6 қаңтар күні таңертең Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласына елде бұрын-соңды болмаған наразылық толқыны мен қарулы қақтығысты басу үшін шақырылған Ресей әскерінің ұшақтары келіп қонды.
Олар ҰҚШҰ-дан (Мәскеудің бастамасымен құрылған, Қазақстан мүшесі саналатын әскери одақ) жіберілген "бітімгерлік" күштердің қатарында болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтар күні теледидар арқылы жасаған мәлімдемесінде одаққа мүше елдерден әскери көмек сұраған. Ол наразыларды "шетелде дайындықтан өткен, халықаралық содырлардан құралған банда" деп атап, ел тұтастығына қауіп төніп тұрғанын айтқан.
ҰҚШҰ-дан ресей, беларус, армян, тәжік және қырғыз жауынгерлерінің келуі Қазақстанның авторитар билігін есеңгіретіп, Өзбекстан, Ресей, Беларусь сияқты көрші автократияларды уайымға салған дағдарыстың жаңа парағын ашты.
"Ресей өз одақтастарын қолдауға дайын екенін көріп отырмыз. Бәрі сәтті аяқталса, бұл Ресейдің өңір қауіпсіздігінің басты кепілі ретіндегі рөлін күшейтеді" дейді Мәскеудегі Карнеги орталығының қызметкері Александр Габуев.
2 қаңтарда сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауынан басталған бейбіт наразылық аз уақытта басқа өңірлерге тараған. Наразылар Тоқаев пен елді отыз жыл басқарған, 2019 жылы отставкаға кеткеннен кейін де билігін сақтап қалған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы талаптар айта бастаған.
Қымбатшылық, экономикалық қиындықтар, жемқорлық пен автократиялық режимге қарсы наразылық жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Мыңдаған наразы әкімшілік ғимараттарды, телестудияларды, әуежайлар мен дүкендерді басып алды.
Қазақстан билігінің ҰҚШҰ-дан көмек сұрап, өз әскерін антитеррор операциясы аясында наразылықты басуға қолдануы постсоветтік кеңістіктегі көп мемлекетке жақсы белгі болды. Постсоветтік елдердің көбі Қазақстандағы оқиғаларды өздеріндегі авторитар режимнің мықтылығын тексеретін сынақ деп қабылдады.
Бұл бірінші кезекте Ресейге қатысты: президент Путин 2014 жылы Украинада, 2020 жылы Беларусьте Кремльді қолдайтын билікке қарсы жаппай наразылықтар болғанын ескеріп, Қазақстанға әскери көмек беруге көп ойланбай, бірден келісті.
"Мәскеу Тоқаевтың биліктен кеткенін қаламайды. Керісінше, олар қалай болса да, режимді сақтап қалуға дайын екендерін көрсетіп отыр", дейді Габуев.
КӨРШІ ЕЛДЕРДЕГІ РЕАКЦИЯ
Қазақстанға ҰҚШҰ әскерін жіберу туралы шешімді бірінші болып қазір ұйымға төрағалық етіп отырған Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян хабарлады. Ол Қазақстанға әскер қоғамдық тәртіп қалпына келгенше уақытша жіберіледі, жауынгерлер негізінен стратегиялық нысандарды күзетумен айналысады деп түсіндірді. ҰҚШҰ Мәскеуден десантшылар баратынын мәлімдеді.
ҰҚШҰ 1999 жылдан бері өзіне мүше мемлекетке бірінші рет әскер жіберіп отыр. Одаққа Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше. ҰҚШҰ 2010 жылы Қырғызстанда болған этникалық жанжалға, 2021 жылы Армения мен Әзірбайжан арасында болған қарулы қақтығысқа араласудан бас тартқан.
Қазақстандағы дағдарысқа сыртқы күштер кінәлі екенін дәлелдейтін айғақтар жоқ. Бірақ Қазақстан билігі елге террорлық қауіп төнгенін айтып, дабыл қақты. ҰҚШҰ әскерін кіргізуге осы себептің өзі жеткілікті. "Бұл Қазақстанның Ресейдің сыртқы саясатында маңызды рөл атқаратынын көрсетеді", дейді Габуев.
ҰҚШҰ-дан әскер жіберу туралы мәлімдеме жасалардан бірнеше сағат бұрын Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Шет мемлекеттер Қазақстанның ішкі мәселесіне араласпауы керек" деген еді.
Тоқаев Беларусь президенті Александр Лукашенкомен де сөйлескен. 2020 жылы халық наразылығын аяусыз басып-жаншығаннан кейін Лукашенко билігі Ресейдің экономикалық және саяси қолдауына тәуелді болып қалған.
Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстан билігін қолдайтын мәлімдеме жариялап, қазақстандықтардың бар мәселені өздері шеше алатынына сенім білдірді.
Қытай да Қазақстандағы жағдайға алаңдап отырғанын мәлімдеді. Қазақстан – "Бір белдеу – бір жол" жобасы үшін маңызды мемлекет. Кейінгі он жылда аталған жоба аясында елге миллиардтаған доллар инвестиция тартылған. 6 қаңтарда Қытай Халық Республикасы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбин Қазақстандағы оқиғалар елдің ішкі мәселесі екенін, Пекин көрші мемлекеттегі жағдай тезірек тұрақталады деп үміттенетінін жеткізді.
Қытайдағы мемлекеттік Global Times газетінің бұрынғы бас редакторы Ху Сидзинь Twitter парақшасына Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздік "түрлі-түсті революцияға" ұқсайтынын жазып, елдегі жағдайды 2003 жылы Грузияда, 2005 жылы Украинада Кремльді қолдайтын режимге қарсы болған наразылықтармен салыстырды. Ол Ресей мен Қытай жағдайды тұрақтандыруға қатысып, Тоқаев айтқан "сыртқы жауға" тойтарыс береді деп сенеді. "Ресей мен Қытай [АҚШ] пен батыс елдеріне Қазақстанда ұзақмерзімді тәртіпсіздік орнатуға мүмкіндік бермейді" деді Ху Сидзинь.
ЖАҢА ДӘУІР
Қазақстандағы бейберекетсіздіктің артуы өңір болашағына әсер етпей қоймайды. Тоқаев басында демонстранттардың айтқанын орындауға тырысып, жанармай бағасына мемлекеттік бақылау орнатып, Назарбаевты қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен алып тастады. Одан бөлек, үкіметті отставкаға жіберіп, бірқатар лауазымды орынға жаңа адамдарды тағайындап, тіпті, Назарбаевтың немере інісін де қызметінен босатты.
Бірақ бұл шаралар ондаған жыл бойы биліктің экономикалық және саяси бағытына наразы болып келген халықты баса алмады. Сондықтан президенттің басқа амалы қалмай, күш қолданып, ҰҚШҰ-дан әскер шақыруға мәжбүр болды.
Назарбаевтың 30 жылға созылған билігі тұсында оның достары, туыстары мен "Нұр Отан" партиясы елдің саяси сахнасы мен медиасын түгел бақылауына алды. Бұрын билік халық наразылығын басу үшін болмашы реформа жүргізіп, үкіметте бір-екі адамның орнын ауыстыруға талпынып көрген. 2019 жылы Назарбаев президент қызметінен кетті, бірақ "ұлт көшбасшысы" ретінде ресми және бейресми билігін сақтап қалды.
Ол өз орнына президент етіп Тоқаевты қалдырды. Тоқаев билікті қолына алған бойда бұрынғы президенттің құрметіне Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертті. "Қазақстан режимді өзгертпей-ақ, көшбасшыларды ауыстыра беруге болатынын көрсетті", – дейді Глазго университетінің еуразиялық зерттеулер профессоры Лука Анчески.
Қазақстанның саяси сахнасы белгілі оппозициялық қайраткерлерден қызғыштай қорылды. Бұл наразылық бағытын айқындап, реформа жүргізу үшін бірігу мүмкіндігін азайтты. "Наразылардың көшбасшысы, ұйымдасқан оппозициясы жоқ. Демек режим тағы да аяққа тұрып кетуі мүмкін", дейді АҚШ қорғаныс университетінің оқытушысы Эрика Марат.
Көрші мемлекеттер бұл процесті жіті бақылауында ұстайды.
"ҰҚШҰ елдің ішкі мәселелерін шешпейді, оның экономикалық не саяси жағдайын жақсартпайды. Олар авторитаризмді күшейтеді. Ал бұл болашақта тағы да наразылық толқынын туғызады", дейді Марат.
ПІКІРЛЕР