Accessibility links

"Желтоқсан, Жаңаөзен. Кешірмейміз, ұмытпаймыз!" Алматыда жүзге жуық адам алаңға жиналды


Тіркелмеген Демократиялық партия белсенділерінің митингісі. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.
Тіркелмеген Демократиялық партия белсенділерінің митингісі. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.

16 желтоқсанда күндізгі сағат 12-ден кете бере Алматыда белсенді Жанболат Мамай бастаған тіркелмеген Демократиялық партиясының ондаған өкілі Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішке келіп, боздақтарға құран бағыштады. Белсенділер "ел жемқорлықтан айықсын!" деп бата берді.

Одан кейін олар әкімдікке қарсы алаңға қарай шерулетіп жүрді. Азаттық тілшісінің есебіне қарағанда шеруге шамамен жүзге жуық адам қатысқан. Олар Жаңаөзен оқиғасына бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты кінәлап, бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жазалануы тиіс екенін айтты.

Жұрт Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, құран бағыштап жатыр. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.
Жұрт Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, құран бағыштап жатыр. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.

Адамдар Тәуелсіздік монументі маңына жиналып, бір-бірден пікірлерін айта бастаған.

– Бүгін негізі Тәуелсіздік күні еді. Алайда осы Тәуелсіздік күнінің қадірін Назарбаевтың жүйесі кетірді. Тура осы күні осыдан он жыл бұрын Жаңаөзен қаласында бейбіт митингіге шыққан қара көз бауырларымызды, азаматтарымызды оқтың астына алып қан-жоса қылып қырып тастады. Бұл әрине өкінішті. Бұл ешқашан ұмтылмайтын күн. Сондықтан бұл мерекенің қадірі де кетті. Бүгін қанды қырғынды еске алу күні, – деді белсенді Ырысбек Тоқтасын.

Әкімдік және прокуратура өкілдері келіп, шараның заңсыз екенін ескертті. Бірақ наразылар оларды маңайдан қуып тастады.

Ақпаратқа қарағанда, полиция жан-жақтан митингіге қосылғысы келген азаматтарды алыстан қайтарып, аумаққа кіргізбей жатыр. Журналистерге де шектеу қойылған. Vlast тілшісі Данияр Молдабеков әлеуметтік желіде полицейлер журналистердің қызметтік куәлігі ғана емес, сөмкелерін де ашып көрсетуді талап еткенін жазды. "Журналистердің жұмысына қатысты құжаттардың ешқайсысында мұндай талап көрсетілмеген" деп жазды журналист.

Республика алаңында күндізгі сағат 11-ден кете бере мобильді интернет өшкен. Аумақта көп полиция жүр. Әр жерде наразыларды ұстау кезінде пайдаланылатын автозактар тұр.

16 желтоқсанда "Демпартиямен" қатар "Қазақстанның демократиялық қозғалыс" өкілдері (Нұр-Сұлтан соты ҚДТ-ны "эстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) де митинг өткізбек болған. Алайда қозғалыс жақтастарының алаңға келгені-келмегені белгісіз.

Шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир, Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов негізін қалаған ҚДТ қозғалысын қолдаған көптеген белсенді бұған дейін сотқа тартылып, митинг, шерулерге қатысуына тыйым салынған. Кейбірі түрмеде отыр. Құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқын" деп таныған.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға шақырған. Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды.

Осыдан 35 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Ондаған адам жараланған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар "билік өкілетін асыра пайдаланған" бес полицей сотталса да, халыққа оқ атуға бұйрық бергендер әлі анықталмады деп мәлімдеп, оқиғаны жан-жақты зерттеу жүргізуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG