Accessibility links

Жауғаштыдағы әйелдер түрмесіндегі "зорлау ісі": Күдікті қызметінен шеттетілді


Алматы облысы Жауғашты кентіндегі әйелдер түрмесі.
Алматы облысы Жауғашты кентіндегі әйелдер түрмесі.

Алматы облысы әйелдер түрмесіндегі "тұтқынды зорлау ісі" бойынша тергеу амалдары аяқталған жоқ. Бұл жөнінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) төрағасы Жанат Ешмағамбетов мәлімдеді.

Ол Жауғашты кентіндегі колония тұтқынынан түрме қызметкерінің зорлағаны жөнінде арыз биыл шілдеде түскенін растады. Бұдан соң ҚАЖК "арызды тіркеп, Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы қылмыстық іс қозғаған". Сол кезде тұтқын "қауіпсіздік мақсатында" Алматыдағы изоляторға ауыстырылған.

— Тергеу барысында тергеуші тұтқынға психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындады. Сараптаманы Әділет министрлігінің сот-медицина сараптама орталығының төрт маманы жүргізді, онда жекелеген психологиялық проблемалар бары анықталған. Яғни, жеке психиатриялық диагноз қойылып, Алматы облысы Ақтас ауылындағы психиатриялық стационарда емдетуге кеңес берілді. Осының негізінде Іле аудандық сотына өтініш жіберіліп, оны сол стационарда мәжбүрлеп емдету туралы шешім шығарды. Кейін психиатриялық сараптама қайта жүргізіледі, – деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Жанат Ешмағамбетов.

Ол сонымен бірге ҚАЖК мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қоғамдық бақылау комиссиясы өкілдерімен бірге колониядағы шамамен 500 шақты тұтқынмен кездесіп сөйлескенін айтты.

— Бірде-бір әйел ол факті (түрме қызметкері тұтқынды зорлады деген болжам - ред.) жөнінде естімеген. Ешқайсысы мекемеде зорлау барын айтқан жоқ. Бұл істі бақылап отырмыз. Жасыратын ештеңе жоқ. Тергеу нәтижесі, жемқорлыққа қарсы қызмет процессуалдық шешім шығарған кезде міндетті түрде жарияланады. Қылмыс жасады деп күдікке ілінген қызметкер қызметінен шеттетілді, – деді Ешмағамбетов.

Тұтқынның адвокаттары бұған дейін Азаттыққа билік түрмедегі "зорлау" мен "азаптау фактілерін" барынша жасыруға тырысады деп айтқан еді. Қорғау тарабының айтуынша, сараптама кезінде азаптау немесе зорлаудың нәтижесінде туындаған психологиялық зақым туралы сұрақтар жауапсыз қалған. Осылайша "ересек адамның жабырқауы" деген диагноз қойылған. Қорғау тарабы бұл шешіммен келіспей, оны жабық мекемеге күштеп емдету туралы шешімге шағым түсіретінін айтып отыр.

2020 жылы қазан айында Алматы облысы Іле аудандық соты Жауғашты кентіндегі колонияда жазасын өтеген трансгендер-әйел Виктория Берікқожаеваны "зорлады", "күш көрсетті" деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бүрынғы қызметкеріне үкім шығарған. Сот оны бес жыл алты айға бас бостандығынан айырған.

Осыған орай Азаттық тілшісі ҚАЖК басшысына аталған түрмеде қордаланған "жүйелік мәселелер" жөнінде сұраған еді.

— Сіз айтып өткен жағдайлардан кейін аталған мекемеге бақылау күшейді. Онда басшылық ауысты. Келесі жылы видеобақылау орнатылады. Тұтқындар арасында моральдық-психологиялық атмосфера қалыпты. Әйелдердің 60 пайызынан астамы жұмысқа орналастырылған. 11 тұтқын ғана жазаны өтеу ережесін бұзған. Бұл ең төмен көрсеткіш, – деді Ешмағаметов.

ҚАЖК мәліметінше, биыл қызметтік тексеріс пен сотқа дейінгі тергеу амалдарының нәтижесінде, 26 түрме қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ешмағамбетовтің айтуынша, олар негізінен жемқорлық бойынша айыпталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG