Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасының жетекшісі Ақылбек Рысқалиев "пара алды" деген күдікпен ұсталды. Бұл жөнінде 10 желтоқсанда осы өңірден ақпарат тарататын "Ақжайық" басылымы хабарлады.
Басылымның жазуынша, Хаменованың үстінен "Едәуір көлемде пара алу" (Қылмыстың кодекстің 366-бабы 2-бөлімі) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 10 желтоқсанда Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша бөлімшесінде сұрақ-жауап алынған.
Басылымның жазуынша, Рысқалиев кінәсін (ол да "пара алу" бабы бойынша күдікке ілінген) бірден мойындағандықтан оны уақытша босатқан. Ал Хаменова уақытша қамау изоляторына қамалған.
Телеграмдағы "Еділов арнасы" мөр басылған "Хаменованың кабинетінің есігінің" суретін жариялады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі 10 желтоқсанда түнде ақпаратты растаған. "Қазақпарат" агенттігі ведомствоның хабарламасын жариялады.
Ақпаратқа қарағанда, Хаменова мен Рысқалиев 4,5 млн теңге көлемінде "пара алғаны" жөнінде күдікке ілінген. Бұл Атырауда орнатылуы тиіс Абай ескерткішіне бөлінген тендер қаражатынан "откат" деп айтылады. "Ақжайықтың" жазуынша, былтыр Атырауда Абай ескерткішін орнату жөнінде екі рет ұсыныс айтылып, билік мақұлдаған. Артынша тендерге дайындық басталған. Мәдениет басқармасы алғашқы траншын да өткізіп үлгерген.
Бақытгүл Хаменова 2020 жылы наурызда Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Оған дейін 6-шақырылымдағы мәжіліс депутаты болды.
2016 жылы депутат болып жүрген кезде ол астананы "Елбасы" деп атау туралы ұсыныс айтқан.
"Ақжайық" басылымының жазуынша, бұған дейін Атырау облысы әкімінің тағы екі орынбасары "пара алу" бойынша күдікке ілінген.
ПІКІРЛЕР