Қазақстанда 2022 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы тағы жарты жылға ұзарып, 60,5 жасқа жетті. Мемлекет 2018 жылдан бастап зейнет жасын жыл сайын алты айға ұзартып келеді. Билік бұл өзгерістерді "зейнет жасы ұзарған сайын, зейнетақы қорындағы жинақ қаржы көбейіп, әйелдің "қартайған шағында қамсыз" болуға мүмкіндігі артады" деп түсіндіреді. Ауыр еңбек етіп, жұмыс пен тұрмыс тауқыметін қатар көтеріп жүрген әйелдер зейнет жасын ұзартуды азапқа теңейді.
Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу тәртібі
Қазақстан 2018 жылғы қаңтардың бірінен бастап әйелдердің зейнет жасын жыл сайын жарты жылға ұзартып келеді. 2027 жылға қарай әйелдер зейнетке ерлер сияқты 63 жастан шығатын болады.
2021 жылғы қаңтарда әйелдер зейнетке 60 жаста шықты. 1961 жылдың екінші жартысында туған әйелдер былтырғы жылдың аяғына дейін зейнетақы алуға өтініш беруі керек еді.
Ары қарай әйелдерге жасы бойынша зейнетақы төлемі мен базалық зейнетақы былай тағайындалады: 2022 жылғы қаңтардан бастап әйелдер – 60,5 жаста, 2023 жылғы қаңтардан – 61 жаста, 2024 жылғы қаңтардан – 61,5 жаста, 2025 жылғы қаңтардан – 62 жаста, 2026 жылғы қаңтардан – 62,5 жаста, 2027 жылғы қаңтардың бірінен бастап – 63 жаста зейнетке шығады.
"ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ТАБЫСТЫҢ БІРІН ТАҢДАУҒА ТУРА КЕЛЕДІ"
Вера Мухачёва, 59 жаста
Петропавлда туып, сол жақта оқыдым. Солтүстік Қазақстан механикалық техникумын "металл кесіп өңдеу технологы" мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Бірден жолдамамен Оралдағы керамзит зауытына жұмысқа орналастым. 1981 жылдан бері осында тұрамын.
Мамандығыма сұраныс көп. Оралда әлі күнге дейін осындай өндіріс орны бар. Бірақ 10 жыл істегеннен кейін зауыттан кетіп қалдым. Өйткені жас мамандарға бөлінген пәтерді бермей қойды.
Тұрмысқа шығып, екі бала тудым. Жатақхананың 10 шаршы метрлік бөлмесінде тұрдық. Күйеуім де заң бойынша берілуі тиіс баспанасын ала алмай табанынан тозып жүріп, 1992 жылы екі бөлмелі пәтерге әзер қолымыз жетті.
Зауыттан кеткеннен кейін мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Вахтер, түнгі ауысымда қарауыл болдым, арасында сатушылардың орнына жұмысқа шығып, қосымша ақша таптым. Кейін қалада бірнеше жерде оқу құралдарын сататын кәсіпкердің қолында он жыл істедім. Жалақым аз болды, бірақ 1990-жылдардың аяғы – 2000-жылдардың басында адамдар жұмыс тапқанына қуанатын.
Кейін дүкендерге азық-түлік жеткізетін компанияда істедім. Нақты қызметім болмады, тауар жеткізушілердің қағазына қол қоюдан бастап, тауарды түсіріп алуға дейінгі бар жұмысты істей беретінмін. Өкінішке қарай, фирмамызға бәсекелестердің көзі түсіп, іштей іріткі салып, басшымызды банкрот етіп, бар мүлкін тартып алды.
Шағын дүкен ашып көрдім, бірақ жеке ісімді жүргізе алмадым: кәсіпке үнемі ақша салып отыру керек, менде ондай мүмкіндік болмады. Сондықтан вахтер болып, әртүрлі жалдамалы жұмыста жүрдім.
Зейнет жасын ұзартпаса, ендігі ұзақ күткен еңбек демалысына шығар едім. Туған күнім – маусымның аяғында. Тиісінше, тағы жарты жыл жұмыс істеуім керек. Желтоқсан айында жасым 60-тан жарты жыл асқанда зейнетке шығамын.
Қазір құрылыс материалдарын сататын дүкеннің қоймасында істеймін. Таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін аптасына алты күн жұмысқа барамын. Жұмыс оңай емес: ауыр жүк көтереміз, аязда тауар қабылдап, жөнелтеміз, күні бойы тыным таппай жүгіріп жүреміз.
Былтыр жазда коронавирус жұқтырып, сырқатым асқынып, ауруханаға түстім. Ота жасатуым керек. Отаға кезекке тұру үшін тексеруден өтіп, қан тапсыру қажет. Аптасына алты күн жұмыста жүргендіктен, емделуге уақытым жоқ. Сұрана алмаймын, жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін. Қазір жұмыстан шығып қалсам, зейнетақыма әсер етеді. Сондықтан денсаулық пен табыстың бірін таңдауға тура келеді. Көбі зейнетке шығарда жұмысымыздан айырылып қалмайық деп, небір бейнетке шыдап жүре береді.
Әйелдердің зейнет жасы неге ұзарды: "Зейнетақы мөлшерін өсіруге мүмкіндік"
Қазақстан үкіметі азаматтар зейнетке ерте шықса, зейнетақы қорына жарна аудару мерзімі қысқарып, жеткілікті қаржы жиналып үлгермейді дейді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі де осы пікірге қосылады, бұл базалық зейнетақы мөлшеріне әсер етеді. Қазақстанда зейнет жасына жеткен азаматтардың бәрі зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай күнкөріс деңгейінің 54-100 пайызы мөлшерінде базалық зейнетақы алады. Ұзақ уақыт жұмыс істеген адамның базалық зейнетақысы да жоғары болады.
Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, зейнетақы қорына жарна аудару мерзімі қысқа болған сайын, базалық және жинақтаушы зейнетақы мөлшері де азаяды. 40-қа толған және оған дейінгі жастағы азаматтарға ынтымақты зейнетақы берілмейді. Ведомство мәліметінше, әйелдердің зейнет жасын көтеру оларға зейнетақы қорына көбірек ақша жинап үлгеруге мүмкіндік береді.
"Ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру бюджет қаржысын үнемдеу үшін емес, әйелдердің зейнетақысын өсіру үшін жасалып отыр. Қазір зейнетақы жүйесінің барлық бөлшегі (ынтымақтық, базалық және жинақтаушы зейнетақы) еңбек өтіліне негізделген. Ынтымақтық зейнетақы мөлшері біртіндеп төмендеп келеді, өйткені оны тағайындау кезінде жинақтау жүйесі қолданысқа енген 1998 жылғы қаңтардың біріне дейінгі еңбек өтілі ғана ескеріледі. Көлемі қысқарып келе жатқан ынтымақтық зейнетақының орнын толтыру үшін міндетті зейнетақы жарнасы есебінен түзілетін (жарна көлемі үлкен, ақша аудару мерзімі ұзақ болған сайын, зейнетақы мөлшері де жоғары болады) жинақтаушы зейнетақы мөлшерін өсіру керек" деді Азаттықтың сұрағына жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ержан Біржанов.
"ТОҚАЕВ МЫРЗА, БІЗДІ ҚИНАЙ БЕРМЕҢІЗШІ!"
Жәмилә Бектасова, 56 жаста
Өзім оңтүстіктің қызымын. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақ химия-технология институтын бітіріп, Жезқазған мыс қорыту зауытына жолдама алғанмын. Мамандығым – инженер, нақтырақ айтсам, химик-технологпын. Мыс зауытына келгеннен кейін тұрмыс құрып, Жезқазғанда қалып қойдым.
Көп жыл ауысым шебері болдым. Кейінгі жылдары денсаулығым нашарлап, аппаратшы-гидрометаллург қызметіндемін. Мен жұмыс істейтін рений цехын сипаттар болсам, ол жерде үлкен-үлкен бактар, вентильдер бар. Технология бойынша, әлгі вентильдерді бұраймыз, ашамыз, жабамыз. Ауысым кезінде биік баспалдақпен бірнеше рет түсіп-шығамыз.
Өндіріс болған соң ол жерде адам денсаулығына зиян аммиак, сынап, қорғасын, күкірт қышқылы болады.
Зауытқа 21 жасымда келген едім. Отыз бес жыл өтіпті. Осы аралықта өндірістегі зиянды химикаттар әсерінен көру және есту қабілетім нашарлап кетті. Тісім түгел түсіп қалды. Қан қысымым жоғары. Эндикринологтың да есебінде тұрамын. Буын ауруына ұшырап, сол тіземе темір қойдырғанмын. Екінші ота қаңтар айына жоспарланып отыр. Оң тіземе де темір қояды. Қазір үшінші топ мүгедегімін. Аяғымды баса алмай қиналған кезде көзімнен жас шығып кетеді. Бірақ жасым зейнетке жетпегендіктен жұмыс істеуге мәжбүрмін. Осындай денсаулықпен зауытта әлі жеті жыл жүруім керек. Оған шамам жете қоймас.
Біреулер "әу бастан денсаулығы нашар болған ғой" деп ойлауы мүмкін. Олай емес! Айналама қарасам, елуден асқан әйелдің бәрі зауытқа сүйретіліп әрең барып жүр. Зиянды өндірісте жүрген соң, қарттықты армандау да қиын. Түнгі ауысымнан шығып, автобуста ұйықтап кететін кезім көп. Сосын соңғы аялдамадан түсіп, қайтадан автобус күтемін. Ол жылдам келе де қоймайды. Ондайда басым мең-зең болып үйіме әрең жетемін.
Көбірек жұмыс істесең, зейнетақы қорындағы ақшаң көп болады деушілер бар. Қартайған шағымызда рахатын көрмейтін болсақ, ондай жинақтан не үміт, не қайыр? Отыз бес жыл осы салада жүрген адам ретінде ешбір статистикаға сүйенбей-ақ айта аламын: өндірісте жүргендер арасында жасы жетпіске жететіндер өте аз.
Совет одағы тұсында зиянды өндірісте 8,5 жыл істеген әйел адам 45 жасында зейнетке шығатын. Он жылдық еңбек өтілі бар ерлер елу жасында зейнетке шығып жүрді. Қырық бес демей-ақ қояйын, Қазақстан билігінен ауыр өндірістегі әйелдерді зейнет демалысына 55-те жіберуді сұраймын!
Зейнет жасын төмендетуді қолдайтын қозғалысқа мүше болғаныма бір жылдай болды. Осы аралықта Қазақстанның бірнеше қаласында жалғыз адамдық пикеттер өтті. Қозғалыс белсенділері үкімет пен президенттен бастап, жан-жаққа жазудай-ақ жазып жатыр. Бірақ бізді ешкім естігісі келмейді.
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, бізді қинай бермеңіздерші?! Өз басым Қазақстанның жағдайында әйелге 63 жасқа дейін жұмыс істету қорлық деп санаймын.
Әйелдердің зейнет жасы неге ұзарды: "Жеңілдіктер сақталады"
Еңбек министрлігінің дерегінше, зейнет жасын ұзарту туралы шешім зейнетке ерте шығуға жеңілдігі бар әйелдерге әсер етпейді.
- Бес немесе одан көп бала туып (асырап алып), оларды он сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жаста зейнетке шығады;
- 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кем дегенде бес жыл Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиациялық қауіп аймағында тұрған әйелдер зейнетке 45 жаста шығады.
Жұмыс істемей, бала тәрбиесімен ғана айналысқан аналарға әр баланы үш жасқа дейін бағып-қаққаны еңбек өтілі болып жазылады (жалпы еңбек өтілі 12 жылдан аспауы керек).
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті қаржысы бар қазақстандықтар зейнетақы аннуитеті құқығын (зейнетақы қорындағы қаржысын зейнетке шықпай тұрып алу) пайдалана алады. 2022 жылғы қаңтардың бірінен бастап зейнетақы аннуитеті туралы келісімге отыру жасы 45 жасқа дейін төмендеді. Бірақ аннуитет төлемдері әйелдерге 52 жастан, ерлерге 55 жастан бастап беріледі.
"КЕЗ КЕЛГЕН УАҚЫТТА БАЛАЛАРЫМ СИЯҚТЫ ЖҮРЕ АЛМАЙ ҚАЛУЫМ МҮМКІН"
Алмагүл Кенжетаева, 52 жаста
Үш балам бар. Екеуі туа біткен бірінші топ мүгедегі. Мүгедек баламның үлкені – 21 жаста, кішісі – 20 жаста. Жалғызбасты анамын. Ажырасқаныма 15 жыл болды. Күйеуім мүгедек балаларымның адам болмайтынын білген соң тастап кетті.
Үлкен ұлымның денсаулығы жақсы. Мәдениет саласында жұмыс істейді. Жас маман, жалақысы 65 мың теңге. Мүгедек балаларым әрқайсы айына 68 мың теңге зейнетақы алады. Маған оларға қараушы ретінде 96 мың теңге төленеді. Дәрі-дәрмек, ішіп-жемімізден бөлек 121 мың теңге ипотека төлейміз. Шынын айтқанда жетпейді. Балаларымның зейнетақысынан жырып үйдің несиесін төлеп отырғаныма ұяламын. Бірақ шындық – осы.
Үйімізді несиеге алдық. Мүгедек балаға көпқабатты үйде тұру қиын. Осыларға ыңғайлы болсын деп қарызданып жүріп жер үй алдық. Құдайға шүкір, туыстарымыз, демеушілер сыртын бүтіндеуге көмектесті. Үйдің ішін жөндеп, жаңа жиһаздар алғым-ақ келеді. Әттең, қолымыз қысқа.
Ешкім алда не болатынын білмейді ғой. Мәдениет саласында 10 жылдай жұмыс істедім. Шардара аудандық мәдениет үйін басқардым. Екі балам мүгедек болып туған соң, жұмысты тастауға мәжбүр болдым. Одан бері де 20 жыл өтіпті.
Мүгедек баласы бар ананың әр күні күрес. Таң атқаннан кеш батқанға дейін осы екі баламның жанындамын. Сыртқа шықсам келгенше есік күзетеді. Күтеді. Олар өздігінен жүре алмайды, сөйлемейді, тамақ іше алмайды, дәретке отырмайды.
Балаларыма қарап жүргенде өмірдің өтіп бара жатқанын, денсаулығымның кеткенін байқамай қалдым. Омыртқамның екі жерінде жарық бар. Дәрігерлер "кез-келген уақытта балаларыңыз сияқты еңбектеп қалуыңыз мүмкін" дейді. Мұны ойласам жүрегім қарс айырылады. Екі балама кім қарайды деп уайымдаймын.
Мүгедек адамға қарайтын бір адам керек қой. Оларды сыртынан құлыптап кете алмайсың. Күтімнен бөлек мейірім сұрайды. Сөйтіп жүріп өзің де қоғамнан алшақтайсың. Балаларың сияқты сенің де мүмкіндігің шектеледі. Төрт қабырғаның ішінде қаласың.
Үкімет әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа көтерді. Бұл маған мазақ сияқты көрінеді. Мысалы, елу жастан асқан мені кім жұмысқа алғысы келеді? Өмір бойы қиындық көріп келе жатқан адамның 63 жасқа дейін жұмыс істеуге шамасы болмайды.
Мүгедек бала асырап отырған әйелдердің ерте зейнетке шығуына еш жеңілдік жоқ. Денсаулығы болмаған соң мүгедек бала кез-келген уақытта қайтыс болуы мүмкін. 20 жыл үйінде отырып, мүгедек баласын асыраған әйел баласынан айырылып қалса қалай күн көреді? Қоғамнан алшақтап, жұмыстан шығып қалған әйел не істейді?
Әйелдердің зейнет жасы неге ұзарды: "Шетел тәжірибесі"
Еңбек министрлігінің дерегінше, Қазақстанда зейнет жасы "халықаралық және отандық сарапшылар" жүргізген зерттеу нәтижелері мен болжамдарға негізделген және әлемдегі экономикалық әрі демографиялық жағдайға сәйкес келеді.
"Әлем елдері халықтың қартаю тенденциясын ескеріп, зейнет жасын ұзарта бастады. Еуропа және басқа да дамыған елдерде зейнет жасы бұрыннан жоғары болса, көршілес мемлекеттер зейнет жасын ұзарту үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, Ресейде 2019 жылдан бастап 2028 жылға дейін ерлер мен әйелдердің зейнет жасы біртіндеп бес жылға ұзарады. 2017 жылы Әзербайжанның зейнетақы заңына ерлер мен әйелдердің зейнет жасын біртіндеп 60-тан 65 жасқа дейін көтеру туралы өзгерістер енді. Грузияда ерлер зейнетке – 65 жаста, әйелдер 60 жаста шығады. Латвияда 2014 жылдан бастап 2025 жылға дейін ерлер мен әйелдердің зейнет жасы 62-ден 65-ке дейін ұзарады" деп мәлімдеді еңбек министрлігі.
"ЖЫЛЫ, ЖАЙЛЫ КЕҢСЕДЕ ОТЫРҒАНДАР БІЗДІҢ ЖАҒДАЙЫМЫЗДЫ ҚАЙДАН ТҮСІНСІН?"
Нұржамал Есниязова, 56 жаста
1985 жылдан бері теміржол саласында істеймін. Осы 36 жыл ішінде теміржолда мен істемеген жұмыс қалмады. Қазір Қостанай облысы Құсмұрын станциясының кезекшісімін. Жұмысқа каторгаға айдап жатқандай әзер барамын.
Кезінде Целиноград теміржол техникумын бітірдім. Кейін Қостанай университетінде білім алдым. Қазір ойлап отырсам, жыл он екі ай тоқтамайтын өндіріс не, теміржол не, түк айырмасы жоқ екен. Жасырақ күнімде түнгі ауысымның қиындығы байқала қоймайтын. Қазір түнгі ауысымнан соң сүйегімді сүйретіп, үйіме зорға жетемін.
Мысалы, кеше сағат 21:00 мен таңертеңгі 9:00 аралығында түнгі ауысымда болдым. Шаршағаным сондай, үйге келген соң бір кесе шайымды ішуге де шамам болмады. Оразамды бір стакан сумен ашып, жатып қалдым. Жиырма төрт сағат тынығып алып, қайта жұмысқа баруым керек.
Оның үстіне ковид жұқтырып, күнім таблеткаға қарап қалды. Үш айдан бері уыс-уыс дәрі ішемін. Асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзылды. Менімен түйдей құрдас әріптесім ковидтен кейін инсульт алып, өлім аузынан қалды. Ол да – әйел адам, ол да – станция кезекшісі. Жасың зейнетке жетпегесін үйде қалай жатасың? Екеуміз де жұмысқа амалсыздан келіп жүрміз. Мына түрімізбен 63-ке жете алмайтынымыз анық.
Неге әйелдерді зейнет демалысына 58-інде жібермейтінін түсіне алмаймын. Алпыстан асқан әйелдің түнгі ауысымда жүруі азап емес пе?
Бірақ жылы әрі жайлы кабинетте отырғандар бізді қайдан ұқсын?! Біз сияқты көмір тасып, күл шығарса түсінер еді. Ол көмір сапалы болып, тез тұтана қойса жақсы. Кейде тұтанбай көк түтінге тұншыға жаздаймыз. Теміржолда күн-түн жүріп алатынымыз – 156 мың теңге. Үнем болсын деп бау-бақша егеміз, тауық ұстаймыз. Оған да уақыт пен энергия жұмсайсың. Үйдің тірлігін ойлап, екі жылда бір рет берілетін жолдамамен шипажайға да бара алмайсың. Биыл ковидпен ауырғасын амалсыздан барып келдім. Құдайға шүкір, балаларым аяқтанып кетті. Екеуі де қалада. Жұмысбасты болып немерелерімді айлап көре алмайтыным ғана жаныма батады.
Осылар билікке жақын еді, бір жақсы жаңалық айтар деп Хабар-24 арнасын үзбей қарап жүремін. Бірақ жұмған аузын ашар емес. Былтырдан бері Қазақстанның әр түпкірінде тұратын әйелдер зейнет жасын төмендетуді талап етіп, жер-жерде пикет өткізе бастады. Оны да ешкім көрсетпейді.
Жалынамын, жалбарынамын! Үкімет Қазақстан әйелдерінің зейнет жасын төмендетсінші?!
Станция кезекшісі болудың жауапкершілігі зор. Пойыздарға сигнал ашамыз, маршруттар дайындаймыз. Пультте отырып, жүк және жолаушы пойыздарын өткіземіз. Машинистермен үнемі шыңылдап тұратын рация арқылы байланысамыз. Соның әсері болар, қазір құлағым нашар еститін болған.
"Депутат әйелдер жылы орнында ұзағырақ отырғысы келеді"
Меруерт Махмұтова, экономист, Public Policy Research Center зерттеу орталығының директоры
Үкімет пен парламенттің қос палатасы заң жобасын талқылаусыз қабылдады. Әйелдің зейнет жасын көтеру бастамасын мәжілісте отырған депутат әйелдер ұсынды. Олардың нені көздегені белгілі: жылы орнында ұзағырақ отырғысы келеді. Үкімет әйелдің зейнет жасын көтермесек, 2023 жылға қарай 19,6 миллиард доллар бюджет тапшылығы болуы мүмкін деп қара аспанды төндірді.
Өкінішке қарай, үкімет халықтың жартысына жуығы ауылда тұратынын, онда әйелдерге ғана емес, еңбекке қабілетті азаматтардың бәріне жұмыс табу қиын екенін, көп отбасы үшін зейнетақы үй ішін асыраудың жалғыз амалы болып отырғанын ескерген жоқ. Одан бөлек, әйелдердің көбі білім беру және денсаулық сақтау сияқты жалақысы аз салаларда істейді.
Бұл шешімнің кері салдары көзге анық көрініп тұр. Еңбек нарығында жұмыс орындары босамайды, жыл сайын жұмыс іздейтін жастар қатары артып келеді. Жұмыс берушілердің көбі 45 жастан асқан әйелдерді жұмысқа алғысы келмейді.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстанда тоғыз миллион еңбекке қабілетті азамат бар, оның 4,3 миллионы – әйелдер.
ПІКІРЛЕР