Accessibility links

Теміртаудағы тәуелсіз зерттеу: Бір адамға шаққанда 4 келі улы тозаң тарайды


Теміртаудағы "қара қар".
Теміртаудағы "қара қар".

Қазақстан экологтары Теміртау қаласындағы ауаның сапасын зерттеу қорытындысын жариялады. Зерттеу бірнеше жылдан бері қара қар жауып, ауадан жағымсыз иіс шығады деген шағымдардан соң жүргізілген.

АҚШ-тың гранттар бағдарламасымен жасалған зерттеу 2021 жылды толық қамтыған.

Зерттеу авторлары "Казгидрометтің" мәліметтерін есепке алып, 2021 жылы Теміртау қаласы лас ауа жөнінен Қазақстанда бірінші орынға шыққанын жазды.

Қала тұрғындарының басым бөлігі улы тозаң көп тараған аудандарда тұрады. Жылына 255 мың тонна зиянды тозаң бөлініп шығады. Бұл - бір тәулікте Теміртау қаласының әрбір тұрғынына 3, 74 келі улы тозаңнан келеді деген сөз.

Экологтар ауада ауыр, улы металл, ыс, шаң, темір аэрозолы, көміртегі оксиді, азот және күкірт диоксиді, фенол мен аммиак, күкірт сутегі және органикалық улы заттар бар екенін анықтаған.

"Біз Теміртау қаласында тозаңның 80 пайызы темір екенін анықтадық. Бұдан бөлек Теміртау және басқа аймақтарда халық арасындағы аурулардың 16 жылдағы көрсеткішін салыстырдық: жүрек-қан тамыр аурулары бойынша Теміртау бірінші орында тұр. Қатерлі ісік аурулары бойынша Қарағандымен бір деңгейде тұр. Қалада тозаң концентрациясын кем дегенде 10 пайызға азайтсақ, қала адамдарының өмірі 4-5 жылға ұзарар еді", - деді тәуелсіз сарапшы Айгүл Мәлікова.

Ауаға зиянды қалдық шығару жөнінен "Арселор Миттал Теміртау" металлургиялық комбинаты алда тұр. Бұдан өзге де 22 компания бар.

Теміртауда ауа сапасы мәселесі ұзақ жылдардан бері көтеріліп келеді, қалада жауған қар бірнеше сағаттан соң қап-қара болып кетеді. Экология министрлігінің шенеуніктері комбинат иесі "АрселорМиттал Теміртаудың" "экологияны қорғауға бағытталған шаралары" нәтиже бермейтінін мойындайды. Статистика бойынша, комбинат жыл сайын ауаға 200-230 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарады, әрбір теміртаулыққа шамамен 1,4 мың тонна қалдықтан келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG