"Мемориал" ұйымының Ресейдің Федерациясы Карелия республикасындағы бөлімінің жетекшісі, тарихшы Юрий Дмитриев бес жыл бұрын Петрозаводск қаласындағы пәтерінде қамауға алынған. Оған асырап алған қызын суретке түсіріп, порнография материалдарын әзірледі деген айып тағылды. Тарихшы мұны жоққа шығарып, фотоны әлеуметтік қызметкерлердің өтініші бойынша қыздың дамуын бақылап отыру үшін түсіргенін айтқан.
Юрий Дмитриев Карелияда Совет диктаторы Иосиф Сталин кезіндегі саяси репрессия құрбандарын зерттеген. Ол саяси репрессияға ұшыраған кемінде 6 мың адам жерленген Сандармох зиратын тапқан.
Ісі бір соттан екіншісіне өткен Юрий Дмитриев қаңтарда 66 жасқа толады. Ол кейінгі бес жылын Петрозаводск түрмесінде өткізді. Петрозаводск соты Дмитриевтің ісін үшінші рет қайта қарамақ. 2020 жылғы қыркүйекте Юрий Дмитриев 13 жылға сотталған. Ал прокурорлар қамау мерзімін 15 жылға созғысы келеді. Дмитриевтің адвокаттары апелляцияға беру мүмкіндігі біткенін айтады.
Сот Ресей үкіметінің "Халықаралық Мемориал" және Мәскеудегі "Мемориал" адам құқықтарын қорғау орталығын жабу әрекеттерімен тұспа-тұс келді. Билік "шетел агенті" деп таныған ұйымдардың тағдыры осы аптада өтетін Жоғарғы сот пен Мәскеу сотында шешіледі.
Азаттық радиосы Орыс қызметінің "Север.Реалии" бөлімі Юрий Дмитривпен хат алмасып, сұхбат алды. Көп сұрақ жауапсыз қалғанын, оның себебі түсіндірілмеген. Сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын ұсынамыз.
Азаттық: "Мемориал" ұйымына қалай мүше болдыңыз?
Юрий Дмитриев: Ол кезде [1980 жылдардың соңында] "Мемориал" ұйымына кіргендердің көбін танитынмын. Репрессия құрбандарымен сұхбаттасып, репрессияға ұшырағандар тізімін жариялап жүрген лидерлерінің көбін білетінмін. Осындай қиын кезеңдерде ["Мемориал" белсенділері] гуманитарлық көмек таратты. Қысқаша айтқанда, өздерінің жарғысына сай жұмыс істеді. "Халықтық фронт" үкіметтік емес ұйым отырыстарында "Мемориал" көтерген мәселелерді жиі талқыладық. Шамамен бір жыл немесе 18 ай өткен соң Карелиядағы "Мемориал" белсендісі Пертти Вуориден әйелімнің атасы жайлы біліп беруін сұрадым. Сямозеро ауылынан шыққан қарапайым балықшы 1937 жылы қамауға алынған екен. Пертти оның атылғанын анықтады. Кездесулеріміздің бірінде ол "Мемориалға" мүше болуды ұсынды. Осылайша мен 1989 жылы "Мемориалға" кірдім.
Азаттық: Ол кезде не істейтін едіңіз?
Юрий Дмитриев: Бұрынғы саяси тұтқындарға көлігіммен гуманитарлық көмек тасыдым. Бірнеше рет Деревянный ауылының маңына шығып, адамдарды атқан жерлерді іздедік. Одан ештеңе шықпады. Сосын Бесовец пен Сулажгорада табылған адам сүйектерін зерттей бастадым. Екі жылдан кейін, 1991 жылғы 30 қазанда оларды Петрозаводтағы Зарецкий зиратына қайта жерледік. Осылайша "Мемориалдың" Карелиядағы бөлімі жұмыс істей бастады. Одан кейін Ресей Жоғарғы кеңес депутаты Иван Чухинмен жұмыс істей бастадым. Иван [Совет кезіндегі саяси репрессияның Карелиядағы құрбандарын тауып, құжаттандыруға бағытталған] "Естеліктер кітабын" құрастыруға көмек сұрады. Келістім, бірнеше жыл Ішкі істер министрлігі мен бұрынғы КГБ, қазіргі Федералды қауіпсіздік қызметінің мұрағаттарында жұмыс істедім. Оның алдындағы халықаралық жобалардан Падозеро ауылындағы неміс әйелдердің зиратына мемориал қойғанымызды айтуға болады. Ақырындап құжатпен де, мәйітпен де "жұмыс істеуде" біраз тәжірибе жинадым. Репрессия құрбандарын тауып, оларға азық-түлікпен немесе ақшалай көмектестік. Карелия заңдарына репрессияға ұшырағандарға көмек беруді енгізуді сұрадық. Ешкімді ұмытқан жоқпыз. Бұл шынайы көмек болатын. Совет кезеңімен салыстырғанда 90-жылдары еркіндік пен уақыт болды, архивтерді ашып, ата-бабалар туралы шындықты білуге мүмкіндік туды.
Азаттық: Қиындық қашан басталды? Президент Владимир Путин билікке келгенде ме?
Юрий Дмитриев: Бұған бірдеңе деуім қиын, себебі біршама уақытқа "Мемориалдың" Карелия бөлімінен алыстап кеттім. 1997 жылы Иван Чухин қайтыс болған соң, басшылыққа басқа адамдар келді. Олармен әңгімеміз жараспады. Сол кезде менімен тағы бірнеше адам кетті. Әлеуметтік-құқықтық көмек академиясын ұйымдастырдық.
Азаттық: "Мемориалдың" қазіргі жағдайына, құқық қорғаушылардың қудалануына қалай қарайсыз?
Юрий Дмитриев: Қудалау – қалыпты жағдай. Бұл "Мемориалдың" биліктің жанды жеріне тиетінін білдіреді. "Мемориалға" сенемін. Демек, ауруға ұшыраған ағзаны ауыстыру керек.
Азаттық: Сізге қатысты қозғалған қылмыстық істің "Мемориалдағы" жұмысыңызға қатысы бар деп ойлайсыз ба? Егер осы жұмыспен айналыспасаңыз, кейінгі бес жылдағы оқиғалар болмас па еді?
Юрий Дмитриев: Бұл іс мүлдем болмас еді деп ойлаймын. Қарапайым инженер кімге керек болсын?
Азаттық: "Мемориалды" қорғау үшін қоғам не істей алады? Қарапайым адамдар "Мемориал" дәріптеп жүрен тарихты құрметтеуді жас ұрпаққа қалай сіңіре алады?
Юрий Дмитриев: Отбасы арқылы. Әр отбасы өз тарихын білуі керек. Мұндай оқиғалар өз-өзіңді құрметтеуге үлес қосады. Маған үкімет өмір бойы репрессияға ұшыратқан адамдардың сезімін білу бақыты бұйырды. Өмірім ұзақ болса, ол жайында кітап жазамын.
ПІКІРЛЕР