Өткен аптаның соңында Қырғызстанда жергілікті кеңеске сайлау өтті. Сайлауға бірнеше күн қалғанда полиция оппозициялық Социал-Демократиялық партияның кеңсесіне тінту жүргізіп, ұйымның белді мүшелерін қамауға алды.
Партия басшысы Темірлан Сұлтанбеков пен сайлауалды науқан жетекшісі Ирина Карамушкина дауыс сатып алмақ болды деген айыппен ұсталған.
Социал-демократтардың қылмыстық қудалау салдарынан 16-17 қарашада өткен қалалық кеңеске сайлаудан шеттетілуі қырғыз режимінің плюрализмге аллергиясы барын тағы да көрсетті.
Президент Садыр Жапаров пен оның одақтастары билікке келгелі төрт жыл ішінде Қырғызстанның "авторитар Орталық Азиядағы демократиялық аутсайдер" деген беделі көп соққыға ұшырады. Ақпарат құралдары, азаматтық қоғам мен биліктің саяси қарсыластарын қудалау басталды.
Бұл тенденция әдетте қызу, тартысқа толы өтетін Қырғызстан сайлауы көп ұзамай көрші елдердегідей шараға айналып кетеді деген қауіп туғызды.
СЫН-ПІКІРГЕ ОРЫН ЖОҚ
55 жастағы Жапаров 2020 жылы сайлаудан кейінгі наразылық кезінде билікке келді. Ол кезде қазіргі президент адамдарды кепілге алды деген айыппен түрмеде отырған еді. Бірақ Жапаров бұл айыптың саяси астары барын айтып келген.
Оның "түрмедегі тұтқыннан президент қызметіне дейін" күрт көтерілуі 2021 жылы қаңтарда өткен сайлаудағы жеңісімен заңдастырылды.
Жапаров сайлауда айқын басымдыққа ие болғанымен, оған дейін де елді өзі басқарып, биліктің бәрін қолына жиып үлгерген. Сондықтан кей мықты ықтимал кандидаттардың өзі Жапаровпен бәсекеге түсуге батпады. Сайлау сонда да тартысқа толы өткен.
Президент сайлауында Жапаровқа қарсы 16 кандидат бақ сынады. Олардың бірнешеуі Садыр Жапаровтың ашық сыншысы еді. Бір кандидат тіпті президентті ұлттық телеарнаның тікелей эфирінде "жемқор" деп айыптаған.
Содан бері болған оқиғалар қазіргі билік тұрғанда, ондай қызу сайлау қайта өтпейтінін көрсетті.
Жапаровты "жемқор" деп атаған кандидат, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұрынғы басшысы Әділ Сегізбаев сайлаудан кейін билігін асыра пайдаланды деген айыппен ұсталып, бір жылдан астам уақыт түрмеде отырды. Кандидаттың видеосын бөліскен жасөспірім блогер бірнеше айға қамалды.
Президент сайлауына қатысқан тағы бірнеше кандидат үйқамаққа немесе түрмеге жабылды.
Ал парламент қуатынан айырылды.
2021 жылғы президент сайлауында дауыс саны бойынша екінші орын алған Адахан Мадумаров 2023 жылы cайлаудан шеттетіліп, мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен ұсталды.
YouTube қолданушылары жақсы көретін жарқын мінезді, діни топтармен тығыз байланысы бар саясаткер Нұржігіт Қадырбеков парламенттегі орнынан бас тартты.
Кадырбеков пен ол басқаратын "Иман нұры" партиясы үкіметті анда-санда ғана сынайтын, сондықтан оны ешкім оппозицияға жатқызбайтын.
Бірақ билік партияның халық арасындағы танымалдығын өзіне қауіп төндірді.
Халықаралық Республикалық Институт қаржыландырған сауалнамалар Қадырбеков Жапаров пен оның жақын серігі – ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Қамшыбек Тәшиевтен кейінгі үшінші танымал саясаткер екенін көрсетті.
Кадырбеков бір кездері өзі басқарған қайырымдылық қорының бухгалтерлік есебінде ықтимал заңбұзушылықтар бар деген күдікпен тергеу басталғанда, парламенттегі мандатынан бас тартты.
Биліктің айтуынша, қор Түркия үкіметінің діни білімге бөлген миллиондаған доллар қаржысы бойынша дұрыс есеп бермеген. Әзірге Қадырбеков қамауға алынған жоқ.
ЖЕРГІЛІКТІ САЯСАТ
Ұлттық саясатпен салыстырғанда, жергілікті сайлаудың бәсі төмен.
Жапаров жүргізген орталықтандыру реформасының арқасында жергілікті сайлаудың маңызы одан әрі төмендеді.
2021 жылы Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін парламент атқарушы билік құзыретін тапсырғаны сияқты, қалалық кеңестер де әкім сайлау құзыретінен айырылды.
Енді қала басшыларын президенттің өзі тағайындайды. Бұл әкімдердің орталық билікке тәуелділігін одан әрі күшейтті.
Бірақ партиялар мен саясаткерлер әлі күнге дейін үстел басындағы орнынан айырылғысы келмейді, әсіресе Бішкек пен Ош қаласында бәсеке жоғары.
Жалпы алғанда, 17 қарашада жергілікті кеңеске сайлау бюллетенінде 40 партия мен 5 мыңнан астам кандидат болды.
Социал-демократтар Бішкектегі сайлаудан шет қалғанымен, аймақтағы бес қалада 5 пайыздан жоғары дауыс жинап, қалалық кеңестерге өтті.
Партия қайта тіркеуден өтіп, ұзақ жылдар бойы Қазақстанның билеуші партиясы болған, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевпен тығыз байланысты үлкен ұйымның шағын нұсқасына айналды. Социал-демократтар халық арасында өте танымал.
Тарихқа сүйенсек, Қырғызстанда партия басшылығы қысымға ұшыраса, бүкіл ұйым зардап шегеді.
2023 жылы мамырда Халықаралық Республикалық Институттың қолдауымен жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша ең танымал партия деп танылған "Иман нұры" Бішкек пен Оштағы қалалық кеңес сайлауына қатыспай, тек алты өңірдегі сайлауда ғана бой көрсетті.
Мадумаровтың "Бүтін Қырғызстан" партиясы оңтүстіктегі Кербен қаласында өткен бір жергілікті сайлауға ғана қатысып, қалалық кеңеске өту үшін талап етілген дауысты жинай алды.
Бүкіл елдің қалалық кеңестеріндегі орын саны бойынша есептегенде, билік қолдауына ие "Жаңа Қырғызстан" басым түскен. Бұл партияның ауыз толтырып айтарлық тарихы жоқ, бірақ биліктегі қос тұлғамен тығыз байланысы бар.
Қазір "социал-демократтар дауыс сатып алды" деген айыпқа дәлел ретінде Карамушкина мен партия мүшесінің телефон әңгімесі деген жазба ұсынылып отыр. Бұл әңгіме белгісіз жолмен интернетке жарияланған.
Телефонда партия өкілдері ақша тарату жайлы айтады. Бұрынғы президенттің ұлы, партияның жоғары шенді мүшесі Қадыр Атамбаев олар сайлауалды науқанда еңбек еткен белсенділерге ақша төлеу жайын сөйлескен дейді.
Партия басшысы, 26 жастағы Сұлтанбеков 13-14 қарашада 20 сағаттан астам тергеуде болған.
Ташиев өткен аптада парламентте сөйлеген сөзінде Социал-Демократиялық партия белсенділері дауыс сатып алуға тікелей қатысқанын айтты.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы жақында үкімет сайлауға араласатын күндер артта қалды деген, бірақ бұл сөзіне бірде-бір дәлел келтірмеді.
Журналист, Қырғызстанда былтырдан бері бұғатталған Kloop зерттеу басылымы құрылтайшыларының бірі Ринат Тухватшин "Қырғыз шенеуніктері қазіргі маңызы төмен сайлауға ғана емес, осы режимнің тұсында өтетін болашақ сайлауларға да сенімнен айырды. Қанша қиындыққа қарамастан, сайлау біздің қоғамдағы маңызды құрал болып келді", — дейді Тухватшин.
Азаттық радиосы Қырғыз қызметі үлес қосты.
ПІКІРЛЕР