Accessibility links

Ауған әйелдерінің құқығы жайлы жарлық шығарған тәліптер білім туралы айтпады


Білім алуға, жұмыс істеу рұқсат етуді тәліп билігінен талап етіп тұрған ауған қыздары мен әйелдері.
Білім алуға, жұмыс істеу рұқсат етуді тәліп билігінен талап етіп тұрған ауған қыздары мен әйелдері.

Ауғанстан билігіне келген "Талибан" қозғалысы әйелдер құқығы туралы жарлық шығарды.

Бұл құжатта ауған қоғамының жетекшілерін – молдалар мен ақсақалдарды әйелдер құқығын қорғау үшін шара қолдануға шақырған. Бұл жарлық бойынша, ауған қыздары мен жесірлерін күйеуге мәжбүрлеп шығаруға болмайды. Жесір әйел қайтадан күйеуге шықса жаңа күйеуінен мүлік алуға құқылы.

"Әйел — меншік зат емес, еркін адам",— дейді құжатта.

Ауғанстанның қажылық істері министрлігі мен ақпарат министрлігіне әйел құқығын насихаттау тапсырылды. Жоғарғы сот судьяларға әйелдер петициясын қарауға нұсқау беруге тиіс.

Құжаттта кәмелетке толмаған қыздардың некесі, әйелдердің еңбек етуі, білім алуы туралы айтылмаған. Бұл мәселелер құқық қорғаушылардың алаңдаушылығын туғызып отыр.

Биыл тамыз айында АҚШ әскері шыға бастағанда Ауғанстан билігін басып алған тәліптер қатаң шектеулер жариялады, оның көпшілігі қыздар мен әйелдерге байланысты еді. Әйелдердің білім алуына, спортпен шұғылдануына тыйым салып, никаб киюге міндеттеді.

Эфирге шығатын журналист қыз-келіншектерге хиджаб киюді тиіс. Олар мұнан былай халық көп шоғырланған жерге барып, оқиға орнынан репортаж жасай алмайды.

1996-2001 жылдары билікте болған кезеңде "Талибан" шариаттың қатаң тәртіптерін орнатқан. Қазір олар адам құқығын сақтайтынын мәлімдесе де көптеген ауғандар сенбейтіні байқалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG