Accessibility links

Саяси белсенді Ермек Нарымбаев Заречный түрмесіне ауыстырылды


Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан полиция белсенді Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.
Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан полиция белсенді Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.

Жуырда Қазақстанға оралып, әуежайдан бірден ұсталған саяси белсенді Ермек Нарымбаев Алматы облысы Заречный кентіндегі қауіпсіздігі орташа режимдегі түрмеге ауыстырылды. Бұл жөнінде адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда, белсенді 17 ақпанда күндіз аталған абақтыға этаппен жеткізілген.

– Шекараны заңсыз кесіп өту бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. (Қазақстанда бостандығы шектелген белсенді 2016 жылы елден кетіп қалған – ред.) Ол сол кезде өзінің шекараны қалай кесіп өткенін айтқан. Содан соң із қозғалған. Ол елде болмағандықтан іс тоқтап қалған еді. Қазір қайтадан жанданды. ҰҚК-дан тергеуші келді. Қазір сол тергеуге кетіп бара жатырмын. Тергеуші одан сұрақ-жауап алады, – деді адвокат.

2015 жылғы қазанда Қазақстан соты азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді Мұрат Телібековтің "Ветер с улицы" кітабынан үзіндіні әлеуметтік желіге жариялағаны үшін соттаған. "Алауыздық тудырды" деген айып тағылған Нарымбаев үш жылға, Мәмбеталин екі жылға бостандығынан айырылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар қамаудағы Нарымбаев пен Мәмбеталинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Кейін екеуі де ісіне "өкінетіні" жайлы хат жариялады. Нарымбаев тергеу абақтысында бір айдан астам уақыт аштық жариялап жатты, 2016 жылғы 22 ақпанда сот оны үй қамағына ауыстырған соң белсенді аштығын тоқтатты. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, еркіндігін үш жылға шектеуге алмастырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалды.

Ол биыл ақпан айының басында Қазақстанға оралған кезде Алматы әуежайынан бірден полиция бөлімшесіне жеткізіліп, соңынан қамалды. Адвокаттың айтуынша, оның әлі өтелмеген 2 жыл 5 ай жазасы бар. Қорғау тарабы оны босатуға күш салатынын айтқан.

Ермек Нарымбаев 2010 жылғы 1 мамырда Алматыда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында "Назарбаев, кет!" деп ұрандаған. Сол күні кешке оны полиция ұстап әкетіп, "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 күнге қамаған. Кейін қамауда отырған белсендіге "сотқа құрмет көрсетпеді" және "полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті" деген айыптар тағылды. Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша 2010 жылғы 26 маусымда Ермек Нарымбаевты төрт жылға бостандығынан айырды. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап оны қамаудан босатқан.

Қарай отырыңыз: Диссидент Ермек Нарымбаев Алматыға келе сала ұсталды (7 ақпан 2022 жыл).

Диссидент Ермек Нарымбаев Алматыға келе сала ұсталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG