Маңғыстау облысының Қарақия ауданы Жетібай елді мекенінде былтыр жарты айдан астам уақыт ереуілдеп, жалақыны өсіруге қол жеткізген West Oil Software компаниясы жұмысшылары талаптар жазылған жаңа келісім-шартқа жұмыс беруші қол қоймай отырғанына шағымданады. Олардың айтуынша, жұмыс беруші осылайша өздерін тағы ереуілге итермелеп отыр.
West Oil Software компаниясы жұмысшылары бұл талаптарын видео арқылы мәлімдеген.
«West Oil Software әкімшілігі бітімгершілік келісімге келгенге дейін жұмысшылар талабын заң талабына сай қарамай, әлеуметтік шиеленіске итеріп өз жоспарларын орындап алған болатын. Ал қазір жұмыс беруші ойлаған ойларын орындату мақсатында жұмысшыларының заңды талабын орындамай, оларды қайта ереуілге итермелеп отыр. Біз West Oil Software ЖШС жұмысшылары және ұжымдық шарт қабылдауға құрылған комиссия мүшелері әкімшіліктің қол шоқпары болғымыз келмейді. West Oil Software ЖШС жеке меншік мекеме болғандықтан тек меншік иесінің мүддесін қорғайды, жұмысшы мүддесін қорғамайды. Егер West Oil Software ЖШС әкмішілігі жұмысшылар талабын, ол талаптар бойынша жасақталған бітімгершілік келісімді орындамайтын болса West Oil Software ЖШС қарамағына сенімгерлікке берілген мемлекеттік мүліктерді «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС қайтарып, бізді «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС қайта қабылдатуды сұраймыз» делінген видеода.
West Oil Software компаниясының жүргізушісі Садық Ізтілеудің Азаттыққа мәлімдеуінше төрт ай өтсе де былтырғы ереуілден соң құрылған бітімгерлік комиссиясы талаптары орындалмаған.
- Төрт ай болды – келісім-шарт жоқ әлі. Талаптарымыз орындалмады. Сол кездегі жиынға «Қазмұнайгаздан» өкілдер де қатысып еді. Басшымыз не күтіп отырғаны белгісіз. Қайта ереуілге шығатынымыз туралы тағы да қағаз жазып жатырмыз. Қара боран, ала шаңның арасында өмір сүріп жатырмыз, -деді ол.
Азаттық тілшісі West Oil Software ЖШС кеңсесіне қоңырау шалған еді. Компания хатшысы басшылықтың жиналыста екенін, кейін өздері хабарласатынын айтты. Бірақ ешкім телефон шалмады.
Маңғыстау облысындағы "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі "Ойл Транспорт Корпорейшн" компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсететін West Oil Software компаниясының 500-ге тарта жұмысшысы 2021жылдын 23 тамызынан 9 қыркүйекке дейін ереуілдеткен болатын. Олар жұмыс берушіге үш талап қойып, жалақыны "Ойл Транспорт Корпорейшн" компаниясы жалақысымен теңестіруді, еңбек шартын жасақтап, өздері құрған тәуелсіз кәсіподақтың жұмысына жұмыс берушінің кедергі келтірмеуін талап еткен.
18 күнге созылған ереуіл жұмыс беруші олардың жалақысын 36% көтеріп, мереке күндеріне 20% үстеме қосуға келіскен соң тоқтаған еді. Бітімгерлік комиссиясының бұл келісім хаттамасына West Oil Software мекемесіне қоса «Қазмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз» компаниялары өкілдері қол қойған.
West Oil Software басшысының орынбасары Азамат Нағыметов былтыр Азаттыққа жұмысшылар жалақысының 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап өсетінін айтқан еді.
"West Oil Software" "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі "Ойл Транспорт Корпорейшн" компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсетеді. "Маңғыстаумұнайгаздың" Маңғыстау облысы Қарақия ауданы аумағындағы Жетібай кен орындарындағы ұңғымаларды тазалайды.
ПІКІРЛЕР