Accessibility links

Депутат: Дариға Назарбаева өз еркімен арыз жазып кетуі тиіс


Дариға Назарбаеваның сенат спикері болып тұрған кезі. Қазан айы, 2019 жыл.
Дариға Назарбаеваның сенат спикері болып тұрған кезі. Қазан айы, 2019 жыл.

10 ақпанда "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының құрылуына қатысты өткен жиында мәжіліс депутаты Айдос Сарым Азаттыққа осылай деп мәлімдеді.

– Қазір өзі жұмыста жоқ, сыртынан тон пішпейік. Келсе өзіне де айтармыз. Менің түсінігімде ол кісі өз еркімен арыз жазып кеткені дұрыс шығар дәл осындай жағдайда, – дейді Сарым.

"Қандай жағдайды меңзеп отырсыз?" деген сұраққа депутат "қаңтар оқиғасына апарған жағдай мен Қазақстанда қалыптасқан авторитарлық жүйе оның есімімен тікелей байланысты, өте үлкен сенімсіздік бар және оған реакция білдіру қажет" деп нақтылады.

"Демек, Қазақстанда авторитарлы жүйе орнады ғой?" деген сұраққа "Иә, оны өмір бақи айтып келе жатырмыз" деді.

Ол ақпарат құралдарына осы сөзі экс-президенттің үлкен қызына сенімсіздік білдіру болып саналатынын да айтты.

Экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева қаңтар оқиғасынан бері жұрт алдына шықпады. 12 қаңтарда көмекшісі оның коронавирусқа шалдыққанын, Алматыдағы үйінде екенін айтқан. Назарбаевамен байланысы бар делінген Zakon.kz сайты 17 қаңтарда көмекшісіне сүйене отырып, экс-президенттің қызы ақысыз демалыста екенін жазды. Ақпаратқа қарағанда, оның демалыс мерзімі ақпан соңында бітеді.

Осыған дейін Назарбаева "Нұр Отан" партиясының саяси кеңес құрамына енбеген еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен қазіргі президенттің жақтастары арасында элита аралық тартыс өршігені туралы болжам кең тараған. Ізінше экс-президенттің туыстары мен айналасындағы шенеуніктер бірінен соң бірі қызметтерінен кете бастады. 18 қаңтарда қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет видеомәлімдеме жасаған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев "элита аралық тартысты" жоққа шығарып, бас билік Тоқаевтың қолында екенін, өзінің қарапайым "зейнеткер" екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG