Қазақстанның әр өңірінде тұратын белсенділер мен құқық қорғаушылар пікірін ашық айтып, демократиялық өзгерісті талап еткені үшін қудаланған адамдарды қолдап, шағын бейнеролик түсірді. Олар саяси қудалауды доғаруды талап етті.
"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 22 қарашада Facebook парақшасында видеоны жариялап, оны түсіруге көмектескен адамдарға алғыс айтты.
"Қоғамдық қозғалыс, саяси партия мен түрлі топ өкілдері бұл мәселені неғұрлым жиі көтерсе, мұндай масқара құбылыс соғұрлым тез жоғалуы мүмкін. Қазір 12 адам түрмеде отыр, 405-бап бойынша ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу, ұйымдастыру" – ред.) 76 адам сотталған. Өз көзқарасын айтып, Қазақстанда демократиялық өзгерісті талап еткені үшін 525-тен астам адам қудаланып жатыр" деп жазды Бақытжан Төреғожина.
Екі минуттан асатын бейнероликте белсенділер "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты немесе ұйымдастырды" деп айыпталған ондаған белсендінің атын атайды. Арасында жуырда ғана осы бап бойынша сотталған азаматтық белсенділер Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Ноян Рақымжанов, Қайрат Қылышев бар.
"Олар не үшін қудаланды?" деген сұраққа видеоға түскен азаматтар былай жауап берген:
"Олар бар болғаны Қазақстанның еркін, демократиялық, парламенттік республика болғанын тіледі. Конституция мен адам құқығы бұзылмағанын, елдің шикізат байлығы халыққа тиесілі болғанын қалады. Қазақстанның сыртқы қарызы болмасын және шенеуніктердің офшордағы ақшалары халық игілігіне жұмсалсын деді. Тегін әрі мықты медицина болғанын қалады" деді белсенділер.
"Билік оларды армандағаны үшін, ақиқатты айтқаны үшін және өзгеше ойлайтындығы үшін "экстремистер" деп атады" деді белсенділер.
Қазақстанда көптеген белсенді шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарына қатысты айыпталған. Қазақстан соты бұл ұйымдарды "экстремистік ұйымдар" деп санап, жұмысына тыйым салған, алайда Еуропарламент екеуін де "бейбіт оппозициялық ұйым" деп таныған. Екі ұйымға шыққан сот шешімдері әлі жарияланбады. Көп белсенді сот шешімін жариялауды талап еткенмен өтініштері орындалмады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, жеке көзқарасына бола сотталып, "қара тізімге" енген белсенділер қамаудан шықса да, жұмысқа орналаса алмай, банк есепшоты бұғатталғандықтан қаржы операцияларын жүргізе алмай, түрлі кедергілерге ұшырайды. Бір күн бұрын "Либерти" қорының президенті, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов "Жер митингілерінен" кейін сотталып, бостандыққа шыққан Макс Боқаев пен Талғат Аянның сондай қиындыққа ұшырағанын жазды.
Жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстан билігі "экстремизм" бабын азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланып отыр деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР