Accessibility links

Путин айтқан тарих. Ресей Сталинград шайқасының куәгерлерін тергеуге көшті


Бес айға ұласқан Сталинград шайқасы Совет одағының нацистер шабуылына қайрат көрсетуінің символы болып, соғыста шешуші сәттің белгісіне айналды.
Бес айға ұласқан Сталинград шайқасы Совет одағының нацистер шабуылына қайрат көрсетуінің символы болып, соғыста шешуші сәттің белгісіне айналды.

Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыстағы әйгілі Сталинград шайқасының куәгерлерін тергеуге шақырта бастады. Билік тергеу Совет одағының нацистік Германияға қарсы соғыстағы рөлін көрсету үшін керек десе, егде тартқан куәгерлердің туыстары мұндай іспен тергеушілер емес тарихшылар айналысуы қажет дейді.

Ресей билігі фактілерді анықтап, әділдік орнату мақсатында 75 жыл бұрынғы соғыста болған оқиғаларға бірнеше тергеу жүргізіп отыр. Алайда аталмыш тергеулер Ресей президенті Владимир Путин үкіметінің ел тарихын жағымды жағынан баяндау әрі өзге елдердің Совет одағының соғыстағы рөлін нацистік Германияның рөлімен теңестіру әрекеттерін тоқтатуға ұмтылу екені байқалады.

Сталинград шайқасының куәгерлерін тергеуге шақырғаны туралы туралы алғаш болып тәуелсіз "Независимая газета" басылымы хабарлады. Басылым бұл жайлы ақпаратында Волгоградта (Сталинград қаласының қазіргі атауы) тұратын Н. Василийді. есімді 94 жастағы кісінің немересі Денис Чистяковтің сөзін келтіреді. Немересі 28 қарашада үйіне атасы Н. Василийді 1 желтоқсанда тергеу бойынша шақырту келгенін айтады.

"[Бұрынғы] лагерь тұтқынынан Сталинград туралы сұрау үшін міндетті түрде тергеуге шақыртуы керек пе?" дейді Денис Чистяков. "Меніңше, бұл жұмысты тарихшылар мен мұрағатшылар атқара алатын еді ғой".

Чистяков атасына тергеуге шақыртқан хатты көрсетпегенін айтады. Оның сөзінше, атасы 15 әлде 16 жасында неміс әскерінің тұтқынына түсіп, Германияның шығысына еңбек лагеріне жөнелтілген. Айтуынша, тергеуші оған әлгідей тергеуге шақырту хаттары бүкіл Ресей аумағында жіберіліп жатқанын хабарлаған.

Сталинградтағы қираған электр станцияның аумағында жүрген неміс сарбаздары. 28 желтоқсан 1942 жыл.
Сталинградтағы қираған электр станцияның аумағында жүрген неміс сарбаздары. 28 желтоқсан 1942 жыл.

Ресей Тергеу комитетінің баспасөз хатшысы Светлана Петренко комитет тергеу аясында Волгоград облысында тұратын, нацистік концлагерьлерден тірі шыққан мыңнан астам адамнан жауап алмақ ниетте екенін айтады. "Тергеушілер сол кездегі жантүршігерлік оқиғалардан тірі қалған барлық адаммен сөйлескісі келеді" деді Петренко ресейлік РБК сайтына.

ІЗДЕУ САЛЫНАДЫ МЕЙЛІ ТІРІ, МЕЙЛІ ӨЛІ БОЛСЫН

Бес айға ұласқан Сталинград шайқасы Совет одағының нацистер шабуылына қайрат көрсетуінің символы болып, соғыста шешуші сәттің белгісіне айналды. 1942-1943 жылдары Ресейдің оңтүстігіндегі Волга өзенінің бойында орналасқан қалада болған шайқаста совет әскері неміс әскерін бөгеп, ақырында жеңіп шықты. Ол шайқаста 1 миллионнан астам сарбаз бен бейбіт тұрғын қаза тапты деп саналады.

Нацистердің Сталинград пен оның төңірегінде жасаған болуы мүмкін айуандық әрекеттерін тергеу туралы шілдеде Тергеу комитеті жариялаған. Комитет таратқан мәлімдемеде тергеу "бейбіт тұрғындарды өлтіруге қатысы бар, алайда жасаған қылмысы үшін жауапқа тартылудан құтылып кеткен басқыншы неміс фашистері мен олардың жандайшаптарын анықтау" мақсатында жүргізілетіні айтылады.

Тергеу комитеті қылмыстық тергеудің қазіргі Волгоград облысына қарасты 15 қала мен елдімекенде болған оқиғаларға, оның ішінде балалар үйіндегі 4 пен 15 жас аралығындағы 50 баланы өлтіруге қатысты екенін айтады. Өлген адамдар мен оларды кім өлтіргенін анықтау үшін эксгумация жұмысына әскер көмектеспек.

Комитет қырғынға кінәлілердің жауапқа қалай тартылатынын анықтап айтпады. Кінәлілерден тірі қалғандары тым аз, бар болған күннің өзінде Ресейде тұрып жатқандары одан да аз болуы мүмкін.

Тергеу комитеті "геноцидке" қатысты тергеуді соғыс кезінде неміс әскері басып алған Волгоградтан өзге де аймақтарда, атап айтқанда Ресейдің оңтүстік-батысындағы Ростов облысы және солтүстік-батысындағы Новгород және Псков облыстарында бастады.

2019 жылы Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин соғыс кезінде 30 мың совет азаматын өлтіру фактісі бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарының қазіргі міндеті – кінәлілерді анықтау. "Олардың өлі немесе тірі екені маңызды емес. Біз олардың аты-жөнін жариялап, не істегенін көрсетуіміз керек" деген Бастрыкин шілдеде мемлекеттік "Новости" ақпараттық агенттігіне.

"РЕСЕЙ ТАРИХЫН БҰРМАЛАУДЫ ЗАҢМЕН ТОҚТАТУ"

Ресей билігі Батыс елдері Совет одағының соғыста нацистік Германияны талқандаудағы рөлін азайтып көрсетуге тырысады деп, біраздан бері оған қарсылық білдіріп келеді. Ресми Мәскеу бұрынғы совет республикалары - негізінен Балтық бойы елдері мен Украинаны кезінде Қызыл Армияға қарсы күрескен немесе нацистік блок күштерімен бірге әрекет еткен ұлтшыл жетекшілерін дәріптейді деп бірнеше рет айыптаған. Ресей билігі бұған қоса аталған елдерді советтік және нацистік үкіметтерді бірдей жағымсыз жағынан көрсетеді деп айыптаған.

Ал Путинді Ресейде және шетелдегі сынаушылар оның үкіметін Совет одағының соғыстағы рөлін ақтап алуға, ал мемлекеттің диктатор Иосиф Сталин тұсында жасады деген қылмыстарын бүркемелеуге тырысады деп кінәлайды.

Бастрыкин шілдеде "Новости" агенттігіне берген сұқбатында тергеу мақсаттарының бірі фактіні анықтау және Ресей тарихи тұрғыда бұрмаланды деп танитын нәрсеге қарсы тұру екенін айтқан.

Тергеу сонымен қатар тым болмағанда Гитлердің әскері және онымен бірге соғысқандардың Совет одағына қарсы геноцид жасағанын Ресей заңнамасы тұрғысынан дәлелдеуді көздейтін тәрізді. Волгоград пен басқа да облыстардағы тергеулер Ресей Қылмыстық кодексінің "геноцид" бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Билік өкілдері, оның ішінде Путин мен Бастрыкин тергеудің осы мақсатына ерекше ден қойып отыр.

Ресей президенті Владимир Путин Совет одағының Сталинград шайқасында жеңіске жетуіне 75 жыл толуына орай Волгоград қаласында өткен концерттің алдында сөз сөйлеп тұр. 2 ақпан 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Совет одағының Сталинград шайқасында жеңіске жетуіне 75 жыл толуына орай Волгоград қаласында өткен концерттің алдында сөз сөйлеп тұр. 2 ақпан 2018 жыл.

Қазан айында Новгород облыстық соты бірінші рет 1942-1943 жылдардағы нацистік оккупация кезінде әрқилы жерде кемінде 2600 адамды қырып тастауды геноцид деп таныды.

Соттың бұл шешімі мен Волгоград облысындағы тергеуден бұрын Путин биыл жаздың басында референдум арқылы конституцияға өзгерістер енгізген. Конституцияға енгізілген өзгерістер қатарында Ресей тарихын ел ішінде және сырттан бұрмалаудың қандай да бір әрекеттеріне қарсы тұру туралы тармақ бар. Бір аптаға созылған референдумның ертесі, 1 шілдеде Путин Ресей үкіметі мен үкіметтік органдарына жоғарыда аталған тармақты іске асыруды тапсырған.

"Нацистер мен олардың жандайшаптарының қылмыстары – Совет одағы халқына қарсы жасаған геноцидті ашу қашан да кеш емес" деп мәлімдеді Путин.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG