Accessibility links

Теміртауда экобелсенділер ауа сапасын жақсартуды көздейтін акция бастады


"АрселорМиттал Теміртау" комбинатынан шыққан түтін.
"АрселорМиттал Теміртау" комбинатынан шыққан түтін.

Ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың басым бөлігіне жауапты металлургиялық комбинат орналасқан Теміртау қаласында ауа сапасына байланысты қоғамда наразылық туындағаннан кейін экобелсенділер "Теміртауда ақ қар" акциясын бастады.

Бастама тобын құрған белсенділер экология мәселесіне алаңдап, жағдайды өзгерту үшін үлес қосқысы келетін адамдарды топқа шақырған.

5 наурызда топ әлеуметтік желі мен мессенжерлер арқылы әлеуметтік желіде сауалнама жүргізе бастады. Сауалнама АҚШ елшілігінің "Теміртау қаласының ауа сапасын бақылау, қоғам ақпаратын молайту және қатысу" атты шағын гранттар бағдарламасын қолдау жобасы аясында жүзеге асырылады.

— Ауаның ластануы - жылдам әрекетті талап ететін өте маңызды және нәзік мәселе. Сауалнама нәтижелері және жиналған барлық ұсыныстар барлық деңгейде шешім қабылдайтын тұлғаларға таныстырылады. Неғұрлым көп адам пікірін айтып, ұсыныс енгізсе, сауалнама нәтижесі де соғұрлым тиімдірек болмақ, — дейді Азаттыққа жобаның қоғаммен байланыс бөлімінің көмекшісі Анна Андрейчук. Жобаны "Қарағанды облыстық экологиялық музей" қоғамдық ұйымы жүзеге асырып отыр.

Сауалнама мақсаты — қоғамның ауа сапасы мен жағдайды жақсарту туралы ұсыныстарын білу. Экобелсенділер сонымен бірге Теміртау тұрғындарының "Экологиялық мәселелерді кешенді түрде шешудің 2020-2024 жылдарға арналған жол картасы" бағдарламасы бойынша билік жоспарлаған әрекеттерден хабары бар-жоғын да білгісі келеді.

Сауалнама нәтижесі сонымен бірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жіберіледі. Былтыр БҰҰ-ның бас хатшысы ұйымдастырған климат бойынша виртуалды саммитте Тоқаев қалдықтарды азайту міндетін мойнына алған. Тәуелсіз экологтардың айтуынша, Қазақстан климат жөніндегі Париж келісімі аясында бірқатар міндеттеме алған, бірақ аймақ деңгейінде оны шешу үшін күш салмай отыр.

19 ақпанда кемінде бір сағат бойы кәсіпорынның конвертер цехынан зиянды қалдықтар сүзгіден өтпей ауаға жайылып жатты. Экологиялық бастама осы оқиғадан кейін көтеріліп отыр.

Теміртауда ауа сапасы мәселесі ұзақ жылдардан бері көтеріліп келеді, қалада жауған қар бірнеше сағаттан соң қап-қара болып кетеді. Экология министрлігінің шенеуніктері комбинат иесі "АрселорМиттал Теміртаудың" "экологияны қорғауға бағытталған шаралары" нәтиже бермейтінін мойындайды. Статистика бойынша, комбинат жыл сайын ауаға 200-230 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарады, әрбір теміртаулыққа шамамен 1,4 мың тонна қалдықтан келеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG