Жастарды алаңға шығуға шақырғаны үшін қудаланды, тергеушілер түнге дейін жауап алды, сот кезінде өмірге келген перзентін құшағына баса алмады, Мордовиядағы қатаң режимдегі колонияда отырды. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен төрт жылға сотталған Құрманғазы Айтмырзаевтың басынан өткен жайттың бір бөлігі ғана. Ол Азаттыққа Желтоқсан оқиғасының қалай басталып, қалай өрбігенін, не көргенін айтып берді.
АЛАҢДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС
1986 жылғы 17 желтоқсан. Ымырт үйіріле бастаған шақ. Алматыдағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңында таңертеңнен бері Мәскеуге саяси талап қойып, Геннадий Колбинді Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы етіп тағайындаған пленум шешімін жоюды талап еткен мыңдаған қыз-жігітті тарату үшін арнайы жасақ күш қолдана бастады.
Қақаған аязда өрт сөндіретін мәшинемен жастарға су шашты, көнбегенін резеңке таяқ және сапер күрегімен ұрып, итке талатты. Басы жарылып, жарақат алған жастарды жақтастары оңаша шығарып алып, көмек көрсетіп жатты. Осыдан 35 жыл бұрын Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырғандардың бірі, сол кезде Алматыдағы театр және көркем сурет институтының (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы) студенті болған Құрманғазы Айтмырзаевтың жадында осы сәттер мәңгі сақталып қалған.
Өздерін бас-көзге қарамай ұрып-соғып жатқан соң жастар басына каска киіп, қолына қалқан ұстаған арнайы жасаққа қарсы ұмтылды. Бірақ оларды қоршап алған жасақ өзіне тап бергендерді кері итерді. Кейін шегінген жастар күш жинап алған соң қайтадан алға ұмтылып жатты. Қас қарайған шақта екі жақтың қақтығысы тіпті ушықты.
– Қақтығыста жараланғандар көп болды. Үлкен топ жасаққа тұра ұмтылғанда, қалың нөпірдің ішінде тұрғандар сүрініп, құлайды. Артқы шепте тұрып, алдыңғыларды итеріп жатқандар оны білмейді, үстінен таптап өтуі мүмкін. Сондай кезде қасындағылар аяқ астында құлап жатқандарды суырып алып, шетке шығып жатты, − дейді Айтмырзаев.
Жастарды алаңға бастап келген Құрманғазы Айтмырзаев сондай сәтте қалың топты басқару мүмкін болмай кеткенін еске алады. Күндіз ғана бейбіт адамдар жайбарақат тұрған алаң құдды бір шайқас орнына айналып кеткендей. Арнайы жасақ күш қолданған соң жастар алаң шетіндегі үйлердің бірінің биік тұсындағы мәрмәр тасты төңкеріп құлатты. Асфальтқа түсіп сынып, ұсақ бөлшекке бөлінген мәрмәрді теріп алып, жасаққа лақтыра бастады.
Алматыдағы студент жастарды 17 желтоқсанда алаңға шығуға шақырғанда 23 жастағы Құрманғазы Айтмырзаев бейбіт шерудің арты мұндай қақтығысқа ұласатынын әсте күтпеген еді.
"АЛАҢҒА БЕЙБІТ ШЕРУГЕ ШАҚЫРДЫМ"
Құрманғазы Айтмырзаев 1986 жылғы 16 желтоқсанда Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің Дінмұхамед Қонаевты Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы қызметінен босатып, орнына Геннадий Колбинді тағайындағанын теледидардан естігенде, үстінен біреу тастай су құйып жібергендей күй кешкенін айтады. Бұл хабарды досының үйінде естіген ол өзі тұратын театр және көркем сурет институты жатақханасына жетуге асыққан. Бұл уақытта бүкіл жатақхана соңғы жаңалықты талқылып, дәлізде абыр-сабыр болып жатқан еді.
Іші алай-дүлей болып жеткен Құрманғазы жатақханада тұратын курстас досы Үсіпхан Сейтімбеттің бөлмесіне барып, "партия неге қазақ елімен ақылдаспайды, бізбен неге санаспайды? Сонда кім болғанымыз?" дегенді талқылаған соң, бұған жастар қарсылық білдіруі керек деген шешімге келеді. Сөйтіп, басқа жастармен пікір алмасу үшін досымен бірге көрші жатақханаларды аралауға шығады. Әуелі Қазақ мемлекеттік университетінің жақын жердегі екі жатақханасына кіріп, бұрыннан таныс студенттермен сөйлесіп, келесі күні сағат тоғызда орталық алаңға бейбіт шеруге шығуға уағдаласады.
Артынша театр және көркем сурет институтының өзге екі студенті − Бақтыбек Иманғожаев пен Аманбай Кәнетовті қосып алып, Космонавтар (қазіргі Ахмет Байтұрсынов) көшесіндегі басқа оқу орындарының жатақханаларын аралап, студенттерді алаңға шығуға үгіттейді. Осылайша олар шет тілдер институты, медицина институты, мал шаруашылығы институты мен политехника институты жатақханаларын және Киров зауытының жұмысшылар жатақханасын аралап шығып, ол жақтағы жастармен бейбіт шеруге бірге шығуға келіскен.
Түн ортасында жатақханаға оралған соң, театр және көркем сурет институты студенттері бейбіт шеруге дайындық жасауға кіріседі: суретшілер қылқалам, бояу, енді бір студенттер ұран жазу үшін ақ төсеніштер әкеп жатты. Сөйтіп жатақхана бейбіт шеруді ұйымдастыру ошағына айналады.
– Ол уақытта ғылыми коммунизм, КПСС тарихы деген оқулықтармен оқитынбыз. Сол кітаптарды ақтарып, Лениннің ұлт саясаты жайлы жазған бөлімнен ұрандар таңдадық. Студенттердің ақ төсеніштерін жыртып, институтта оқитын 4-5 суретшіге "Әр ұлтқа өз көсемі!", тағы басқа ұрандар жаздырдық.
Келесі күні алаңдағы шеру бейбіт басталған еді. Құрманғазы Айтмырзаев бастаған театр және көркем сурет институтының 200-дей студенті таңертеңгі тоғызда түрлі ұран ұстап, Брежнев алаңына жеткенде өзге оқу орындарының студенттері оларды қол шапалақтап қарсы алған. Алаңға жүздеген адам жиналыпты, жастар бірінен кейін бірі мінберге шығып, Колбинді Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы етіп тағайындаған пленум шешімін жоюды талап етті.
Студенттер наразылығынан сескеніп қалған билік өкілдері біртіндеп алаңға келіп, жастарға басу айтып, тарауын сұраған. Айтмырзаев олардың арасында Қазақ ССР жоғары кеңес президиумының төрағасы Саламат Мұқашев пен министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та болғанын айтады.
Түскі он екілер шамасында алаңдағы адам санын көбейту үшін шерушілер түгел Фурманов көшесінің бойымен түсіп, көше аралады деп еске алады Құрманғазы Айтмырзаев. Шерушілерге жолай адамдар қосыла берген, сағат үштің шамасында алаңға қайтып келгенде жастардың саны 4-5 мың адамға жеткен. Бұл уақытта алаң шетінде тұрған арнайы жасақтың да қарасы көбейген еді. Ал сағат төрттен кейін алаңда арандатулар басталған.
– Арамыздан айғайшылар шыға бастады. "Қазақтар, неге тұрсыңдар, алға!" деген арандатушы көбейді. Жастарды сабырға шақырайық, сабасына түсірейік деп алаңның бір басынан екінші шетіне жүгірдік. "Арандатуға ермейік, біз бейбіт шеруге келдік" деп түсіндірдік. Ақыр аяғында арандатушылар өзімізге тап беріп, "сендер биліктің сөзін сөйлеп жүрсіңдер" деп кінә тақты, − дейді ол.
Мұның арты қақтығысқа ұласып, түнге қарай ахуал мүлде бақылаудан шығып кетеді. Осы кезде Құрманғазы Айтмырзаев шеру ұйымдастырушысы ретінде басы үлкен дауға қалатынын түсінген. Күні бойы ызғарлы аязда нәр татпай аш жүрген ол түнгі он екіде жатақханаға оралғанда, онда студенттермен "әңгімелесуге" барған оқытушылар мен тергеу органдары адамдары қаптап жүргенін көреді.
Оқытушылар келесі күні студенттерді жатақханадан шығармай, бөлмесінде қамап ұстаған. Сөйтіп, Құрманғазы 18 желтоқсанда алаңға бара алмады. Ол күні қақтығыс одан бетер күшейіп, жастарды жаппай ұстау басталған еді. Айтмырзаев кейін қаладағы түрме, уақытша ұстау абақтысында орын қалмағандықтан, милиция шерушілерді үлкен көлікпен қала сыртына апарып, қақаған аязда шешіндіріп, өлімші етіп сабап, айдалада қалдырып кеткенін естіп-білген.
"ҚАРА "ВОЛГАДАҒЫ" АДАМ" ЖӘНЕ "ЖАСТАРҒА БАСУ АЙТҚАН" НАЗАРБАЕВ
Құрманғазы Айтмырзаев пен достары жастарды алаңға шығуға шақырып, жатақханаларды аралағанда вахтадағы журналға тіркеліп, студент билетін қалдырғандықтан, көп ұзамай өздерін де тергейтінін түсінген.
– Екі-үш күндей тергеушілер бізді сұраққа алса не дейтінімізді ақылдастық. Сонда Бақтыбек Иманғожаев "бізге қара "Волга" мінген, үстіне қара пальто киген адам келді, алаңға шығуға шақырған сол кісі деп айтайық" деді. Сөзіміз бір жерден шығуы үшін ол адамның суретін салып, не айтатынымызды жаттадық, − дейді ол.
Желтоқсанның 22-і мен 23-і күндері Айтмырзаев пен серіктерін прокуратура мен милиция бөлімшесіне тергеуге жауап беруге шақыра бастаған. Құрманғазы досы ойлап тапқан "қара "Волга" мінген адам туралы аңыз оның және серіктерінің өмірін сақтап қалды деп есептейді. Себебі мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) тергеушілері "Волга" мінген қара пальтодағы" адамды іздегеннің арқасында тергеу жарты жылға созылды дейді ол.
1987 жылғы 20 қаңтарда Құрманғазы Айтмырзаев "ұлтаралық араздық қоздыру", "бұзақылық", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша күдікті ретінде қамауға алынды. Он күндей ішкі істер басқармасы абақтысында отырған оны кейін КГБ тергеу абақтысына ауыстырған. Жарты жылға созылған тергеудің әр күні тозақпен тең еді деп еске алады Айтмырзаев. Тергеушілер оны күнде жауап беруге шақыртып, таңертеңнен түнге дейін ұстап, психологиялық қысым көрсеткен.
– Тергеуде басың айналып, тілің байланғанша отырасың. Төрт-бес тергеуші жан-жақтан сұрақ қояды. Біреуі қорқытады, біреуі аяғандай болады. Енді бірі жаны ашығансып, көмектескісі келетіндей сыңай танытып сөйлейді. Тағы бірі "шаруаларың осымен бітті, сендерге "зеленка" дейді. Басында оның не екенін түсінбедік. Сөйтсек, атылған адамның маңдайына зеленка (жасыл дәрі) жағады екен ғой.
Студенттерді күні бойы ұстап, жауап алатын тергеушілер наразылықты ұйымдастырушыларды қалайда биліктегілердің арасынан табуға тырысқан. Құрманғазы тергеушілер қысым жасап, әртүрлі шенеуніктің суретін көрсетіп, "Волга" мінген адамды іздеуді доғармаған соң, серіктерімен бірге ондай адам шын мәнінде болмағанын мойындауға мәжбүр болғанын айтады. Арада 35 жыл өткен соң да Айтмырзаев жастар өз бетінше ұйымдасты, олардың артында тұрған қандай да бір күш болған жоқ, өйткені ол тұста биліктегілердің бәрі "бұғып қалған еді" дейді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы шыққан "Әділеттің ақ жолы" кітабында Желтоқсан кезінде алаңға барғанда, екінің бірін – "не батылдық танытуды", не "Орталық комитетке жайбарақат қайтуды" таңдау керек болғанын, сөйтіп, "екіншісі халыққа кешірілмес сатқындық жасау болып көрінгендіктен, колоннаның алдында халықпен бірге кете барғанын" жазған.
Айтмырзаев Назарбаевтың алаңға жиналған жастарға "кетіп қалыңдар" дегендей басу айтып, мінберден түсіп, сол жақта тұрғанын көргенін, бірақ Назарбаевтың колонна бастап жүргенін көрмегенін айтады.
Оның сөзінше, республика басшылығына Колбиннің тағайындалуы жастардың алаңға шығуына түрткі салғанымен, шын мәнінде жұртты сол кездегі наразылыққа жылдар бойы іште жиналған тоталитарлық жүйеге деген қарсылық шығарған.
"ЖЕЛТОҚСАНДЫ ҚАРАЛАҒАНДАР БИЛІКТЕ ӘЛІ ОТЫР"
1987 жылы жазда тергеу аяқталып, сот басталған. Құрманғазы сот өзін ақтамайтынын, тоталитарлы жүйе өзіне қарсы бас көтергенді кешірмейтінін білгенін айтады. Сотта өзіне тағылған кінәні мойындамайтынын мәлімдеген.
– Алаңға баруға үгіт-насихат жүргізгенім, алаңға барғаным рас, бірақ ешкімді төбелеске шақырмадым дедім. Ешкімнің басын жарғаным жоқ, бұзақылық жасамадым, керісінше тәртіпсіздікті тоқтатуға шақырғанымды айттым.
Екі аптаға созылған сот кезінде қуанышты хабар жетеді: Құрманғазының ауылдағы ата-анасының қолында қалған келіншегі босанып, тұңғыш перзенті дүниеге келген.
– Бір күні соттағы үзіліс кезінде адвокатым Галина Рогова жүгіріп келіп, "Құрманғазы, құттықтаймын" деді. Ондай жерде адамның ойына тағдырым енді не болар екен дегеннен бөтен ой келмейді ғой. "Құттықтаймын" дегенге бізді босата ма деп елеңдеп қалдық. "Ұлың дүниеге келді" дегенде қатты қуанып, қайда тұрғанымды ұмытып қалдым, – дейді ол.
1987 жылғы 20 шілдеде Алматы соты өзін Қазақ ССР қылмыстық кодексінің "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" мен "ұлтаралық араздықты қоздыру" баптары бойынша кінәлі деп тауып, төрт жыл қатаң режимдегі колония жазасына кескенде, Құрманғазы Айтмырзаев перзентін жақын арада көрмейтінін түсінген. Ол жазасын үйінен мыңдаған шақырым жерде, ну орманның арасында жатқан Мордова АССР-нің Потьма елдімекеніндегі қатаң режимдегі колонияда өтеді.
Айтмырзаев өзі қамауда отырғанда дүниеге келген ұлын алғаш рет бір жылдан кейін ғана көрген. 1988 жылдың қаңтарында Құрманғазы жазасын өтеп жатқан колонияға әке-шешесі, әйелі мен тұңғыш перзенті Ақниет екі күнге кездесуге келген. Құрманғазы ұлын тек сол кезде ғана алғаш рет құшағына басқан.
– Шешем еңкілдеп жылап жатты. Әкем болса "ештеңеге өкінбе, ешкімді тонамадың, қару жұмсамадың, ер жігіттің басынан не кетпейді" деп қолдады. Ата-анамның алдында өзімді сергек ұстауға тырыстым. Бірақ отбасымды айдаладағы орман ішіне келтіргенім үшін іштей қиналдым.
1988 жылғы жаздың аяғында Құрманғазы Айтмырзаевтың жазасы жеңілдетіліп, оны қоныстандыру колониясына ауыстырған. Күнде таңертең және кешке комендатураға барып белгіленуге міндетті, бірақ колониядағыдай артынан ит пен күзетші еріп жүрмейді. Қоныстандыру колониясына шыққандарға отбасымен тұруға рұқсат етілетін. Көп ұзамай Айтмырзаевтың әйелі ауылдан келіп, екеуі Силикатный елдімекенінде пәтер жалдап тұрады. Ерлі-зайыпты сол елдімекендегі кірпіш зауытына жұмысқа кіріп, бір-біріне медеу болады.
1989 жылдың қазанында Құрманғазы Айтмырзаевтың екінші ұлы дүниеге келді. Бұл жолы ол сәбиінің жанында біраз уақыт өткізеді. Бірақ әйелі нәрестені дұрыс жағдайда бағып-қағу үшін көп ұзамай ауылға қайтады. Құрманғазы отбасын шығарып салған соң, елдімекендегі пәтерді өткізіп беріп, комендатураға қайта оралады.
Дегенмен үй-ішімен қайта қауышатын күн жақын еді. Тура сол айда Желтоқсан оқиғасына байланысты сотталғандарды босату жайлы сот қаулысы шығып, оқиғаға қатысқаны үшін сотталғандардың бәрі президент жарлығымен бостандыққа шықты.
– 1989 жылдың қазанында мені жедел режим бөлімі бастығы шақырып алды. Кезекші бөлімге барсам, маған жылы жүзбен қарайды. "Сені әу бастан қылмыскер деп есептемедік, бейнетің осы жерде бітсін, үйіңе қайтатын болдың" деп құттықтады.
1991 жылғы 12 желтоқсанда Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев "1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жазықсыз сотталғандарды ақтау" туралы жарлыққа қол қойды. Бірақ Құрманғазы Айтмырзаев оқиғаға саяси баға берілмегендіктен, әлі күнге дейін өзін ақталдым деп есептемейді.
Қазір "Тәуелсіздік таңы – Желтоқсан" қоғамдық ұйымын басқаратын Құрманғазы Айтмырзаев елдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Оның ойынша, билік Желтоқсанға әлемдік стандарттар бойынша саяси баға беріп, көтеріліс екенін мойындап, желтоқсаншыларға "тәуелсіздік пен еркіндік үшін күрескендер" статусын беруі тиіс.
Бұл мәселені бұрыннан көтеріп жүрген ол биліктің Желтоқсанға әлі күнге дейін саяси баға бермеуінің бірнеше себебі бар деп біледі. Оның бірі – көтерілісті аяусыз басқан Мәскеуге жалтақтау болса, енді бірі – Желтоқсанды қаралауға күш салып, тоталитарлы жүйеге қызмет еткен адамдардың әлі де билік басында отыруы.
– Тәуелсіздік алғалы бері Желтоқсан бойынша бірде-бір акт қабылданған жоқ. Желтоқсан мемлекет деңгейіндегі көтеріліс деп танылған күні ғана өзімді ақталдым деп санаймын. Биліктен әлеуметтік емес, саяси статус талап етіп жүрмін, – дейді Құрманғазы Айтмырзаев.
Қарай отырыңыз: "Бізді соттағандар жоғарыда отыр". Ату жазасына кесілген желтоқсаншының әңгімесі
ПІКІРЛЕР