Oyan, Qazaqstan қозғалысының төрт белсендісінің телефонына Pegasus тыңшылық бағдарламасы орнатылған. Бұл жөнінде 9 желтоқсанда халықаралық Amnesty International ұйымы хабарлады.
Ұйым қазақстандық тоғыз құқық қорғаушының телефонына сот-медициналық сараптама жүргізіп, төртеуінікіне телефонды тыңдауға мүмкіндік беретін "вирус" жұққаны расталғанын айтады. Телефоны "тыңдалған" Тамина Оспанова, Димаш Әлжанов, Дархан Шәріпов және Айзат Әбісейіт – Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының белсенділері. Олар Инстаграмда "сатиралық сипатта жазылған жазбалары үшін" қылмыстық қудалауға ілінген Темірлан Еңсебектің достары деп жазды ұйым.
Белсенділердің телефондарына зиянды бағдарлама биыл 3 және 5 маусым аралығында орнатылған. Тыңшылық кампаниясы кемінде шілдеге дейін жалғасқан.
Ақпаратқа қарағанда, кейбір белсенділер сол кезде Apple компаниясынан "мемлекет қаржыландыруы мүмкін хакерлердің шабуылына ұшырағаны" жөнінде ескерту алған. Бірақ Дархан Шәріповке мұндай хабарлама түспеген, соған қарағанда ескерту алғандар Pegasus тыңшылық бағдарламасы орнатылған құқық қорғаушылардың аз бөлігі ғана деп жазады ұйым.
"Белсенділердің [телефонын] заңсыз бұзу бұл олардың жеке өмірі ғана емес, пікір айту еркіндігі мен жиналу құқығына қол сұғу болып саналады. Қазақстан билігі мұқият әрі ашық зерттеу жүргізіп, белсенділерді аңдыған кінәлілерді жазаға тартуы тиіс" деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Мари Стратерс.
Ол сонымен бірге адам құқығына сәйкес нормативтік база жасалмайынша бүкіл әлемде тыңдау құрылғыларын пайдалану, сату және экспортына тыйым салу қажеттігін атап өткен.
Шілде айында Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP)бастаған бір топ медиа ұйым "тыңшылық бағдарламамен кибераңду" жөнінде ірі зерттеу жариялаған. Зерттеуге сәйкес, кибераңдуға қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалар (оның арасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар, болжам бойынша оның телефоны сенат спикері болып тұрған кезде тыңдалған болуы мүмкін) мен отставкаға кетсе де, саяси ықпалын жоғалтпаған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев айналасындағы адамдар ұшыраған.
"Назарбаев режимін тұтас – басынан аяғына дейін аңдығанға ұқсайды, оны сол елдің өзінің арнайы қызметі аңдыған сияқты" деп тұжырымдайды зерттеу авторлары.
Зерттеу 50 мыңнан астам телефон нөмірді қамтиды, 2 мыңы Қазақстанмен байланысты.
Қазақстанда кейбір шенеуніктер зерттеуді "дәлелсіз, интрига тудыратын ақпарат" деп атап, оның маңыздылығын төмендетуге тырысқан.
Pegasus тыңшылық бағдарламасын жасаған израильдік фирма қандай да бір заңбұзушылық болғанын жоққа шығарған. Олардың айтуынша, аталған өнім қылмыскерлер мен террористермен күрес барысында қолданылады, адам құқығы саласында беделі жақсы арнайы қызметтерге ғана берілген. Қараша айында аталған компанияны Apple сотқа берген.
ПІКІРЛЕР