Сепаратистер қолындағы Луганск облысы мен Украина үкіметі бақылайтын жерлердің шекарасынан өтіп жатқандар көп. Олар қорқыныш пен үрей үдегенін, бұдан да жаман оқиғалар бола ма деген қауіп күшейгенін айтады.
Сегіз жыл бұрын атыс күшейіп, соғыс басталғанда Наталья жертөлеге тығылған.
"Қазір жағдай басқа. Қазір балаларым үшін қорқамын" дейді ол. Наталья үш және бес жарым жастағы балаларымен 2014 жылы Ресей қолдап отырған сепаратистер қолына өткен Луганск қаласынан Украина билігі бақылайтын ауданға кеткен. "Біржола кетіп барамыз" дейді 28 жастағы әйел.
Украина шекарасында Ресей әскерінің саны 130 мыңнан асып, Ресейдің бір жағынан Киевпен, екінші жағынан Батыспен байланысы шиеленісіп тұрғанда, Донбасстың шығысында болып жатқан соғыс күшеюі мүмкін.
Луганск Станицасы дейтін кенттегі қоршалған, жақсы күзетілетін, әскер қойылған бақылау-өткізу орны бұрыннан бар. Бұл жерден жұрт халықаралық шекара асып жатқандай паспорт пен ықтияр хат көрсетіп өтеді. Бұл сепаратистер қолындағы Луганск облысының да, үкімет бақылауындағы солтүстік аудандардың да тұрғындарына ыңғайсыз. Қазір бәрі өзгерген.
18 ақпанда Луганск пен Донецк жеріндегі сепаратистер билігі Ресейге жаппай эвакуация басталатынын жариялады. Бұл шешім әскери әрекеттер жиілеп, Ресей басып кіре ме деген қауіп үдеген шаққа және Ресей президенті Владимир Путин Украина билігі Донбасста "геноцид" жасап жатыр деп мәлімдеп жатқан уақытқа тұспа-тұс келді. Кейінірек сепаратистер 18 бен 45 жас аралығындағы ерлерді мобилизациялауға бұйрық шыққанын айтып, олардың облыстан кетуіне тыйым салды.
Сепаратист лидерлері Украина үкіметінің күштері жуырда ірі шабуыл жасайтынын мәлімдеп, бұл сөзіне еш дәлел келтірмеді. Киев мұндай жоспарды жоққа шығарды, ал Батыс шенеуніктері Ресейді Украинаға басып кіруі үшін осылай сылтауратып жатыр деп кінәлады.
20 ақпанда бақылау-өткізу орнынан адамдар жиі өткен. Эвакуация жайлы бұйрыққа қарамастан, үйін тастап Украинаға кеткен. Кейбірі Луганск облысында қауіп күшейді десе, кейбірі біржола кетіп бара жатқанын айтқан.
"Әрине, қорқып отырмыз. Бәрі қорқып отыр. Не боларын ешкім білмейді, – дейді Аня. 12 жасар Данил мен 6 жасар Артем есімді ұлдарын ерткен бухгалтер әйел шауырма жеп, туыстарын күтіп тұрды. – Мұндай жағдайда өзіңіз қайтер едіңіз?
Ол Луганск Станицасы шекарасынан өту ылғи ыңғайсыз болғанын, ал биліктің қайбір жолы коронавирусқа сілтеп шекарадан өтуге бір айға тыйым салғаны ерекше қиындық туғызғанын айтады.
Бақылау бекетінің жанында азық-түлік, шауырма, дәрі-дәрмек сатып тұрғандар бар. Жолдың әр жағында коронавирус тестін тапсыруға арналған контейнерлер тұр.
Аня агроном күйеуі екеуі Луганск қаласындағы пәтерінен кетуді жоспарламағанын айтады. Олар жұмыс істеп, аз да болса жалақы алып жүрген. 19 ақпанда Луганск пен Донецк облыстарындағы сепаратистер 18 бен 45 жастағы ерлердің кетуіне тыйым салғанда, жағдай өзгерген. Ертеңінде жаппай мобилизациялау жайлы бұйрық шыққан.
21 ақпанда билік мектептерді жабуды бұйырған. Коронавирус шектеулеріне байланысты балалар қашықтан оқып жүргендіктен, мұның айтарлықтай маңызы жоқ дейді ол: – Мұның пайдасы жоқ. Балалар ештеңе үйреніп жатқан жоқ.
Сондықтан олар ұлдарын Украина билігі бақылауындағы аудандардан 150 шақырым жерде орналасқан Белокуракино ауылында тұратын ата-әжесіне жіберуді ұйғарған. Ол ұлдарымен видео арқылы сөйлесіп, бір айдан соң шекарадан өтуге рұқсат берілгенде қайта кездесемін деп үміттенеді. "Егер тозаққа түсіп кетпесек" дейді ол.
Ол шекарадан өтерден бірнеше күн бұрын облыста қатты жарылыс естілгенін, бірақ дыбыстың қайдан және кім жақтан шыққанын айту қиын дейді. Аня отбасы мен айналасындағы адамдар қақтығыстар туралы ұмытып, қалыпты өмір сүруге тырысып жатқанын айтты.
"Бізді ешкім керек қылмайды. Киев те, Мәскеу де, – дейді ол. – Еуропа немесе АҚШ-та біз туралы оқып отыратындарына ішім жылиды".
Луганск Станицасында екі күн бойы атыс қаупі үдеді. Украина лауазымды тұлғалары Ресей сепаратистері қаладағы балабақшаға оқ жаудырған дейді. Бұл оқиға кезінде екі мұғалімнің жеңіл жараланып, мектептің бір қабырғасы тесіліп қалғаны хабарланды.
"РАСЫМЕН СҰРАПЫЛ"
Эвакуация туралы бұйрықтан кейін Луганск пен Донецк облыстарынан қанша адам кеткені анық емес. Баспасөз құралдары сепаратист лидерлерінің Ресейдегі облыстарға ондаған мың адам кеткенін айтқан сөзін келтірді.
Ал Луганск облысынан өз бетімен Украина үкіметі бақылайтын өңірлерге қанша адам кеткені жайлы дерек жоқ. Ресей мемлекеттік ТАСС агенттігі 20 ақпанда сепаратистердің "Ростов шекарасын 34 мыңдай адам кесіп өтті" деген сөзін келтірді.
"Бұл өте сұрапыл, расымен сұрапыл [жағдай], – деді 27 жастағы Таня. Ол үш жастағы қызымен Луганск облысының оңтүстік-батысында орналасқан, үкімет күштері мен сепаратистер арасын бөліп тұрған жерге жақын тұрған Стаханов қаласындағы ата-анасына келген. – Жұрт енді не болады деп қатты қорқып отыр. Айнала толған әскерилер. Үнемі оқ атып жатады".
Ол кімнің атып жатқаны түсініксіз дейді.
"Үрей билеген, тұтастай үрей билеген" дейді 2012 жылы зейнетке шықпас бұрын жақын жердегі ферма кешенінде жұмыс істеген Татьяна. Ол қызымен және сегіз жастағы немересімен бірге Лугансктан солтүстіктегі Рубежное қаласына кеткен. Олар ер адамдарды Луганск жергілікті күштеріне шақырған соң елден кету шешімі беки түскенін айтады.
"Неге кетеміз деп шештік? Себебі олар адамдарды қызметке алуға бұйрық берді" деді ол.
Осы материал үшін сұхбат берген адамдардың бәрі тегін атамауды сұрады. Солай өтінген Наталья 2014 жылы Луганск оқ астында қалғанда жертөледе тығылып отырдым дейді. Ол 21 ақпанда кішігірім дүкен ашуы керек болғанын, бірақ ер адамдарға ауданнан кетуге тыйым салынуы, мектептердің жабылуы шыдамын тауысқанын айтады.
"Балалар түнде дұрыс ұйықтамайды. Мен ше? Мүлдем [ұйықтамаймын]" деді ол.
19 ақпанда Украина ішкі істер министрі барған үкімет бақылауындағы Новолуганское елді мекені оқ астында қалған. Азаттық тілшілерімен сөйлескендердің көбі Ресей әскерінің басып кіретініне алаңдайтынына емес, қаланың жойылып бара жатқанына шағынды. Олар бірнеше жыл бұрын студенттер көп тұратын оныншы қала болған жерден жұрт көшіп, мектептер жабылып жатыр дейді.
"Не үшін кетемін? Мұнда үш пәтерім бар. Анам мен әжем осында тұрады. Кеткенмен, қайда барамын? Өмірім осында өтті. Бұл – менің үйім. Менің қалам" дейді 26 жастағы Сергей Крайнов. Оның алты жастағы ұлы Женя тат басқан ойын алаңында ойнап жүрді.
"Кейінгі кездері атыс расымен жиіледі, мұндайды естімегеніме көп болған еді. Жақсы қаламыз болды. Бала көп еді. Адам көп тұратын. 2014-2015 жылдардан кейін бәрі кетті" дейді 65 жастағы зейнеткер Олесия. Ол кейінгі алты айда дүңгіршекте нан сатып, қосымша табыс тауып жүр. Оның зейнетақысы – 3000 гривна ($106).
"Соғыс бола қалса, елден кетесіз бе?" деген сұрақты естіп, күліп жіберді.
"Сонда қайда барамын? Ешкімге де керегім жоқ. Мұндағылар ешкімге керек емес" дейді ол.
Өткізу орнынан жеті және екі жастағы ұлдарымен өткен Ирина Луганск қаласын тастап, солтүстікке қарай бір сағаттық жерде орналасқан Старобельск қаласындағы туыстарына көшіп барған.
Ирина бір жыл бұрын күйеуі қайтыс болғанын, содан бері жұмыс істемейтінін айтады. Ол күйеуінің қандай аурудан қайтыс болғанын нақтыламады. Ирина туыстарымен жалғызбасты аналарға берілетін аз ғана мемлекеттік төлемге әрең күн көріп отырғанын айтады.
"Кейбірі осында қалады. Көбі кетіп жатыр, – деді ол мектеп жасындағы балалары бар отбасылар туралы айтып. Сол кезде оның кіші ұлы шоколад нан қиқымдары шашылып жатқан жерге отыра кетті. – Байбалам бар ма? Олай демес едім. Қазір қатты қорқыныш бар. Мұндай жағдай жылдар бойы болмаған".
Әр түні болатын Жарылыстар туралы хабарламалар жайлы сұраққа ол ақырын ғана "Біз бұл жайлы балалардың көзінше айтпауға тырысамыз" деді.
ПІКІРЛЕР