар санын азайтып, оның орнына белсенділерге қарсы азаматтық іс қозғап, қудалауға кіріскен секілді, – дейді Нұрсұлтан Тастаев.
"ПІКІР АЙТҚАНЫМ ҮШІН ЖАЗЫҚТЫ ҚЫЛМАҚ"
Дәл осыған ұқсас тағы бір процесс қазір Ақмола облысы Ерейментау аудандық сотында да өтіп жатыр. Олжабай батыр ауылында тұратын 46 жастағы белсенді Айжан Әкішеваны да "Ар-Бедел" қоры сотқа берген.
– Әкішева ханым Facebook-тегі парақшасына "Алға, ДВК!" ("Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы – ред.) деп жазады. Ал елімізде ҚДТ экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынғанын білеміз. Ол "ертең мейрам, ертең той, төбелес шығарамыз ғой. Елбасымызды құттықтамай болмас. Сыйыңыз дайын ба?" деп жазады. Ары қарай Назарбаев жөнінде "ауысып көрмеген диктатор, бір жыл бұрын тиран…" дейді, ал біз тәуелсіз мемлекетпіз, конституциямыз, заңдарымыз, президент, депутаттар барын білеміз. Қайдағы диктатор? Бұған қоса "Біз еркін әрі әділетті елде өмір сүрер едік, олай болғаны жаман ба?" деп жазған, яғни ол еліміз еркін емес әрі әділетсіз деп санайды. "Назарбаев режиміне қарсымыз" дейді, бірақ қазір президент Тоқаев екені мәлім, қайдағы "Назарбаев режимін" айтып отыр? Бұл оның парақшасындағы елге іріткі салып, митингіге үндейтін жазбалардың кейбірі ғана, ал негізі онда мұндай пост жетіп артылады, осыдан соң елде не болады? Үнемі митингілер өтеді, жұрт не үшін шыққанын өзі де білмей қалады, – дейді "Ар-Бедел" қоры заңгері Альбина Бақтиярқызы.
Белсенді Айжан Әкішева бұл айтылғанмен келіспейді. "Заң бұзуға я көтеріліске шақырған жоқпын, тек өз пікір-көзқарасымды ғана жаздым" дейді ол.
– Бұл – саяси астары бар іс деп санаймын. Әлеуметтік желіде түрлі пікір көп, соның ішінде билікті сынаған жазбалар аз емес. Бұл – менің пікірім. Сол үшін жазықты қылғысы келеді, олай болса барлығын [жауапқа] тартсын, – дейді Әкішева Азаттыққа.
Айжан Әкішева 2019 жылы әлеуметтік желіде пікірін ашық жаза бастағанын, сол жылы 6 шілдеде наразылық акциясына қатыспақшы болғанда үйіне жергілікті әкімдік өкілдері мен учаскелік полиция келіп, шараға бармауға үгіттегенін айтады.
– Елдің бәрінің несие қарызы бар, тоқтаусыз қымбаттап жатқаны мынау. Содан кейін [белсенді] Дулат Ағаділдің қазасы – осының барлығы наразылығымды оятты, – дейді ол.
Ауылды жерде тұратын белсенді отбасына қысым жасалатынын, күйеуіне жұмыс берушісі ескерту жасағанын да айтады. Үй-іші де "тыныш жүруін" өтініпті. "Бірақ көріп тұрып қалай үнсіз отырам?" дейді Айжан Әкішева.
"БИЛІКТІҢ АБЫРОЙЫН ҚОРҒАЙТЫН ҰЙЫМ"
2020 жылы күзде құрылған "Ар-Бедел" қоғамдық қоры негізгі бағыты – заң кеңесін беру, азаматтардың конституциялық құқығы мен еркіндігін, ар-намысы мен беделіне нұқсан келмеуін қамтамасыз ету, кибербуллинг сияқты желідегі заңсыз әрекеттерге қарсы тұру екенін айтады.
"Ар-Бедел" қоры құрылған сәттен бері билікті "абыройына нұқсан келтіргендерді" анықтап, жауапқа тартуды көздеген белсенді қарекетімен көзге түскен. Осы кезге дейін қор оннан астам адамның үстінен сотқа шағым түсіріп үлгерген.
Былтыр 15 қазанда Алматы облысында тұратын белсенді Серік Құлмырза әлеуметтік желідегі парақшасында орыс тілінде "Казахстан это большая зона – НурЛаг! Пахан зоны Назарбаев!" ("Қазақстан – НұрЛаг атты үлкен түрме. Оның басшысы – Назарбаев") деген жазба қалдырған. Арада төрт ай өткенде "Ар-Бедел" қоры жазбаның авторын, оған репост жасаған және "негатив" пікір жазған тағы бірнеше адамды – бас-аяғы тоғыз азаматты сотқа берген.
"Жауапкерлер таратқан жазбаның мазмұнынан, адамның ар-намысы мен адамгершілікті қорлайтынын, қоғам, мемлекет пен Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасын сыйламайтынын; құқық бұзушылық, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырып… жалған диффамация арқылы Елбасының ғана емес, Қазақстанның өзге де азаматтарының ар-намысына тиетін, интернет-қудалау (кибербуллинг), яғни қазіргі коммуникация құралдары арқылы әдейі жасалған диффамацияны көруге болады" делінген сотқа түсірген арызда.
2021 жылы маусым айында Алматы облысы Қарасай аудандық соты "Ар-Беделді" іске қатысты лайықты жәбірленуші емес деп, арызын қанағаттандырмаған еді. Бірақ кейін апелляция соты бұл шешімнің күшін жойып, "Ар-Бедел" шағымын толық қанағаттандырды. Заңды күшіне енген сот шешіміне сәйкес белсенділер желідегі жазбаны жойды.
Қор "Қазақстанның тұңғыш президенті мен мемлекеттік аппараттың абырой-беделіне нұқсан келтірді" деп сотқа шағым бергендердің арасында Өскемен қаласының тұрғыны Жұлдызай Форт та бар.
Биыл маусым айында "Ар-Бедел" қорының назарына Шығыс Қазақстан облысында 2019 жылы ашылған "Абай арена" атты ірі спорт кешені бюджет қаржысына қалай салынғаны туралы журналистік зерттеу қорытындысы баяндалған мақала мен видео жариялаған Exclusive.kz басылымы ілікті. Материалда кешенді бұрын тұрғын үй ғана салып жүрген компания тұрғызғаны жазылған.
Exclusive.kz материалында құрылыс барысында шығынның 18 миллиард теңгеден 27 миллиард теңгеге өсуіне еш негіз болмағаны, бұл күмәнді іс-әрекеттің артында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов тұруы мүмкін деген болжам айтылады.
Арада үш күн өткенде "Ар-Бедел" қоғамдық қоры Exclusive.kz басылымына сотқа дейінгі ескерту хат жолдаған. Қор аталған материалдарда облысы әкімі мен әкімдігінің "абырой-беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын теріс ақпарат барын" айтып, оны терістеуді талап еткен.
– Біріншіден, ескерту хатының мәні түсініксіз. Себебі, олар жіберген 54 құжатта нақты ненің жалған екені жазылмаған. Ақыр соңында бұл іс сотқа жеткен жоқ, мақала сол қалпы сайтта тұр. Бірақ Youtube-тегі видеоға үш рет шағым түсіп, Youtube оны өшіріп тастады, – дейді Exclusive.kz сайты редакторы Қарлығаш Еженова.
Бұл мәселеге байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі де, әкім Даниал Ахметов та түсініктеме берген жоқ, Азаттық сауалына да жауап келмеді.
"ӘРКІМ ЖЕЛІДЕГІ СӨЗІ ҮШІН ЖАУАП БЕРУІ КЕРЕК"
Азаттық тілшісі сөйлескен "Ар-Бедел" қорының адвокаты Альбина Бақтиярқызы ұйым әлеуметтік желідегі кибербуллингті, қолданушылардың бір-бірін балағаттап, жалған ақпарат таратуын тоқтату мақсатында жұмыс істейтінін айтады. Қор өкілі "ұйым тек белсенділерді қудалайды" дегенмен келіспейді.
– Біз сотқа шағым түсірмес бұрын әлеуметтік желіде мониторинг жасап, заң бұзу болғанын анықтаймыз. Жазбаларды сарапқа береміз. Сарапшылар тиісті қорытынды жасайды. Егер күдігіміз расталса, сотқа шағым түсіреміз. Сондықтан белсенділердің "бізді қудалап жатыр" деуі – негізсіз. Біз ең алдымен өз құқығымызды, екіншіден барлық қазақстандықтардың құқығын қорғап отырмыз, – дейді адвокат.
Қазақстан конституциясы азаматтардың сөз бостандығына, ой-пікірін еркін білдіруіне, бейбіт митинг, жиынға қатысуына кепілдік береді. Әйткенмен "Ар-Бедел" қорының заңгері оны өзінше түсіндіреді.
– Иә, бізде сөз бостандығы бар, ол заңда көрсетілген. Бірақ сөз бостандығы дегеніңіз өзгені балағаттау, кемсіту, митингіге шақыру емес. Себебі конституциямыздың 20-бабында сөз бостандығы мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі, соғысты насихаттамауы керегі, яғни елде бейберекетке жол бермеу, митингіге шақырмау керегі айтылған. Ал олардың көбі мұны түсінбейді, "митингіге шығайық" деп жаза береді, – дейді Альбина Бақтиярқызы.
"БИЛІКТІ СЫНАУ – НОРМА"
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина интернеттегі буллинг я өзге де шабуылдарды тоқтатумен емес, билікті сынап жүрген белсенділердің сөзінен ілік іздеп, сотқа сүйрелеген іс-әрекетімен көзге түсіп жүрген "Ар-Бедел" қоры биліктің тапсырысын орындайды деп бағалайды.
– Соттарға түсіп жатқан бұл арыздардың тапсырыс екені айқын байқалады. Меніңше, бұл өзгеше ойлайтындарды қудалаудың кезекті амалы. Белсенділер жазбасы "президенттің ар-намысына тиді" дейтін айыпқа негіз бола алмайды. Авторитар жүйе орнаған мемлекетте тұратынымызды ескерсек, мұндай сыни пікір айту норма екенін түсінуіміз керек. Себебі үкіметке сұрақ көп, ал оған жауап жоқ. Егер азаматтық қоғам қазіргіден батылырақ әрі ұйымшыл болғанда дәл осындай жағдайда революцияға ұласар еді. Азаматтық қоғам әлсіз болғандықтан бар наразылығын әлеуметтік желі арқылы білдіріп отыр, – дейді Төреғожина.
"ЕЛБАСЫ МЕН ПРЕЗИДЕНТТІ ҚОРЛАУ"
Қазақстан қылмыстық кодексінде "Тұңғыш президент – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық, бейнесін бүлдіру, заңды қызметіне кедергі жасау" (373-бап), "Қазақстан президентiнiң абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және оның қызметiне кедергi жасау" (375-бап) қылмыс болып саналатыны жазылған. Сарапшылар мұндай баптардың болуы барлық азаматтардың құқы тең деген конституция нормасына қайшы дейді. Құқық қорғаушылар бұл авторитар жүйе орнаған мемлекетке тән жағдай деп санайды.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрғанда кемі алты адам "оның қадір-қасиетіне қол сұқты" деген айыппен істі болған. Алғашқысы – диссидент Кәрішал Асанов (1935-2015) еді. Ол 1992 жылы сот үкімімен бір жылға бостандығынан айрылып, мемлекет тәуелсіздігінің бір жылдығына орай рақымшылыққа ілінген.
Назарбаевтың ар-намысына тіл тигізу бабы бойынша түрмеде отырып шыққан алғашқы адам – жұмысшылар қозғалысының жетекшісі Мәдел Исмаилов.
Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президенттіктен кеткен соң қылмыстық кодекстің 373-бабы бойынша жауапқа тартылған алғашқы адам – Қарағанды тұрғыны Арман Хасенов. Экс-президентті сынап әрі балағаттаған видеосы үшін былтыр жазда сот оның бостандығын үш жылға шектеген.
ПІКІРЛЕР