Accessibility links

"Төрт айып тақты". Шымкенттегі наразылықтан соң көп балалы ананы абақтыға қамады


Көп балалы ана, белсенді Карима Хайдарбекова. Шымкент, 4 қаңтар 2021 жыл.
Көп балалы ана, белсенді Карима Хайдарбекова. Шымкент, 4 қаңтар 2021 жыл.

Алты баланы жалғыз өзі бағып отырған Карима Хайдарбекова – Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2 айға қамалған он белсендінің бірі. Онымен түрмеде кездескен қорғаушысы Бақытжан Сатыбалдиев белсендінің тағылған айыппен келіспейтінін, балаларына алаңдайтынын айтады. Кариманың ауылдан келген анасынан немерелері "Анашым қайда?" деп сұрай береді.

СОТ ТЕРГЕУ КЕЗІНДЕ ЕКІ АЙҒА ҚАМАДЫ

40 жастағы Карима Хайдарбекова қаңтардың төрті мен бесінде Шымкентте өткен наразылықтарға қатысқан. 8 қаңтарда оны полиция әкетіп, ертесіне жергілікті полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында қалалық мамандандырылған тергеу сотының отырысы өткен.

Сотқа аса маңызды істерді жүргізетін тергеуші тапсырған іс құжаттары бойынша, Карима Хайдарбекова 5 қаңтарға қараған түні Шымкент қаласы әкімдігі мен оның жанындағы "Көрме орталығы" алдында заңсыз митинг ұйымдастырған, жаппай тәртіпсіздік жасап, мемлекеттік мекемелер мен көліктерді бүлдіруге қатысқан деген күдікке ілінген. Тергеу органы белсендіні Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" (293-бап), "Ғимараттарға, құрылыс нысандарына шабуыл жасау" (269-бап), "Билік өкіліне күш қолдану" (380-бап) және "Бөтеннің мүлкін қасақана жою" (202-бап) баптарында көрсетілген қылмыстарға күдікті санайды.

Сот Карима Хайдарбекованың төрт бірдей ауыр дәрежелі қылмысты "адамдар тобымен алдын ала сөз байласып" жасауы мүмкін екенін, "тергеуге кедергі келтіріп, жасырыну қаупі барын ескеріп", оны 2 айға қамауға санкция берген. Қаулыда Хайдарбекованің жеке бас деректері, соттылығы мен жұмыссыз екені жазылғанымен, бұлтартпау шарасын жеңілдететін жағдай ретінде оның алты баласының екеуі мүгедек жалғызбасты ана екені көрсетілмеген.

"ҚЫМБАТШЫЛЫҚ БӘРІМІЗДІҢ ШЫМБАЙЫМЫЗҒА БАТТЫ"

Тұрмысы төмен әйелдердің жайын жылдар бойы айтып, билікке талап қойып жүрген Карима Хайдарбекова 3 қаңтарға қараған түні бір топ белсендімен бірге қаладағы Ордабасы алаңына барған. Сұйылтылған газдың қымбаттағанына наразы болған Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы тұрғындарын қолдап, биліктің отставкаға кетуін талап етіп, Facebook желісінде тікелей эфирге шықты.

Биліктен сұйылтылған газды арзандатуды талап еткен Жаңаөзен тұрғындарын қолдаған жергілікті белсенділер наразылық акциясын өткізу жайлы үндеу тастағаннан кейін Шымкент көшесінде полиция күзеті күшейтілді. 3 қаңтар 2022 жыл.
Биліктен сұйылтылған газды арзандатуды талап еткен Жаңаөзен тұрғындарын қолдаған жергілікті белсенділер наразылық акциясын өткізу жайлы үндеу тастағаннан кейін Шымкент көшесінде полиция күзеті күшейтілді. 3 қаңтар 2022 жыл.

4 қаңтар түсте митинг болады деген қала әкімдігінің алдындағы алаңға да келіп, наразылық білдірді.

– Жаңаөзендіктерді қолдаймын. Осыдан 10 жыл бұрынғы қантөгіс болмасын, оқ атылмасын. Газдан бөлек, азық-түлік те қымбаттап жатыр. Қымбатшылық жаңаөзендіктердің ғана емес біздің де шамбайымызға батты, – деді Хайдарбекова Азаттық тілшісіне.

Ол алты баласының екеуі мүгедек екенін, мемлекет берген жәрдемақы балаларының ас-суы мен дәрі-дәрмегіне жетпейтінін айтып шағынды. Табылған жұмыстың жалақысы – 42 мың теңге, оның 4 мыңы міндетті мемлекеттік салық ретінде ұсталады дейді көп балалы ана.

"ЖАРАЛАНҒАН АДАМДАРҒА КӨМЕКТЕСТІК"

Карима Хайдарбекова қаңтардың төрті мен алтысы аралығында Шымкентте өткен наразылықтар кезінде бірнеше рет көп алдында сөйледі.

4 қаңтар кешке "Жібек жолы" базары маңында жиналғандар алдында сөз сөйледі. Кешке дейін қала ішінде бейбіт митинг өткізуге мүмкіндік берілмегенін айтып, "Халық – алып күш. Халықты ешкім жеңе алмайды" деді. Жиналғандар оған қолдау білдірді.

Орыс драма театры алдына жиналған адамдар. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.
Орыс драма театры алдына жиналған адамдар. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Көп балалы ана түнде Орыс драма театрының алдында жаппай бейбіт наразылық басталғанда, наразылардың 10 шақырым жердегі қала әкімдігіне қарай шерулеткенде, әкімдік алдына жетіп, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап еткенде де жиналғандардың арасынан табылды.

Түнгі сағат екінің шамасында қала әкімдігі мен "Көрме орталығы" жанында бір топ адам полиция көлігін бүлдіріп, аударып тастады.

5 қаңтарда Азаттық тілшісіне хабарласқан ол "Түнде митингіде соңына дейін тұрдым, қарусыз адамдарға оқ атылды, жараланған адамдарды көрдім. Оларға көмектестік. Су шашқан соң таңға жақын жиналғандар тарады" деді.

Хайдарбекованың қамалғанына екі аптадан асса да, кәмелет жасқа толған баласын, балаларын қамқорлығына алған анасын онымен кездесуге кіргізбеген. Азық-түлік, киім-кешек беруге рұқсат етпеген. Тек адвокаты Бақытжан Сатыбалдиев түрмеге кіріп, белсендімен сөйлескен. Ол алаңға өз пікірін билік басында отырған адамдарға жеткізу үшін барғанын, "Жібек жолы" базарында жиналған адамдардың арасында болғанын, олармен бірге "Колос" аялдамасынан басталған шеруге қатысқанын, Орыс драма театырынан қала әкімдігіне жаяу жеткенін растаған.

"Ештеңені қиратпадым, талқандамадым, бүлдірмедім, ешкімді айтақтап митингіге шақырмадым" деген.

– Кариманы түрмеде ешкім ұрып, қинамаған. Тек балалары мен балаларына қарау үшін ауылдан келген қарт анасына алаңдап, уайымдайды. Оны не үшін қамағанына таңғаламын. Жалғызбасты ана, алты баласы бар, олардың екеуі мүгедек. Обал ғой, – дейді адвокат.

"БАЛАЛАРДЫҢ КӨЗІНШЕ ҚАМАЛҒАНЫН АЙТПАЙМЫЗ"

Карима Хайдарбекованың анасы Азаттық тілшісімен телефонмен сөйлесуге келісті.

Зейнеткердің сөзінше, қызы қамауға алынған соң полиция балаларын анасы шыққанша балалар үйіне өткізбек болған. Полиция келгенде екі мүгедек қызының бірі қатты қобалжығаннан ұстамасы ұстап, талып қалған. Жедел жәрдем шақырып, қажетті дәрі-дәрмегін берген соң өзіне-өзі келген.

Кариманың шешесі полицияға балаларды әжесі ретінде өз қамқорлығына алатыны туралы қолхат жазып берген.

– Саясатқа бас сұғуға я қандай да бір сұхбат беруге жоқпын. Бірақ балалардың бәрі көз алдымда, қолымда өсті. Оларды балалар үйіне бермеймін. Қазір немерелерімді сыртқа шығаруға да қорқамын. Мектеп жасындағы үш баласына мұғалімдер үйге келіп сабақ өткізеді. Бала болған соң анасын сағынады ғой, кейде есіне түсіп көңіл-күйі түсіп кетеді. Үш жасар кенжесі "Анашым қайда?" деп сұрайды. Балалардың көзінше Кариманың қамалғаны туралы айтпауға тырысамыз. Үлкені – студент, кейінгісі оқушы. Оларға жағдайды түсіндіргендей болдық. Кішкентайларына не айтатынымызды да білмейміз, – дейді зейнеткер.

Анасы Кариманың еті тірі қыз болып өскенін айтады. Жалғыз болса да ол балаларына қамқор болған. 13 жастағы мүгедек қызына ота жасатуға құжаттарын дайындап жүрген. Енді бұл ота қашан, қалай жасалатыны белгісіз. "Қазір қызым түрмеден аман-есен балаларына оралса деп қана тілеп отырмыз" дейді кейуана.

Жай киімдегі адамдар наразылық митингі өтеді деген жерге келген жергілікті белсенді Ерғали Құлбаевты (ортада) күштеп әкеткелі жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.
Жай киімдегі адамдар наразылық митингі өтеді деген жерге келген жергілікті белсенді Ерғали Құлбаевты (ортада) күштеп әкеткелі жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Шымкентте 4 қаңтар түсте бейбіт митинг өткізбек болған ондаған адамды полиция көшеден күштеп әкетті. Түнде "Колос" аялдамасынан басталған шеруге жол-жөнекей көп адам қосылып, Орыс драма театырына жеткенде наразылар саны бірнеше мың адамға жетті.

Театр алдынан шамамен 10 шақырым қашықтағы қала әкімдігіне он мыңға жуық адам жаяу шерулетіп барды.

Қала әкімдігіне жеткен соң наразылардың ішінде бір топ адам әкімдік ғимараты жанындағы полиция көлігін сындырып, қирата бастады.

5 қаңтар кешке наразылық тағы жалғасып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласты. Куәгерлер сол күні қарусыз адамдарға билік күштері оқ атқанын айтады.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте 120-дан аса адам түрлі жарақат алған. Арасында оқ тиген, пышақталғандар бар. Ауруханаға жараланып түскендердің кейбірі ота кезінде қайтыс болған.

Үкімет Қазақстан бойынша қаңтар оқиғасы кезінде кемі 225 адам мерт болғанын хабарлады. Шымкентте наразылық кезінде қанша адам өлгені, олар кімдер, қандай жағдайда қаза болғаны жөнінде ресми ақпар берілмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG