Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарда ҰҚШҰ-ның онлайн жиынында мемлекеттік төңкеріс жайлы мәлімдеді. Бұл сарындағы сөзді жаңадан тағайындалған мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин де айтты. Билік "мемлекеттік төңкерісті" нақты кім жасамақ болғанын, кімдердің "билікті басып алмақ болғанын" ашып айтпады.
ТОҚАЕВ ҰҚШҰ ЖИЫНЫНДА НЕ АЙТТЫ?
Тоқаев ҰҚШҰ жиынында 5 қаңтардан басталған тәртіпсіздіктің мақсаты "билікті басып алу, басқару институттарын мен конституциялық құрылымды бұзу" және "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деп атады.
"Мемлекеттік төңкеріс" жайлы сөзді 10 қаңтарда "Хабар 24" арнасының эфирінде Тоқаевқа жақын адамдардың бірі, жаңадан тағайындалған мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин де айтты. Ол 5 қаңтардан бастап болған оқиғаларды "елде төңкеріс жасау мақсатындағы гибридті террорлық шабуыл" деп атады.
Ақорда 1-5 қаңтардағы наразылықтарды "бейбіт митинг" деп атап, ал 5 қаңтардан кейінгі оқиғаларды бейбіт наразылыққа қатысы жоқ дегенді меңзей бастады.
Тоқаев ҰҚШҰ-ның онлайн отрысында "діншіл радикалдар, қылмыстық элементтер, бандиттер, тонаушылар мен бұзақылар" "наразылықты тірі қалқан ретінде пайдаланды", "әскерилер мен құқық қорғау органдарының киімін киіп алды" деді.
"Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси талаптар екінші, үшінші планда қалды. Оны ұмытып кетті. Мұның артынан өз уақытын күтіп отырған қарулы содырлар іске көшті" дейді Қазақстан президенті.
Тоқаев "террористер" "бес есе көп болғанын" айтып, "содырлардың резиденция алдына жиналуы - Қазақстанға қарсы террористік соғыс" деп атады. Ол "содырлар елдің 11 аймағына шабуылдады, негізгі соққы Алматыға бағытталды" дейді.
"Алматының құлауы халық көп қоныстанған оңтүстік аймақты, одан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашар еді. Бұл оқиға тарихта "Алматы трагедиясы" деген атпен қалады" деді.
Қазақстан президенті тәртіпсіздіктен күштік құрылымның 16 қызметкері қаза тауып, 1300-і жараланғанын айтты. Ол бейбіт тұрғындар арасында да қаза болғандар барын, марқұмдардың саны анықталып жатқанын жеткізді.
Қазақстан билігінің адам шығынына қатысты деректері қабыспай жатыр. Осыған дейін ІІМ күштік құрылымдар арасында 18 адам қаза тапқанын айтқан еді. Бұған қоса, 9 қаңтарда ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиесілі телеграм канал денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап, 164 адам қаза болғанын мәлімдеген. Кейін министрліктер бұл деректі "техникалық қателік" деп жоққа шығарды. Қазірге дейін белгілісі елдегі тәртіпсіздік кезінде кем елу адам қаза тапқан. Олардың арасында екі бала бар.
Тоқаев ҰҚШҰ жиынында "содырлар" Ақорданы "басып алу жоспары болғанын" айтып, "астанаға үш әскери ұшақ келген соң жоспарларынан бас тартты" деді.
Қазақстан президенті ҰҚШҰ жиынында Ресей президенті Путинге және ұйым мүшелеріне алғыс білдіріп, "Қазақстанда антитеррорлық операция жақын арада аяқталады, сол уақытта ҰҚШҰ миссиясы жұмысын аяқтайды" деп мәлімдеді.
"Алдын ала тергеу аяқталған соң әлемдік қауымдастыққа біздің елге жасалған террористік агрессияға дайындық жайлы дәлелдер ұсынамыз" деді Тоқаев.
ҰҚШҰ жиынында Ресей президенті Владимир Путин "бітімгер контингент сөзсіз Қазақстан аумағынан шығарылатынын" айтты. Ол Қазақстандағы тәртіпсіздікте "майдан технологиясы" қолданды деп сипаттады. Путин "майдан технологиясының" қолданылғанына қатысты ешқандай дәлел ұсынбады.
10 қаңтар кешкісін Тоқаев Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен сөйлескенде "Қазақстанға қарсы шабуыл жасағандардың көбі Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Ауғанстаннан және Таяу Шығыстан келген" деп мәлімдеді. Ол шабуыл жасағандарды кім жібергенін айтқан-айтпағаны белгісіз. Бұл жайында Ақорданың хабарламасында айтылмайды.
Тоқаев бұл сөзін Батыс елдері, халықаралық ұйымдар тарапынан мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған мәлімдемелер көбейген тұста, шетелдік басылымдар елдегі жайтқа баса назар аудара бастағанда айтты.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҚИҒАНЫҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ
2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында түнде наразылық жалғасты.
5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатты.
5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
Тоқаев елдің экс-президенті Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады.
Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылды "агрессия актісі" деп, оған "террористік топтарды" айыптады. Сол кезде Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екенін айтпаған еді.
5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті. Қоғамда шетелдік әскерилердің кіргеніне қарсылық өршіді.
Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.
Назарбаевтың өзі 28 желтоқсаннан бері жұрт алдына шықпады, елде болып жатқан наразылыққа қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Қазақстан билігі жағдай ушыққан тұста интернетті ажыратып тастады. Ақпараттық вакуумда қалған тұста Назарбаев пен оның отбасы елден кетіп қалды деген сыбыстар тараған. 8 қаңтарда экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде бірнеше сөйлеммен "Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін", "Тоқаевпен баррикаданың бір жағында" екенін жазды.
10 қаңтар Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Елде жағдай тұрақтала бастағаны, әскерилер елдегі нысандарды "бақылауына ала бастағаны" айтылды.
ПІКІРЛЕР