Accessibility links

"Тұтанып кетуі әп-сәтте". CIT: Украина түбіндегі Ресей әскері бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті


Ресей әскерінің оңтүстіктегі Ростов облысындағы әскери жаттығуы.
Ресей әскерінің оңтүстіктегі Ростов облысындағы әскери жаттығуы.

Ресей бірнеше ай бойы Украина шекарасы мен оккупацияланған Қырымда әскерін күшейтті. Әйтсе де, Мәскеу оғаш ештеңе жоғын айтып, Батысты қорқыныш ұялатып отыр деп айыптады. Бірақ Ресей әскерінің орын ауыстыруын бақылаған Conflict Intelligence Team (CIT) сарапшылары бұған келіспейді. Олар "әскер саны бұрын-соңды болмаған жағдайға жетті" дейді.

"Ұлым Украинаға барғысы келмеді" дейді Байқал өзені маңындағы Бурятия Республикасында тұратын әскери қызметкердің анасы. Ол аты-жөнін атамауды сұрады. "Отбасымыз қарызға батқан соң, [ұлым] әскери келісімге қол қойды. Желтоқсанның аяғында оны жаттығуға жібергенін айтты. Басында жаттығу тек он күнге созылады деген еді, кейін оны қандай да бір себеппен үш айға жіберді".

Бірнеше апта бойы Ресей Украина шекарасы мен оккупацияланған Қырым жерінде әскер мен әскери техниканы көбейтіп жатыр. 13 ақпанда АҚШ осы аудандардағы Ресей әскерінің саны 100-130 мыңға дейін жеткенін айтты.

Соған қарамастан Мәскеу алаңдайтындай ешнәрсе болып жатқан жоқ, Ресей көрші Беларусьте де, Қара теңіз бен Азов теңізінде де әскери жаттығу өткізіп жатыр деп мәлімдеді. Украина Ресейді осы мәселені Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында талқылауға шақырды. 14 қаңтарда Мәскеу бұған "Ресей Федерациясы өз жерінде ешқандай оғаш әскери әрекеттер жасап жатпағанын мәлімдейді" деп жауап берді.

"ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУ ЕМЕС"

Conflict Intelligence Team тобының негізін қалаған Руслан Левиев мұндай пікірге келіспейді. Бұл топ Ресей әскерінің орын ауыстыруын ашық дереккөздер бойынша зерттеген.

"Бұл – жаттығу емес екені анық" деді Левиев Азаттыққа. "Мұндай идеяны жоққа шығаратын дерек көп".

Ол қазір Ресей әскерінің саны 2021 жылы қыркүйекте Беларусьте өткен "Запад-2021" бірлескен жаттығуы кезіндегіден анағұрлым көп екенін айтады. Сондай-ақ әскердің көбі ресми түрде өткізіліп жатқан жаттығуларға бөлінген аудандарда емес, Беларусь пен Украина шекарасында шоғырланған дейді.

"Бұл өңір жаттығу кестесіне кірмейді, бірақ онда біршама әскер бар" деді ол. "Бұл – ұрысқа жіберу керек әскерилерге арналған жай ғана даладағы лагерь емес. Бұл – шабуыл техникасына арналған алдыңғы қатарлы лагерь".

CIT Ресей әскерилері мен олардың туыстарынан да біршама хабарлама алған. Онда сарбаздарға жақындарынан кемінде екі ай жырақта болатыны ескертілгені айтылады. Ал кейбірі әскерилерге тоғыз ай бойы үйіне бармайтыны айтылған дейді. Мұның бәрі Бурятиядағы сарбаздың анасы айтқанды растайды.

"Жаттығу тек он күнге жоспарланған" деді Левиев 20 ақпанда аяқталуы керек қазіргі жаттығулар жайлы. "Тіпті, әскерилерге айтқан ең аз уақыттың өзі жаттығудың ресми кестесіне сай келмейді".

11 ақпанда The Washington Post газетіне берген пікірінде CNA әскери сарапшысы Майкл Кофман осы жолы Ресей Беларуське әдетте мұндай әскери жаттығуларға жібере бермейтін понтон көпір бөлімі, "жоғары технологиялы электронды соғыс" құралдары секілді техниканы көптеп жібергенін айтады.

"Бұл әдеттегі жағдай емес" деді ол.

Левиев Ресейдің Украина шекарасына жақын аудандарында әскері көбейтуін қарапайым жаттығу деп түсіндіру қиын дейді.

"Оларды Брянск, Курск, Ростов облыстарында және аннексияланған Қырым облысында көріп отырмыз" деді ол. "Бұл жердің бәрінде әскер мен техника бар, ал жаттығу Беларусьте өтіп жатыр".

"БӘРІ ӨЗ ОРНЫНДА"

Өткен аптада Ресей қорғаныс министрлігі баспасөз хабарламасын таратып, Батыс және Оңтүстік әскери округ бөлімдері әскери дайындықты тексеру үшін өткен жоспарланбаған жаттығудан соң базаларына қайтатынын хабарлады. Левиев бұл жаттығулардың Украина маңындағы әскердің көбеюіне тікелей қатысы жоқ дейді.

"Әскери дайындықты тексеруге арналған жаттығуға қатысқан Батыс әскери округ күштері толығымен өз аудандарына шоғырланды" деді ол. "Олар ауданнан кетпеді, Украина маңына бармады... Әдеттегі полигондарға барып, жаттығу өткізіп, базасына оралды. Оңтүстік әскери округ әскерилерді де сөйтті".

CIT есептеуінше, Ресей үлкен шабуылға керекті қару-жарағы мен әскерінің 70 пайызын Украинамен шекарасына шоғыландырған.

"Бұрын-соңды мұндай болмаған" деді Левиев Азаттыққа. "Мұндайды ешқашан көрмегенбіз. Әскери күштердің орнын ауыстыруды жалғастырып жатқанын да естеріңізге салайын".

Желтоқсанда кей сарапшылар ірі шабуыл жасау жоспары жоғын, себебі Ресей әскери әуе күштерін жұмылдырмағанын мәлімдеді. Шабуыл жасаса, осы әскери күштер қатысады деп болжанды. Сондай-ақ жойқын шабуыл жасамақ болса, Мәскеу медицина бөлімдері мен дала госпитальдарын жасақтауы керек еді деді. Левиевтің сөзінше, бұл екі науқан да жыл басынан бері жүргізілген.

"Бәрі өз орнында тұр" деді ол. "Соғыс бастауға керектің бәрі қазір шекарада тұр".

Бұл соғыс болатыны анық дегенді білдірмейді дейді ол. Кремль шабуыл жасау пиғылы барына сендіру үшін барынша шынайы әрекет етіп жатқан болуы мүмкін.

"Бірақ олар әскери күштерін шекараға барынша жақындатып жатыр және бұл тұтанып кетуі әп-сәтте жағдай" деді Левиев. "Кез келген болмашы оқиға олардың жоспарын астан-кестең етуі мүмкін. "Жарылыс" болып, соғыс басталуы мүмкін" деді ол. "Міне, сондықтан болжам жасау қиын".

Бұл материал Азаттықтың Siberia.Realities тілшісі Сәния Юсупованың материалы негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG