27 қаңтарда Қытай сыртқы істер министрі Ван И АҚШ бас хатшысы Энтони Блинкенмен сөйлесіп, АҚШ пен оның одақтастарын Украинадағы жағдайды "ушықтырмай", бейбіт жолмен шешуге шақырды. Ол "қауіпсіздік мәселесіне байыппен келу керек" деп мәлімдеді.
"Әскери блоктарды нығайту арқылы аймақтағы қауіпсіздікке кепіл болуға болмайды" деді Ван И. Кремльдің Украинаны НАТО-ға қабылдамауды сұрағанын меңзеген бұл сөзді Қытай сыртқы істер министрлігі таратты.
Пекин Украина шекарасындағы Ресей әскерінің жүз мыңға жеткеніне бейтарап қарайтындай сыңай танытқан еді. Бірақ Ван Идің Ресей президенті Владимир Путинмен үндес сөзі Қытайдың Кремльді қолдайтынын анық байқатқандай. Бұл екі елдің онсыз да нығайып жатқан байланысы күшейгенін, АҚШ жөніндегі ұстанымдары ұқсас екенін көрсетеді.
Ресми түрде одақтас емес Пекин мен Ресей дипломатиялық және қорғаныс салаларындағы байланысын ұлғайтты. 4 ақпанда Владимир Путин Си Цзиньпинмен саммит өткізіп, Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқан соң бұл байланыстың нығая түсетіні аңғарылды.
Сарапшылардың сөзінше, Қытай Украинадағы жағдайдан АҚШ-ты айыптап, Мәскеумен байланысын нығайту мүмкіндігін көріп отыр. Сондай-ақ Тайваньдағы геосаяси мақсатына ұмтылған Пекин бұл жағдайды соған жетуге ықпал ете алатын Америка мен трансатлантикалық күштердің байланысы сынға түсетін оқиға деп санайды.
"Қытай НАТО секілді Батыс одақтары үнемі қысымда болатынын бақылап, көріп отыр" дейді Брюссельдегі Ресей Еуропа-Азия зерттеулері орталығының директоры Тереза Фаллон Азаттыққа. "Бұл дағдарыс тек Украинаға қатысты емес. Пекин мұны Батыс үшін одан да үлкен мәселе деп санайды".
УКРАИНА-РЕСЕЙ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТАЙВАНЬҒА ӘСЕРІ БОЛА МА?
Кейінгі жылдары Тайвань аралында шиеленіс күшейді. Пекин Тайвань әуе кеңістігіне әскери ұшақтар жіберіп, аралға жақын маңда әскери жаттығу өткізіп келеді.
Пекин Тайваньды Қытайдың "провинциясы" көреді. Си Цзиньпин аралды Қытайға қосқысы келеді. Қытай лидері Тайваньмен бірігу бейбіт болатынын да, қажет болса, Пекин оны күштеп біріктіретінін де айтты.
Қытайдың территориялық амбициясын ескерсек, Пекин Мәскеудің НАТО-ға қойған талаптарына Батыстың реакциясын да, Ресейдің Украинаға соғыс ашу мүмкіндігін де мұқият бақылап отыр.
"Украина – Ресей мен Қытай мүддесі тоғысатын жер" деді Азаттыққа Брукингз институтының қызметкері Джессика Брандт. "Олардың ұзақ мерзімді мақсаттары әртүрлі болғанымен, АҚШ пен Еуропа күштерінің ынтымақтастығына келгенде мақсаты бір".
АҚШ Ресейдің Украина шекарасындағы әскери әрекеттеріне қарсы шығып келеді. Блинкен 27 қаңтарда Азаттыққа берген сұхбатында "Егер Ресей Украинаға қарсы "агрессия жолын" таңдаса, "оның біршама салдары болады" деді.
Ресей Украинаға соғыс ашса, АҚШ пен одақтастары Мәскеуге қаржылай, технологиялық және әскери санкциялар салатыны хабарланды. Бірақ мұндай шараны қолдану жолы жайлы әсіресе Германия мен Франциядағы келіспеушіліктер оның әсерін әлсіретуі мүмкін.
Олар Ресейді қалай тоқтатуға болатыны, Украинаға шабуыл жасаған жағдайда қандай шара қолданатыны жайлы ортақ келісімге келмеді. Германия Эстонияға Украинаға неміс артиллериясын жіберуге лицензия беруден бас тартты.
"Қытай да, Ресей де қысым көрсетіп, трансатлантикалық одақтағы келіспеушілікті одан сайын арттыра береді" деді Брандт. "Олардың осы мақсатына жетуіне мүмкіндік туды".
Сарапшылар Украинадағы шиеленіс Қытай бақылап отырған маңызды жағдайға айналғанын, Батыстың бытыраңқылығы Пекинге батылдық беруі мүмкін екенін, бірақ Кремльдің Украина жөніндегі жоспары Қытайдың Тайваньға қарсы күш қолдану пиғылын өзгертуі екіталай екенін айтады.
Заң бойынша, АҚШ Украинаға қарағанда Тайваньды қорғауға міндетті. Тайваньмен қарым-қатынас туралы заң бойынша, Вашингтон аралды қорғап, оған төнген қауіпті "алаңдататын жағдай" деп қарастыруы керек. Сарапшылар Пекин Тайбэйге ықпал етіп, аралды бақылауға алу үшін әскери амалға қарағанда экономикалық және саяси жолға жүгінгенді жөн көреді дейді.
"Әрине, Ресейдің Украинаға шабуылының салдары Қытайдың Тайвань жөніндегі ойына әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл көп элементтердің бірі ғана" дейді Тайвандағы Донхва университетінің студенті, Еуропарламенттің бұрынғы кеңесшісі Zsuzsa Анна Ференци Азаттыққа. "Түптеп келгенде Қытайдың Тайваньға не істейтінін Мәскеудің Украинадағы әрекеті анықтамайды".
ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ҚАДАМЫ
Ресей Украинаға қысымын күшейткенде Қытаймен байланысын кейінгі он жылда елестету де мүмкін болмаған деңгейге көтерді.
Ресейдің Қытайдағы елшісі Андрей Денисов Мәскеу АҚШ-пен қауіпсіздік жөніндегі келіссөздер жайлы Пекинді құлағдар етіп отыратынын, Қытай мемлекеттік медиасы мен дипломаттары Украина мен НАТО жайлы Ресейдің ұстанымын қайталап жатқанын, олар одақты агрессор, ал Вашингтонды жағдайды саяси мүддесіне пайдаланып жатыр деп жатқанын айтады.
Қытайдың Ресейге деген оң көзқарасы 15 желтоқсанда Си Цзиньпин мен Владимир Путин видео байланыс арқылы сөйлескенде де байқалды. АҚШ-пен тайталас, Батысқа деген өшпендік күшейген тұста екеуі әріптестік жайлы сөйлесті.
Екеуі Ресей мен Қытай бір-бірін қолдайтынын айтты. Путин Тынық мұхитындағы AUKUS (Аустралия, АҚШ, Ұлыбритания) әріптестігін сынға алып, Си Цзиньпин Мәскеудің бұрынғы кеңес одағы жеріндегі АҚШ ықпалын шектеп, қауіпсіздік кепілдігі талабын қолдады.
Кремль Путин Қытайға барғанда Еуропадағы қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібіне шығатынын айтты. Мемлекет басшылары екі жылдан соң бірінші рет бетпе-бет кездескелі тұр. Саммит Вашингтонмен бақталастық күшейгенде екі ел әріптестікті нығайтуға тырысатынын білдіреді.
Ресей мен Қытай лидерлері "бір майданда" жүргенін көрсетуді жалғастырып жатқанымен, Пекин Мәскеудің Батысқа қысымын қолдағанымен, Қытай Ресейдің Украинаға шабуыл жасауын қолдау-қолдамауы белгісіз дейді Ференци.
"Ресей соғыс ашса, әлемнің басқа бөлігіне салдары ауыр болады" деді ол. "Қытай мүддесі үшін сол дұрыс па, әлде Ресейдің олай істемегені жақсы ма деген сұрақ туындайды".
ПІКІРЛЕР