Қазақстанда қаңтардағы оқиғадан кейін бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен жақындарының "заңсыз байлығын қайтару" мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі трансұлттық жемқорлықпен күреске «АҚШ ұлттық қауіпсіздігі баса назар аударады» деп мәлімдеген еді. Енді Байден әкімшілігі не өздері айтқан ұстанымға көз жұмарын, не Қазақстанның жаңа авторитар басшысына билікті нығайтуға көмектесерін білмей, екі оттың ортасында қалғандай.
2021 жылғы желтоқсанда АҚШ президенті Джо Байден жүзден астам елдің өкілі қатысқан конференцияда трансұлттық жемқорлықты айыптай сөйлеген еді.
Ол мұны «мемлекет ресурсына қол сұғатын, билікті халық игілігі үшін жұмыс істеу мүмкіндігінен айыратын қылмыс» деп атады. «Сыбайлас жемқорларды, соның ішінде ақшасын АҚШ-та тығып отырғандарды жауапқа тарту үшін» бүкіл әлемдегі серіктестерімен бірігіп жұмыс істеуге уәде берді.
Байден әкімшілігі трансұлттық жемқорлық АҚШ үшін «ұлттық қауіпсіздіктің негізгі мәселесі» екенін айтты.
Осы конференциядан бір ай өтер-өтпестен АҚШ-тан он мың шақырым жердегі Қазақстанда болған жағдай Байден әкімшілігінің сол сөзі сыналатын шекараны белгілеп бергендей.
Жыл басында Қазақстанның батысында халық газдың қымбаттауына қарсы наразылыққа шықты. Ақыр соңында бұл оқиға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік үшін қиян-кескі тартысына ұласты.
Бірнеше күнге созылған дүрбелеңнен соң бұл таласта Тоқаевтың басым түскені байқалды. Ал қанды қырғыннан ондаған адам қаза тауып, мыңдаған адам ұсталды.
11 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев билік Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі қалдық өңдеу компаниясымен келісім-шартты үзетінін жариялады. Бұл бұрынғы президентке жақын адамдардың шетелде жасырған байлығын қайтару науқанының бірінші қадамы болуы мүмкін. Олардың байлығы АҚШ пен Еуропадағы активтерді қосқанда кемінде 700 миллион доллардан асады.
Сарапшылардың пайымдауынша, Тоқаев Байденнің «шетелдегі сыбайлас жемқорларды жауапқа тартуға көмектесемін» деген уәдесіне жүгінсе, АҚШ әкімшілігіне күрделі шешім қабылдауына тура келеді.
«Егер Тоқаев [Назарбаев] отбасының мүлкі мен келісім-шарттары жайлы деректердің бәрін берсе, АҚШ үкіметі ел ішіндегі билік үшін таласқа араласатынын біле тұра, бұл қадамға бара ма?» дейді Колумбия университетінің Гарриман институтының директоры, Орталық Азия жөніндегі сарапшы Александр Кули.
«Бұл жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат деңгейінде туындауы мүмкін стратегиялық қиындықты, этика дилеммасын көрсетеді» дейді Орталық Азиядағы жемқорлық жайлы кітап жазған Кули.
Отыз жылға жуық билікте болған Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасындағы мұнай, газ, металл, банк секторы секілді негізгі салаларды отбасы мен достарына "бөліп берген".
Олар негізінен мұның бәріне оффшор компаниялар арқылы иелік етіп отыр. Бұл компаниялардың көбі Батыста тіркелген. Көбіне мұндай амалға заңсыз жолмен алынған табысын елдегі ықпалынан айырылғанда да сақтап қалғысы келетін адамдар жүгінеді.
Бірақ Батыстағы материалды активтер де, оффшор құрылымдары да Батыстың құқық қорғау органдарының азаматтық немесе қылмыстық істерге араласуына жол ашады.
Тәжірибе көрсеткендей, күдікті тұрып жатқан елдің билігі көбіне құқық қорғау органдарына көмектесуге ынталы болмағандықтан, Батыс елдері үшін жемқорлық істерін шетелде сотқа тарту қиынға соққан.
Кули Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевтің Лондондағы «шығу тегі белгісіз» байлығына, атап айтқанда, 100 млн долларға бағаланған мүлкіне ордер салмақ болғанда да солай болғанын айтады.
Қазақстан бұл процесс кезінде Дариға Назарбаеваны қолдап, оның беделді адам екенін, байлығының заңды екенін айтқан дейді Кули.
Кули Назарбаев пен оның достарына тиесілі шетелдегі активтерді қайтару Тоқаевқа «өте қиынға және қымбатқа түседі» дейді.
Сарапшы Тәжікстанның ТАЛКО деген алюминий зауытын мысалға келтірді. 2005 жылы компания бұрынғы серіктесі Азар Назаровты 500 миллион доллар шығын келтірді деп сотқа берген. ТАЛКО Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның бақылауында болған.
2008 жылы тоқтаған істе Тәжікстан адвокаттарға 125 миллион доллар төлеп, ағылшын құқық тарихында адвокаттарға ең көп ақы төлеген іс болып қалды. Бұл оқиға елде кең жайылған жемқорлық мәселесін көрсетіп, елдің онсыз да нашарлаған инвестициялық имиджіне кері әсер еткен.
Украина үкіметі бақылауындағы Приватбанк та кемінде төрт елде магнат Игорь Коломойскийге қарсы сот процестеріне қатысқан. Бұл іс ұзаққа созылып, өте қымбатқа түскен. Кредиторды жүздеген миллион долларға отырғызып кетті деген айып тағылған Коломойский бұл айыпты жоққа шығарған.
Кули Тоқаев үшін мұндай ауыр ұрысқа барудың мәні жоқ екенін, оның орнына Президент бұрынғы лидердің отбасымен қандай да бір келісімге келуі мүмкін дейді.
Егер құжаттар Батыс институттары, оның ішінде университеттер мен негізгі орталықтардың Назарбаевтан немесе оның отбасы мүшелерінен жанама болса да қаржылай көмек алғанын көрсетсе, олар қиындыққа тап болуы мүмкін дейді ол. 2013 жылы Атлант кеңесі Қазақстаннан ақша алғаны үшін сынға ұшыраған еді. Қазақстан 2020 жылғы жағдай бойынша донорлар тізімінде болмаған.
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ТАЛПЫНЫСЫ
Тоқаев АҚШ-пен әріптес болмаса да, Қазақстандағы азаматтық қоғам Байден әкімшілігінен уәдесін орындауды талап етуін жалғастыра береді.
Қазақстан азаматтық қоғам коалициясының мүшелері 2021 жылғы желтоқсанда АҚШ мемлекеттік департаменті өкілдерімен кездесуінде Назарбаевтың айналасындағыларға, оның ішінде отбасы мүшелеріне қатаң санкция салуды талап етті. Жергілікті жерде «Дөңгелек үстел» деп аталатын бұл ұйымға әртүрлі белсенділер тобы кіреді.
Олар кездесуге Назарбаевтың айналасындағы жиырмаға жуық адамның жемқорлығы жайлы құжаттарын ала барған.
Конгресс ұйымдастырған форумға «Дөңгелек үстел» мүшелері мен 1990 жылдардың ортасында Назарбаев кезінде премьер-министр болған Әкежан Қажыгелдин шақырылған. Форум «Демократия үшін саммит» деген атпен танылған виртуалды конференцияға байланысты өткен.
Былтыр Human Rights First көмегімен АҚШ мемлекеттік емес ұйымдары, «Дөңгелек үстел» мемлекеттік департамент пен қаржы департаментінен «Магнитский заңына» сәйкес Назарбаевтың айналасындағы алты адамға санкция салуды сұраған.
«Магнитский заңы» президентке адам құқықтарын бұзған немесе жемқорлық жасаған кез келген шетелдікке АҚШ-қа кіруге тыйым салып, экономикалық санкция салуға рұқсат береді.
Алты адамның арасында Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев, қазақстандық миллиардер, Ұлыбританияда тергеуге түскен Александр Машкевич бар. Екеуі де тағылған айыпты бірнеше мәрте жоққа шығарған.
Белсенділер осы адамдар айып тағылған қылмысты америкалық банктер арқылы жүзеге асырғандықтан, АҚШ оларға қатысты шара қабылдауы керек деп мәлімдеген.
АҚШ қаржы министрлігінің бұрынғы бас кеңесшісі Брайан О'Тул Азаттыққа заңға байланысты істер біршама жылға созылуы мүмкін екенін, осылайша азаматтық қоғам санкция салуға шақыратынын және оған аз уақыт кететінін айтады.
Сондай-ақ ол бұл жағдайда санкция жақсы құрал болмауы мүмкін деп мәлімдеді. Санкция жекелеген адамдарды жазалау үшін емес, сыртқы саясатта қандай да бір мақсатқа жету үшін қолданылады.
Ол виза беруге тыйым салу секілді шаралар орынды болатынын айтты.
2021 жылы Мемлекеттік департамент Коломойскийге экономикалық санкция салмай, АҚШ-қа кіруге жария түрде тыйым салды. Мұндай жағдайдың салдары активтерді бақылап отырған Украина экономикасына ауыр тиетін еді.
ОНДАҒАН ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС
АҚШ Назарбаевтың ірі масштабтағы трансұлттық жемқорлығы жайлы 2000 жылдардың басынан бері біледі.
2003 жылы әділет министрлігі Қазақстан билігінің кеңесшісі, америкалық банкир Джеймс Гиффенді Батыс мұнай компанияларының тиімді келісім–шартқа қол жеткізуі үшін Нұрсұлтан Назарбаев пен мұнайға жауап беретін компания басшысына пара берді деп айыптады.
Гиффен салық заңнамасын бұзғаны үшін, бір рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған алты ай түрме жазасы қаупі төнді.
АҚШ шетел билігі мен жеке азаматтар адам құқықтарын бұзып, жемқорлық секілді әрекеттерге барғанда санкция аясын кеңейтті.
Қазақстан мен ондағы элита бүгінге дейін осы екі жағдайдағы беделінің нашар екеніне қарамастан аман қалып келді.
Кей сарапшылар АҚШ мемлекеттік департаменті наразылық кезінде күш қолдануынатын Қазақстан билігіне әлсіз реакция танытады деп сынға алып келеді.
1990 жылдардың басында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған Уильям Кортни Азаттыққа Батыс елдері Қазақстанмен энергетика секілді біршама салада әріптес болғандықтан, ел билігін сынауда ұзақ жыл бойы сақтық танытқанын айтады.
Ол АҚШ жеке адамдарға қарсы қандай да бір әрекеттерді қарастырмас бұрын, алдымен Қазақстандағы жағдайдың қалай өрбитінін күтетінін, зорлық-зомбылық немесе жемқорлық үшін санкция салуды жұрт Батыстың билік үшін таласқа ықпал ету әрекеті деп қабылдауы мүмкін екенін айтады.
О'Тулдың сөзінше, Вашингтонның Қазақстанға қатысты алдағы жылдардағы негізгі мүддесі – жуырда болған оқиғадан кейін елдің тұрақталуы.
ПІКІРЛЕР