Accessibility links

Ақтөбенің тағы екі ауылында мал ауруы тарады. Ветеринария аусыл туралы болжамды жоққа шығарды


Ірі қара мал. Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы 23 қараша 2021 жыл.
Ірі қара мал. Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы 23 қараша 2021 жыл.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Қопа, Тамды ауылдарында да ірі қара жаппай ауыра бастады. Ауру белгілері бір-біріне ұқсас. Сиыр малының аузынан ақ көбік ағып, жем-шөптен тыйылып қалады. Күн суытқанша өрісте жүріп, қоң жинаған мал шетінен арықтай бастаған. Шаруалар "ветеринар дәрігерлер келмегендіктен малдарды өз бетімізше емдеуге тырыстық" дейді. Ал жергілікті билік шаруалардың "мал дәрігерлерін күтпей, дүрбелең тудырғанын", аурудың аусыл емес екенін алға тартады.

Қараша айының соңында Ақтөбедегі бірқатар ауыл тұрғындары мал ауруына шағымданған кезде жергілікті ветеринария басқармасы ірі қараның аусылмен ауырғанын жоққа шығарған еді. Жергілікті билік Қопа және Тамды ауылында да аусыл тарағаны туралы болжамды жоққа шығарады.

Бірақ соған қарамастан Қопа және Тамды ауылында тұрғындардың сөзінше, фермерлер жергілікті ветеринарлар нұсқауымен сау малына аусылдың алдын алатын вакцина сала бастаған.

- Сиырларымның ауырғанына бүгін екінші тәулік болды. Ветеринар шақырғанмын. Келмеді. Диагнозды телефонмен қоя салды. Айтуынша, сиырлар стоматит жұқтырған. Қопаның халқы ауру малға өз білгенінше түрлі ем жасап жатыр. Малы ауырмағандар ветеринарлардың айтуымен Ақтөбеден аусылдың алатын алатын вакцина әкеліп, сиырларын еге бастады. Ол вакцина бір апта бұрын 4 мыңнан еді. Сұраныс көбейгесін 10 мың теңге болып қымбаттап кеткен, - дейді Қопа ауылының тұрғыны Дамир Ысқақов.

Қопадан үш шақырым жердегі Тамды ауылының сиырлары осыдан екі апта бұрын ауыра бастаған. Тұрғындар ауылдағы ахуалды аудан орталығы Хромтауға, облыс орталығы Ақтөбеге хабарлаған. Бірақ ауданнан да, облыстан да әзірше хабар болмаған.

- Ауру малға өз бетімізше антибиотик сала бастадық. Күйіс қайырмай қалған сиырлар дәрінің күші қайтқанша жем-шөп жейді де сәлден соң қайта жатып қалады. Ветеринарлар стоматит деп отыр. Бірақ сиырлардың ақсай бастағанына қарап, аусыл ма деп отырмыз. Білуімізше, стоматит жұқтырған мал ақсамайды. Қолымызда лабораторияның қағазы жоқ. Өйткені, екі аптадан бері ауру малдан қан алынбады, - дейді Хромтау ауданындағы Тамды ауылының тұрғыны Дамир Самидуллин.

Хромтау ауданының Қопа мен Тамды ауылдарында әзірше мал шығыны болмаған. Ал Алға ауданы Қарағаш ауылындағы «Бес ата» шаруа қожалығының екі бас сиыры арам өлген.

Ақтөбе әкімдігі сәрсенбі күні Хромтау ауданындағы Қопа, Тамды ауылдарына мал дәрігерлерін жіберетінін хабарлады.

Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, жоғарыда аталған екі ауылда малдардың ауырып жатқаны туралы хабар 7 желтоқсанда түскен. Ол шаруалардың "ветеринар дәрігерлерді күтпей, өз бетінше емдегенін" алға тартады.

– Жануарлардың ауыз қуысынан сілекей ағу мен ақсау сияқты клиникалық белгілер байқалған. Мал иелері ветеринарлық дәрігерлерді күтпей, дүрбелең тудырып, басқа адамдардың кеңестеріне құлақ асып, өздерінше диагноз қойып, вирусқа қарсы препараттарды сатып алып, малдарын өз еркімен емдеген. 8 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласындағы "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына" жіберу мақсатында қан мен сілекей сынамаларын алу үшін ветеринария басқармасының және ветеринариялық станцияның ветеринариялық мамандары шықты, – деді басқарма басшысы. Оның айтуынша, малдарға инфекциялық ринотрахеит диагнозы қойылған.

Ақтөбе әкімдігі бұған дейін Алға ауданындағы ірі қара індетін «жұқпалы ринотрахеит» деп атап, аусыл тіркелмегенін хабарлаған. Осыған дейін сиырлары ринотрахеит жұқтырған Бестамақ ауылында шектеу және сауықтыру шаралары енгізілген болатын. Әкімдік Алғаның Қарағаш ауылына да шектеу енгізу үшін құжат әзірлеп жатқанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG