Accessibility links

Болат Назарбаевтың Бішкек арқылы Дубайға ұшып кеткені айтылды


Болат Назарбаев - Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі
Болат Назарбаев - Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі

Азаттықтың Қырғыз қызметінің дереккөздері Болат Назарбаев пен оған жақын бірнеше адамның Бішкекке келіп, кейін Дубайға ұшып кеткенін айтқан. Бұған дейін де ақпарат құралдарында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің елден кеткені жайлы ақпараттар тараған еді.

АЛМАТЫ-БІШКЕК-ДУБАЙ?

Қырғызстан шекара қызметінің бірнеше өкілі Азаттықтың Қырғыз қызметіне Болат Назарбаев пен оның жанындағы бес-алты адам 6 қаңтар таңертең "Ақжол" шекара бекеті арқылы Қырғызстанға өткенін айтқан.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген шекара қызметкерлері "Болат Назарбаев пен оның жанындағыларды Қырғызстан билігіне жақын адамдар күтіп алғанын" айтады.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне "6 қаңтарда Қырғызстанға өтті" делінген Болат Назарбаев, Нұрсайын Назарбаев және Бауыржан Нұрғазыұлы атты адамдардың паспорт көшірмелері келіп түскен.

Ашық дереккөздерде Нұрсайын Назарбаев жайлы дерек жоқ. Ал Бауыржан Нұрғазыұлы Алматыдағы "Барыс" базары басшыларының бірі деген дерек бар. Бұдан бөлек, Нұрғазыұлы Алматы облысы Қаскелең қаласында құрылған "БН Қаскелең" футзал клубының президенті ретінде көрсетіледі.

Қазақ-қырғыз шекарасы маңындағы таксистер Азаттықтың Қырғыз қызметіне Назарбаевтың "жақындары бар деген терезелері қараңғыланған автокөліктер" Қырғызстанға өткенін жеткізген.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) інісі Болатпен Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде 2011 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) інісі Болатпен Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде 2011 жыл.

Қордайдан "Ақжол" бекеті арқылы Қырғызстанға өткен қазақстандық белсенді әрі #ND YouTube-арнасын жүргізетін журналисті Думан Мұхамедкәрім де осы бекеттен Назарбаевтың жақындары Қырғызстанға кіргенін естіген

"Осы жақтағы жергілікті тұрғындар өз көзімізбен көрдік деп айтып берді. Сол жақта симкарта сатқандар Назарбаевтың жақындары балаларын жетектеп өтті деп айтты. Камераға айтып беріңдер десем, қорқамыз деп бас тартты" дейді ол.

Бұдан бөлек, Бішкектегі "Манас" аэропортының аты-жөнін жариялауды қаламаған бірнеше қызметкері Азаттықтың Қырғыз қызметіне Болат Назарбаев пен бірнеше адамның Қырғызстан арқылы Дубайға ұшып кеткенін айтқан.

Қазақстан азаматы Болат Назарбаевқа берілген дипломатиялық паспорт.
Қазақстан азаматы Болат Назарбаевқа берілген дипломатиялық паспорт.

Ал "Манас" әуежайының баспасөз хатшысы Әлия Құрбанова 6 қаңтарда Дубайдан Бішкекке жеке ұшақ ұшып келгенін растады.

"Bombardier ұшағы 2022 жылғы 6 қаңтарда "Манас" халықаралық әуежайына қонған. Ұшақ Дубайдан ұшып келген. Ұшақ кімдікі екенін белгісіз. Коммерциялық ұшақтың жолаушыларының кім екенін де білмейміз. Бұл біздің міндетімізге кірмейді" дейді ол.

Қырғызстан ресми органдары Болат Назарбаевтың Бішкектен ұшып кеткенін жоққа да шығармады, растамады да. Шекара қызметі елге келген және кеткен азаматтардың деректерін беру заңға қайшы келетінін айтып, ақпарат беруден бас тартты.

Талдықорғанда президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш ашу рәсіміне қатысып тұрған сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов (оң жақта жалаңбас тұр) пен Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев. Талдықорған, 30 қараша 2016 ж.
Талдықорғанда президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш ашу рәсіміне қатысып тұрған сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов (оң жақта жалаңбас тұр) пен Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев. Талдықорған, 30 қараша 2016 ж.

НАЗАРБАЕВ ӘУЛЕТІНДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Қазақстанда қаңтардағы наразылық пен қанды оқиғалар болғалы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақындары жұрт алдына шыққан жоқ. Олар жайлы тек ресми жазбаша хабарламалар тарап жатыр.

Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай 8 қаңтарда оның Нұр-Сұлтанда екенін айтып твиттерде жазба жариялаған. Одан кейін Назарбаевтың қайда екені жайлы баспасөз хатшысынан хабар болмады.

Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның Facebook пен Instagram желісіндегі парақшалары 13 қаңтар кешкісін жоғалып кетті. Ол сол күні түске таман желідегі парақтарында елде наразылық пен одан кейін болған дүрбелең жайлы пост жариялаған еді. Назарбаева постында болған жайтты "қайғылы оқиға" деп, қаза тапқандардың отбасына көңіл айтқан. Ол түрлі аймақтан тұрғындардың әкесін қолдап, хабарлама жіберіп жатқанын атап өтіп, "моральдық қолдау үшін" алғыс білдірді. Артынан Назарбаеваның жазбасының астында жұрт негатив пікірлер жаза бастаған.

Кейін Qumash telegram-каналы Әлия Назарбаеваның парақшасының қазіргі жері Біріккен Араб әмірліктері екенін жазған.

15 қаңтарда Назарбаевтың күйеу балалары – Қайрат Шәріпбаев QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен, Димаш Досанов "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма төрағасы қызметінен кетті. Шәріпбаевты ақпарат құралдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі деп атайды. Димаш Досанов - Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі.

16 қаңтарда Қазақстан президенті Тоқаев Самат Әбішті Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатты. 43 жастағы Самат Әбіш – экс-президент Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы.

Бұдан бөлек, Назарбаевтың ортаншы қызы – Динара Құлыбаевның күйеуі, елдегі миллионерлердің бірі Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті.

Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева 12 қаңтардағы мәжіліс орнына қатыспады. Көмекшісі жергілікті басылымдарға оның "Алматыда екенін", "коронавирус жұқтырғанын", "қаңтардың соңына дейін ақысыз демалыс алғанын" айтқан.

Сарапшылар елдегі оқиғаны элитааралық және кландар арасындағы қақтығыс деп те сипаттайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG