Accessibility links

Сірке қышқылын ішіп уланған белсенді Надежда Солодовникова ауруханадан шықты


Белсенді Надежда Солодовникова тұратын үй. 21 желтоқсан 2021 жыл.
Белсенді Надежда Солодовникова тұратын үй. 21 желтоқсан 2021 жыл.

Орал қаласында қысым мен қудалауға қарсы өз-өзін улаған белсенді Надежда Солодовникова ауруханадан шықты. Дәрігерлер оның жағдайын бірқалыпты деп бағалайды.

— Қазір өз бетімше тамақтана алмаймын, өңешімнен тек сұйық тамақ өтеді. Сорпа ішіп, сұйық ботқа жеймін. Қызылмай ішіп жатырмын, бұл май жараны тез жазады екен. Толық тексерістен өте алмадым, себебі өңешім қатты зақымданған. Дәрігерлер бір айдан кейін процедураға келіңіз деп айтты, - деді белсенді телефонмен.

Солодовникова әлі әлсіздік барын айтады. Ол улануының денсаулығына кері әсері бола ма деп алаңдайды.

— Оңалуым керек, содан кейін ғана алдағы жағдайым белгілі болмақ. Жоспарларымды айтпаймын. Тек айтарым, құқық қорғаушыларға қайырылдым, адвокатым бар. Олар заңдық және құқықтық жағынан көмектеседі, - деді ол.

Солодовникова жұмысынан айырылған соң табыссыз қалғанын айтады. Белсенді елден кету жағын да қарастырмақ.

БҚО денсаулық сауқтау басқармасы "Солодовникова денсаулығының жақсаруына байланысты 27 желтоқсанда ауруханадан амбулаториялық емделуге шығарылды. Жағдайы бірқалыпты, өміріне қауіп жоқ" деп хабарлады.

Солодовникова 19 желтоқсан таңертең сірке қышқылын ішіп, өзін өзі улаған. Осы оқиғадан бірнеше күн бұрын ол билік тарапынан қысым жасалып жатқанын, үйінің маңын полиция көлігі торуылдап, телефон қоңырауы жиілегенін айтқан.

Солодовникова биліктің қысымын азаматтық белсенділігінен, қарсылық акцияларынан көреді. Ол бұған дейін билікті сынап, әкімдіктен 150 адам тұратын, тозығы жеткен ескі үйлерін жекешелендіріп беруді талап еткен.

Солодовникова 1 желтоқсанда "Адамның өз меншігін өзіне беріңдер" деген плакат ұстап, жалғыз адам пикетіне шыққан.

Бір аптадан кейін Солодовникова өзге де белсенділермен бірге Орал әкімі Абат Шыныбековтің қабылдауында болды. Ертеңіне оның Facebook парақшасында видео жарияланды. Видеода көлікте отырған Солодовникова "жұмысқа кетіп бара жатқан кезімде үш ер адам заңсыз ұстап алды" деп сөйлейді. Ол себебін түсіндіруді талап еткенде телефонын тартып алып, видео үзіліп қалған.

"Өлсем, шенеуніктер жауапты". Оралда белсенді өзін улап, ауруханаға түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:33 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG