Орталық Азиядағы кейбір жасанды үкіметтік емес ұйымдар (GONGO, Government-Organized Non-Governmental Organization – үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен (ЕҚЫҰ) әріптестік байланыс орнатқан азаматтық қоғамның шынайы белсенділерінің коалициясы құрамына енуге тырысады.
Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының мәліметінше, биылғы жылы Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның адам құқығы өлшемдері (HDIM) туралы дәстүрлі конференциясына 2016 жылдан бастап қатары көбейген тәжікстандық ГОНГО ұйымдарының көп өкілі қатысқан. Олар осы жиынға Душанбедегі биліктің өктемдігіне халықаралық қауымдастықтың назарын аудару үшін барған қуғындағы тәжік құқық қорғаушыларына қоқан-лоқы жасаған дейді HWR.
Варшавадағы кеңесте Ресей билігі қолдайтын ГОНГО өкілдері Кремльдің Қырымдағы саяси мүддесін қорғап сөйлеп, Украинаның ресми делегациясымен салғыласқан. Украина делегациясы бұған наразылық білдіріп, жиыннан кетіп қалды.
- ГОНГО - үкімет құрған жалған үкіметтік емес ұйым, - дейді Мәскеудегі адам құқығы және демократияны дамыту тәуелсіз орталығының жетекшісі Юрий Джибладзе.
"Үкіметтен қаржылай қолдау алатын, кейде биліктің өзі құратын ГОНГО режимді мақтап, шынайы үкіметтік емес ұйымдардың резонанс тудырған мәлімдемелерінен назарды басқаға бұрып, уақыт созумен айналысады" деген АҚШ Хельсинки комитеті соңғы жылдары ЕҚЫҰ жиындарында ГОНГО өкілдерінің көбейіп бара жатқанын айтады.
АҚШ үкіметтік агенттігінің сөзінше, Ресей мен Әзербайжаннан келген ықтимал ГОНГО өкілдері әсіресе ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары жөніндегі шаралары кезінде белсенділік танытып жүр.
ТӘУЕЛСІЗ БЕЛСЕНДІЛЕР БИЛІКШІЛ ҰЙЫМДАРМЕН КҮРЕСЕТІН АЛАҢ
Негізі Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясы азаматтық белсенділердің өз елдерінде бұзылып отырған адам құқығының жағдайын үкімет және халықаралық ұйымдармен тікелей талқылайтын алаң ретінде жұмыс істейді.
Бірақ постсоветтік елдерден келген нағыз құқық қорғаушыларға халықаралық жиынға айтуға келген мәселені көпшілікке жеткізу үшін ГОНГО таратқан жалған ақпарат пен бұрмалауға қарсы күресуге тура келеді.
Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның жетекшісі, белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис Варшавада жыл сайын өтетін конференцияны жиырма жылға жуық уақыттан бері бақылап келеді. Ол осы уақыт ішінде Орталық Азиядағы Түркіменстаннан (бұл ел ресми делегациясын жиынға жібермейді) басқа елдердің барлығынан ЕҚЫҰ-ның дәстүрлі кеңесіне билікшіл ұйымдар да қатысқанын айтады. Жовтистің пікірінше, мемлекеттік құрылымдарға жақын ұйымдарды анықтау қиын емес: олар үнемі ресми делегацияның соңынан "тауыққа ілескен балапандай" бірге еріп жүреді.
- Біздің (Қазақстанның) үкімет жиынға үндемей, тек монтиып қана отыратын ұйымдарды ешқашан апарған емес. Қазақстандық билікке жақын үкіметтік емес ұйымдар өз міндеттерін белсенді түрде орындайтын – үкіметтік емес ұйымдарға "тойтарыс" беріп, олардың сөзін жоққа шығаратын немесе "барлығы жақсы", ал бұлар "жала жауып отыр" я "бұрмаланған ақпарат берді" деген мәлімдемелер жасайтын, - дейді Жовтис.
Варшавадағы конференцияда Қазақстаннан барған тәуелсіз құқық қорғаушылар мен билікшіл үкіметтік емес ұйымдардың арасында қызу әрі ұзаққа созылған пікірталас болған жоқ, соңғы он жылда негізгі тартыс Таулы Қарабақ мәселесіне байланысты Армения мен Әзербайжан арасында, сонымен бірге бес жылдан бері Ресей мен Украина арасында жалғасып келеді дейді қазақстандық құқық қорғаушы. Әйткенмен Қазақстаннан келген делегациялар арасында дау туғызған мәселелер болған деп еске алады ол. Мысалы, 2011 жылы Қазақстан қабылдаған діни бірлестіктер туралы заң (халықаралық ұйымдар азаматтардың дін еркіндігін шектейді деп тапқан) әлгіндей пікірталасқа себеп болған. Құқық қорғаушылар заңды сынға алса, үкіметті жақтайтын ұйым өкілдері оны мақтаған. 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасынан (мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан ереуілін билік қарудың күшімен басқан) кейін ЕҚЫҰ жиынына Қазақстаннан барған өкілдер "режимді қорғауға ерекше құлшыныс танытқан еді" деп еске алады Евгений Жовтис.
- Билікті қорғайтын ұйымдарды ертіп баруы ол мемлекеттің азаматтық қоғамды басқаруға және біреуін екіншісіне қарсы қоюға тырысатынын білдіреді. Саяси тұрғыдан ешқашан жеңіс әкелмейтін ондай іспен айналысудың қажеті жоқ. Бұл режимге еш опа бермейді. [Билік] транзиті кезінде билікке ондай қадамға бармауға кеңес берген болар едім, - дейді Жовтис.
HRW ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлов Варшавадағы ЕҚЫҰ-ның жақында өткен жиынына қатысқан кезде ГОНГО өкілдерінің көп болғанын айтады. Оның пікірінше, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің қатарында Түркіменстан, Тәжікстан, Қазақстан, Әзербайжан, Түркия мен Ресей сынды авторитарлық мемлекеттер аз емес және авторитарлық режимдер ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары өлшемдері кеңесін мақсатына пайдалануды меңгергенін байқатып отыр.
- Кейбір ГОНГО өкілдері сол жиынға қатысатынын біліп келген белсенділерге табандылықпен қарсыласып бақты. Бірақ постсоветтік кеңістіктің басқа аймақтарында біз ол елдерде азаматтық қоғам бар деп көрсету мақсатымен бос орынды толтыру үшін ғана құрылған, ешқандай пікір айтпайтын ГОНГО-ларды да көріп жүрміз, - дейді Стив Свердлов.
- Олар долылыққа салынып сын айтпайды. Кейде олардың қатарында ЕҚЫҰ-на мүше кей елдердің үкіметтері өз мүддесіне пайдаланатын қарапайым адамдар жүреді, олар жиынға қатысып, үндемей отырып қайтады, - дейді ол.
ГОНГО ШЫҒАРҒАН АЙҒАЙ-ШУ
Қыркүйектің 16-сына Ресей аннексиялаған Қырым түбегіндегі баспасөз бостандығы жайлы отырыста кремльшіл ГОНГО өкілдері тып-тыныш отыра салған жоқ.
Варшавадағы шарада Қырым заңгерлері, журналистері мен құқық қорғаушылары сөйлеген еді. Олардың кейбірі Ресейге опасыздық жасады немесе терроризммен шұғылданды деп айыпталып қуғынға түскендер, не болмаса Қырымнан кетуге мәжбүр болғандар.
Бірақ Ресейдің (ЕҚЫҰ-ға қатысушы 57 елдің бірі) кремльшіл журналистері мен ГОНГО өкілдері трольдері күн тәртібін толтырып тастады. ГОНГО-ның кремльшіл спикерлері отырыс кезінде өздерін "Ресей Қырымынан" келгендер ретінде таныстырды.
Бұл жайтқа қатты шамданған Украинаның үкімет делегациясы ЕҚЫҰ Қырымды аннексиялап алған Ресей әрекетін заңсыз деп санайтынын және Қырымды Украина аумағы деп мойындайтынын мәлімдеді.
Алайда ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы бойынша аға кеңесшісі Андрей Рихтер Киевтен келген делегаттардың шағымын қайтарып тастады. "Бұл шараның ой-пікір еркіндігіне арналғанын" айтқан Рихтер Мәскеудің ресми ұстанымын қолдайтын кремльшіл ГОНГО өкілдеріне әрі қарай сөздерін жалғастыруға мүмкіндік берді.
Кремльшіл ГОНГО өкілдерінің айтуынша, қазір Қырым түбегін бақылап отырған Ресей билігі тарапынан ешқандай қысым болмаған. Олар Қырымның аннексиясын да, Ресей қарулы күштерінің бақылауымен асығыс өткізілген рефрендумды да заңды деп санайды.
– Қырым тұрғындары өз ойларын еркін білдірді… Қырымның Ресейге тиесілі екенін мойындамау - әлем саясатын тығырыққа тірейді, – деп сөйледі Қырымдағы Ресей мемлекеттік баспасөзінің журналисі Людмила Радева.
Ол "П. Хилендерский атындағы аймақтық бұлғар ұлттық мәдени автономиясы" үкіметттік емес ұйымының белсендісі ретінде тіркелген.
Түбекті Ресей қарулы күштері басып алғаннан кейін "Крым.SOS" деп аталатын ұйымның құрылтайшыларының бірі болған құқық қорғаушы Тамила Ташева ресейлік ГОНГО өкілдерімен айтыса кетті. Ол Қырымды аннексиялағаннан кейін жұмысын тастап қашуға мәжбүр болған журналистердің, тіпті тұтастай редакциялардың ұзыннан ұзақ тізімін мысалға келтірді.
Ташева мұнан өзге Қырым аннексияланғаннан кейін жасаған репортаждары үшін сотталған немесе Қырымнан қуылған ондаған журналистер бар екенін айтты. Оның ішінде Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Николай Семен да бар.
– Қазіргі уақытта шынайы ақпарат тарататын жалғы дереккөз – азаматтық журналистер, яғни Қырым түбегінде не болып жатқанын әлеуметтік желі арқылы айтып отырған адамдар болып қалды, – деді Ташева.
Оның сөзінше, мұндай блогерлерді Ресей күш құрылымдары "террорист" деп санайды, олардың кейбіріне 20 жылға дейін түрмеге қамалу қаупі төніп тұр.
Кремльшіл ГОНГО Ташеваның өзіне және оның Қырым түбегіндегі адам құқығы жайлы ақпарат жариялап, Варшавадағы Адам құқығы бойынша Хельсинки қорының жобаларымен жұмыс істеп отырған "Крым.SOS" деп аталатын ұйымына дүрсе қоя берді.
– "Крым.SOS"» жобасының журналистері Ресейде тыйым салынған террористік ұйымның мүшелері, оларды журналистік қызметіне бола қуғындап отырған жоқ, – деп мәлімдеді Ресейге бағынышты "Крымская газетаның" редакторы Мария Волконская.
Волконскаяның сөзі Украина үкіметтік ұйымының шыдамын біржола тауысты. Олар қарсылық белгісі ретінде залды тастап шығып, "кремльшіл ГОНГО ЕҚЫҰ-ның адам құқығы бойынша конференциясын Ресейдің Қырымды басып алуын заңдастыруға арналған алаң ретінде пайдалануға тырысып отыр" деп ресми шағым түсіріп кетті.
Оған жауап ретінде Ресей үкіметінің делегаты Кирил Игнатов "ЕҚЫҰ мінбері Ресей Федерациясының аумақтық тұтастығына қол сұғу үшін" пайдаланылып жүр деп мәлімдеді.
ФАКТІМЕН СӨЙЛЕУ
Ресей басып алған Қырым түбегіндегі бұқаралық ақпарат құралдарын бақылау бойынша өтетін ЕҚЫҰ шарасында кремльшіл ГОНГО өкілдерінің толып отыратыны кезі бір бұл ғана емес. 2017 жылы маусымда өткен БАҚ бостандығы бойынша ЕҚЫҰ шарасына АҚШ миссиясы ГОНГО әрекеттерінің үстінен шағым түсірген болатын.
"Бұл жағдайға АҚШ алаңдайды, бірақ таңғалмайды. Конференцияны өз мақсатына тиімді пайдалану орнына кейбір қатысушы-мемлекеттер залды суррогаттармен және жасанды тұлғалармен толтыруға тырысады, сірә өзгелердің дауыстарын басып тастап, маңызды диалог жүргізуге кедергі жасағысы келетін болса керек" деп мәлімдеді шағымда АҚШ-тың ЕҚЫҰ жанындағы миссиясының қоғаммен байланыс бойынша кеңесшісі Джонатан Лалли.
Ол сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі мәселесінде, соның ішінде "Ресей басып алған Қырым мәселесіне келгенде "фактілерге сүйенудің" өте маңызды екенін айта келе, "халықаралық қоғамдастық Қырым түбегін Украинаның ажырамас бөлігі" деп санайтынын еске сала кетті.
– Ресейдің көршілес Украина аумағын басып алғаны – факті. Бұл әрекетке қарсылық білдірген адамдардың саяси себептермен қысымға түскені, ұрланғаны, жоғалып кеткені, психиатриялық ауруханаға күшпен жатқызылғаны – факті. Тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамды үн шығармауға мәжбүрлегені де – факт, – деді Лалли.
"ҚАРСЫЛАСТАРДЫҢ ДАУЫСЫН БАСЫП ТАСТАУ"
2016 жылы сәуір айында Лондонның Chatham House сараптама орталығы жүргізген зерттеу Кремль Украинадағы "сарғылт революциядан" кейін өзінің сыртқы саяси мақсаттарын қолдау үшін алуан түрлі жалған топтар құрғанын көрсетті.
Зерттеуге қарағанда, ресейлік ГОНГО "әсіресе, Батысқа жақындасқысы келетін Украина, Грузия, Молдова, Армения секілді елдерде ерекше белсенділік көрсетеді. Олар 2015 жылы Қырғызстан Еуразия экономикалық одағының мүшесі болғалы Қырғызстанда да көбейген".
Chatham House ресейлік ГОНГО мемлекеттік әкімшілік ресурстармен және күштік құрылымдармен, Орыс православ шіркеуімен, Кремль олигархтарымен, Ресей бұқаралық мәдениетімен және Ресей мемлекеттік ақпарат құралдарымен жымдасып, үйлесе отырып бұрынғы советтік республикалардағы "саяси өзгерістер мен азаматтық қоғамға айтарлықтай залал келтіруі мүмкін" деген қорытындыға келген.
2016 жылы қыркүйек айында ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ миссиясының сол кездегі жетекшісі Даниель Байер "ЕҚЫҰ адам құқығы бойынша жыл сайын өткізетін конференция біртіндеп ГОНГО-ға тола бастағанын" жазған еді.
– Шынайы азаматтық қоғамның сынына жібі түзу жауап қатуға жарамайтын "қуғын-сүргін режимдері" өздерінің саясатынан жұрт назарын аударып әкететін жалған ұйым құруға болады деп санады, – деп жазады Байер.
– Соның нәтижесінде ЕҚЫҰ пленарлық отырыстарын ГОНГО өкілдері басып қалды да, шынайы азаматтық қоғам ұйымдарына бөлінетін уақыт қысқара берді, – дейді Байер.
Дипломаттың айтуынша, шынайы азаматтық қоғам ұйымдарының бетпердесін киген ГОНГО, билікшіл ақпарат құралдарымен ынтымақтасып, жалған ақпарат таратады, сөйтіп авторитарлық режимдерге жәрдемдесумен шұғылданады.
– Бір сөзбен айтқанда, ГОНГО – авторитарлық режимдер Twitter арқылы жіберетін трольдердің интернет армиясына айырмасы жоқ деуге болады. Олар да сондай әдіс қолданады, яғни шу-шұрқан шығарып, қорқытып-үркіту арқылы қарсыластарының дауыстарын басып тастаумен шұғылданады, – деді ол.
Мақаланы дайындауға Алиса Вальсамаки қатысты.
ПІКІРЛЕР