Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде Израильдің 22 жастағы азаматы Леван Когиашвили қайтыс болды. Бұл туралы The Jerusalem Post басылымы Израиль сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Қазір Израиль үкіметі марқұмның мәйітін елге жеткізу жағын ұйымдастырып жатыр.
Қазақстанда интернет қайта өшті
Интернет жұмысын бақылайтын Global Check сервисі Қазақстанда интернет қайта өшкенін хабарлады. "Интернет жеті сағаттан аса уақыт жұмыс істеді" деп жазды сервис.
7 қаңтарда Қазақстан президенті Тоқаев "жағдай тұрақталған аймақтарда" күніне бірнеше сағат интернет берілетінін айтқан. Ал Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин "террористер бір-бірімен байланыспас үшін интернет өшірілгенін" айтқан.
Билік қазірге дейін "террористердің" кім екенін ашық айтпай отыр.
Ішкі істер министрлігі Ақтөбеде тәртіпсіздікті ұйымдастырған 11 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Министрлік елде барлығы 4404 адам полицияға жеткізілгенін хабарлады.
Ведмство ұсталғандардың кім екенін, олардың тәртіпсіздікті қалай ұйымдастырғанын ашып айтпады.
- Авторы: Сәния ТОЙКЕН
Ақтаудағы наразылық митингі аяқталды
8 қаңтарда таңертең Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы – Ақтаудың Ынтымақ алаңындағы митинг аяқталды. Бірнеше күннен бері билікке әлеуметтік және саяси талаптар қойып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отставкасын талап етіп бейбіт митинг өткізіп тұрған адамдардың алаңдағы киіз үйін әлдекімдер жинап алып кетті.
Бірақ "талабымыз орындалмады, алаңның басқа жеріне барып тұрамыз" деген он шақты адам әкімдіктің қасындағы алаңқайда әлі жүр. Наразылар өкілінің айтуынша, олардың өз мүлкі – киіз үйді белгісіз біреулер алып кеткен және өздерін күштеп таратқан. "Олар орган адамдары болуы мүмкін" дейді наразылардың бірі.
Қазір Қазақстан бойынша наразылық митингі өтіп жатқан жалғыз қала – Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы. Газ бағасының күрт қымбаттауына наразы жұрттың митингісі 2 қаңтарда ең алдымен осы қалада басталып, кейін Қазақстанның бүкіл аймағына тараған.
ПІКІРЛЕР