Bloomberg басылымы Пекиндегі ақпарат көзіне сүйеніп, Қытай президенті "Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путиннен ақпанда өтетін қысқы олимпиада ойындары кезінде Украинаға шабуыл жасамауды сұраған" деп жазды. Сибирь.Реалии сарапшылардан бұл ақпарат рас болуы мүмкін бе деп сұрады.
Саясаттанушылар, қытайтанушылар мен әскери сарапшылар Си Цзиньпиннің Путинге мұндай өтініш айтуы мүмкін емес десе де, Украинамен кикілжің мәселесінде Пекиннің Ресей жағында болмайтынына кәміл сенеді. Олардың пікірінше, Қытайға Ресей қатысатын соғыстар керек емес. Кей сарапшылар Украина-Ресей жанжалы көктемге дейін дипломатиялық жолмен шешілмесе, әскер қолдануға тура келетінін айтады.
"ЖАЙ АҚПАРАТ, БІРАҚ ШЫНДЫҚ"
Bloomberg Пекиндегі аноним дипломатқа сүйеніп, "Қытай билігі Ресейдің Украинадағы әскери қимылдары қысқы олимпиада ойындарына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді" деген мазмұндағы материал жариялады. Басылым дерегінше, әскери іс-қимыл бастала қалса, бұл дипломатиялық дағдарысқа Қытай да тартылуы мүмкін.
Пекинде ақпанның төрті мен жиырмасы аралығында – олимпиада, ал ақпанның төрті мен он үші аралығында – параолимпиада ойындары өтеді. Путин Қытай халық республикасы төрағасының шақыртуымен 4 ақпанға жоспарланған олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Ресей сыртқы істер министрлігі дәл сол күні Путин мен Си Цзиньпиннің қос мемлекет қарым-қатынасының барлық саласын қамтитын келіссөз жүргізетінін мәлімдеді.
"Си Цзиньпин үшінші рет төраға болып сайланар алдында беделін нығайтқысы келеді, сондықтан ол үшін қысқы олимпиада ойындары маңызды. Қытай халық республикасы төрағасы жақында Путинмен телефонмен сөйлескенде Ресей президентінен олимпиада кезінде Украинаға шабуылдамауды сұраған болуы мүмкін" деп жазады Bloomberg.
Ақпарат агенттігі Қытай мен Ресейдің халықаралық аренада бір-бірін жиі қолдайтынын еске салады. Желтоқсанда Си Цзиньпин видеобайланыс кезінде Путинді "ескі досым" деп атап, Ресей президентімен 2013 жылдан бері қырықтан астам кездесу өткізгенін айтқан.
Bloomberg басылымы сөйлескен ақпарат көздері Ресейдің Украинаға бірден басып кіре қоюы екіталай деп есептейді. Олардың пікірінше, Мәскеу ақпанның ортасында Украинаға жартылай басып кіріп, кибершабуылдар ұйымдастыруы мүмкін.
Сибирь.Реалии сайты сөйлескен саясаттанушылар, әскери сарапшылар мен қытайтанушылар Bloomberg таратқан ақпарат жалған болуы мүмкін деп топшылайды. Бұған ақпараттың бір ғана адамнан алынғаны және оның аты-жөні көрсетілмеуі себеп болып отыр.
– Қытай үкіметінің Ресей билігінен олимпиада ойындары кезінде Украинамен кикілжіңді кейінгі қалдыруды сұрағанына келсек: ең алдымен, Қытайдың Ресейдегі елшілігі бұл ақпаратты теріске шығарып, Пекиннің мемлекеттер арасындағы келіспеушіліктерді диалог пен Минск келісімі аясындағы кеңес арқылы шешуді қолдайтынын еске салды, – дейді Қытай бойынша сарапшы Виктор Ульяненко.
– Бұл Ресей мен Украина арасында жанжал болуы мүмкін деген психоз кезінде туған ақпаратқа ұқсайды, – дейді тарихшы әрі саясаттанушы Кирилл Бенедиктов.
Кремльдің ресми дерегі бойынша, Путин жыл басынан бері Си Цзиньпинмен телефонмен сөйлеспеген. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова "Қыста Ресей Украинаға шабуыл жасайды деген болжамы орындалмай қалған америкалық арнаулы қызмет осындай ақпарат таратып жүр" деп мәлімдеді. Оның пікірінше, Bloomberg сөзіне сүйенген Пекиндегі дипломат – АҚШ өкілі.
Қарулы қақтығыстарды ашық дереккөздер бойынша зерттеумен айналысатын Conflict Intelligence Team (CIT) ресейлік тәуелсіз блогерлер тобы екі айдан бері Сібірдегі әскери техниканы Ресейдің батысына – Украинамен шекара бойына көшіріп жатқанын хабарлаған. Өткен аптада С-400 "Триумф" әуе қорғаныс күштері жүйесінің алыстан шабуылдайтын екі дивизионын Қиыр Шығыстан Беларуське пойызбен жөнелткен. Бұл туралы "Интерфакс" жазды. Ақпаратқа Ресей қорғаныс министрлігінің сарбаздар оқу-жаттығуға қатысуға бара жатыр деген ақпараты негіз болған.
– Қытайлар Bloomberg материалы – провокация деп санайды, мұны Ресей де жоққа шығарды. Бірақ бір жағынан мұны Қытайдың өзі де ұйымдастыруы мүмкін. Пекин осы арқылы Қытайдың бұл мәселеде бейтарап екенін көрсеткісі келеді. Бір кездері "Қытай мен Ресей күш біріктіреді екен, Ресей Украинаға, Қытай Тайваньға шабуыл жасайды" деген қауесет тараған. Бұл маған әу бастан-ақ жалған ақпарат болып көрінді. Қытайдың бейтарап ұстанымда қалатынына сенімдімін. Олар осы арқылы Ресеймен жақындығына қарамастан, бұл жанжалға араласпайтынын білдіргісі келген сияқты, – дейді тәуелсіз әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр.
– Қытай Ресейдің әрекетін қолдамайды, бірақ оны сынамайды. "Бәрін келісіммен шешу керек, бейбітшілікті қолдаймыз" дейді. Украина мәселесінде Қытай үнемі бейтарап позиция ұстанады. Ол ашық түрде ешкімді жақтағысы келмейді. Тайваньға да шабуыл жасамайды. Сақ болуға тырысады, – дейді Павел Фельгенгауэр.
Қытайтанушылар Пекиннің бейтараптығына қарамастан, Украинада өз мүддесі бар деп есептейді.
– Қытай билігі Ресейге өтініш айтқан болуы мүмкін дегенді елестетіп көрсек, Пекиннің бұл әрекеті оның позициясына қайшы келмейді. Олимпиада ойындарын былай қойғанда, Қытайға қазір Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс керек емес. Сауда-экономикалық аспектісіне келсек, Украина Қытайдың тұрақты өсіп келе жатқан серіктесі саналады: 2021 жылдың қорытындысы бойынша, Пекин бұл елге 6,5 миллиард доллардың тауарын жөнелткен. Украинаның Қытайға экспортының 45 пайызын азық-түлік өнімдері құрайды, – дейді Виктор Ульяненко.
"Қытайдың азық-түлікке сұранысы артып келе жатқан тұста, Украина маңызды серіктес болып қала береді. Әрине, Украина – шығыстағы көршіміздің жалғыз асыраушысы емес (мысалы, Қытайдың "қас жауы" – АҚШ сауда соғысына қарамастан, биыл Пекинге 35 миллиард долларға азық-түлік сатуды жоспарлап отыр), сонда да Қытай тауар жеткізуші мемлекеттерді шертіп жүріп таңдайтын жағдайда емес. Біреулер "билікке қандай басшы келсе де, Украинада егін шыға береді ғой" деуі мүмкін. Бірақ ұзаққа созылған әскери жанжал азық-түлік жеткізу көлемі мен тұрақтылығына әсер етеді. Әскери сарапшылардың болжамынша, бұл текетірес тез аяқтала қоймайды" дейді Ульяненко.
"Украинадағы әскери іс-қимылдар не қыста басталады, не мүлде болмайды" деген қоғамдық пікірге қарамастан, сарапшылар уақыт өткен сайын тікелей қақтығыс қаупі артып бара жатқанын айтады.
"Бәрі керісінше. Мәселе қазір шешілмесе, көктемде немесе жазда әскери қимылдар болуы мүмкін. Өйткені тараптар тағы да осындай жағдайға тап болады. Қазір уақыт созып, белгілі бір деңгейде деэскалация жүргізіп, бірақ мәселені дипломатиялық жолмен шешпесе, көктем мен жазда әлдеқайда қиын болады. Өйткені бұл мәселені саяси құралдармен шешу керек, әйтпесе, әскери қақтығыс болады. Бұл қауіп ай өткен сайын артып барады" дейді Фельгенгауэр.
Сарапшылар қай мемлекетке қарсы болса да, Қытайға "соғысушы" Ресей керек емес деп есептейді. Өйткені қытай ақпарат құралдары көп жылдан бері Ресейді бауырлас мемлекет, Қытайға қарсы күрестегі жалғыз, сенімді одақтас ретінде көрсетеді.
– Сондықтан Ресейдің қандай да бір мемлекетке қарсы соғысуы қытай халқының санасына Ауғанстандағы не басқа елдегі оқиғалармен салыстырғанда әлдеқайда қатты әсер етеді. Оның үстіне, Украина да қытайлар үшін бөтен мемлекет емес, бұрынғы совет одағының бір бөлшегі. Қытайда совет одағын аңсайтын адамдар әлдеқайда көп. Ресейдің Украинадағы немесе кез келген халықаралық даулы мәселедегі әрекеті туралы сөз бола қалса, бірден шығыстағы одақтас көршіміз қолдау көрсетеді деп күтеміз. Бірақ этнопсихолог ретінде қытайлардың достық туралы түсінігі біздегіден бөлек екенін еске салғым келеді. Біз үшін достық бір-бірі үшін жан беруді қажет ететін альтриустік-романтикалық қарым-қатынас болса, қытайлар үшін – бірінші кезекте, өзіңе пайда әкелетін коммуникация жиынтығы. Осыны назарда ұстау керек. Қытай материалдық шығынға әкелетін немесе халықаралық беделіне нұқсан келтіретін әрекетке бармайды. Тек кейде ұзақмерзімді пайданы ойлап, бір сәттік пайдадан бас тартуы мүмкін, – дейді Виктор Ульяненко.
"ДАСТАРХАН ӘЗІР, БІРАҚ ҚОНАҚ КЕЛМЕЙДІ"
Сарапшылар әскери қақтығыстың олимпиада уақытына тұспа-тұс келуі неге тиімсіз екенін былай түсіндіреді.
– Қытайға өзі өткізетін олимпиада ойындары неге қымбат? Олимпиада маңыздылығы бойынша бірінші орында тұратын мемлекеттік жобалар қатарына жатады. Бұл жағынан ақпан айына жоспарланған спорт шарасы 2008 жылғы олимпиада ойындары, ғарышқа ұшудың пилот жобасы және ай бағдарламасымен бір дәрежеде тұр. Қытайдың мемлекеттік парадигмасында осының бәрі – бүкіл әлемге қытай ұлтының күші мен қуатын көрсететін маңызды жетістіктер. Бұл бірінші кезекте, халықтың бірлігін арттыруға бағытталған демонстрация. Ресей президентіне өтініш айтса да, айтпаса да, Қытайдың мұндай ірі оқиғаны әскери қақтығыс көлеңкесінде қалдырғысы келмегені айдан анық, – дейді Виктор Ульяненко.
Саясаттанушылардың пікірінше, Пекин Олимпиаданы қытай халқы мен әлем елдеріне өз жетістігін паш ету үшін пайдаланғысы келеді. Олимпиада ойындарына дайындық кезінде Қытай спорт жарысын "жоғары технологиялар олимпиадасы" деп жариялап, қыруар қаржы жұмсаған.
Құрылыс нысандарында жаңа экологиялық технологиялар қолданылған. Спортшыларды сутегі отынымен жүретін автобустар тасымалдайды. Олимпиада студиясы жылдамдығы жоғары пойыз вагоны түрінде салынған. Қытай билігі сағатына 350 километр жылдамдықпен жер астында жүріп келе жатқан көліктердің өзінде 5G технологиясы үздіксіз жұмыс істеп тұрады деп уәде беріп отыр. Қытай олимпиада ойындарына арнап 12 спорт нысанын салып, реконструкциядан өткізген. Оның ішінде, трамплиннен секіру бойынша ұлттық орталық (нысан қытай императорларының белгісі – жезл-жуи түрінде жасалған), "Мұз лентасы" деген атпен белгілі конькимен жүгіру спортының мемлекеттік орталығы бар.
Ресейлік ақпарат құралдарында Қытайдың олимпиада ойындарына дайындығы туралы былай жазылған: "Пекин – Чжанцзякоу арасындағы жоғары жылдамдықтағы темір жол мен оның Чунли деп аталатын бір бағыты толықтай пайдалануға берілген. Алдағы олимпиада ойындарының бір ерекшелігі, спорттық сайыстар бірден үш кластерде – Пекинде (хоккей, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, керлинг), Чжанцзякоу (биатлон, шаңғымен жарыс, сноуборд, трамплиннен секіру) және Яньцинде (тау шаңғысы, бобслей, скелетон және шана спорты) өтеді. Тиісінше, Қытайда үш олимпиада ауылы болады. Олимпиада ауылдарын жобалап, салуға бес жылға жуық уақыт кеткен".
АҚШ-ТЫҢ ЖАҢА САНКЦИЯЛАРЫ РЕСЕЙ НАРЫҒЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
COVID-19 вирусы өршіген тұста Қытай бұрын-соңды болмаған шара қабылдады: вирус қаупі төне қалса, бүтін бір ауданды немесе қаланы карантинге жауып тастап отырды. Олимпиада ойындары қарсаңында Қытай "коронавирусқа төзбейміз" деген саясатын жариялады.
"Әр азаматта "денсаулық коды" болады. Бұл – азаматтың жеке деректері енгізілген QR-код. Адамдар қоғамдық орынға кіретін кезде осы кодты көрсетеді. Тексеру барысында жасыл, сары немесе қызыл түс шығады. Жасыл – дені сау, сары – ауырған адаммен байланыста болуы мүмкін, қызыл – вирус жұққан дегенді білдіреді. Сары және қызыл түс шыққан адамдарды ауру таратуы мүмкін деп еш жаққа кіргізбейді" дейді Қытайда тұратын Украина азаматы "Обозреватель" басылымына берген сұхбатында.
23 қаңтарда Қытайда денсаулық кодының көмегімен олимпиада ойындарына келген шетелдік делегация құрамындағы 72 адамнан коронавирус табылған. Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің мәлімдемесінде 4 қаңтар сағат 00:00 бастап 22 қаңтар 23:59-ға дейін Қытайға 2586 делегация мүшесі, 171 спортшы мен ресми тұлға, басқа да мүдделі тарап өкілдерінен 2415 қонақ келген.
Әуежайдағы тест тапсыру кезінде 39 адамнан, шар түрінде салынған жеке қонақ бөлмелердегі (олимпиадаға келген спортшылар осында тұрып, жаттыға алады) тексеру кезінде тағы 33 адамнан коронавирус анықталған. Қонақ бөлмелер арасында қатынасқа шектеу қойылған, спортшыларға өздері тұратын аумақтан шығуға болмайды.
Олимпиадаға Пекинге шақырылған саясаткерлердің бәрі бірдей келмейді. 2021 жылдың аяғында адам құқығын қорғаумен айналысатын 160-тан астам ұйым Халықаралық олимпиада комитетінен олимпиада ойындарын басқа елде өткізуді сұраған. Олимпиада комитеті бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Осыдан кейін бірнеше мемлекет Олипиада-2022 ойындарына дипломатиялық бойкот жариялаған. Бұл бастаманы бірінші болып АҚШ қолға алды. Вашингтон өз шешімін Қытайдағы ұйғырлар мен басқа да мұсылман халықтар құқығының бұзылуымен түсіндірді. Кейінірек АҚШ-қа Австралия, Ұлыбритания мен Канада қосылды. Жыл басында Дания мен Словакия да Пекин олимпиадасына бойкот жариялады. Бойкот аталған мемлекеттерден олимпиадаға қатысатын спортшыларға әсер етпейді, шараға тек шенеуніктерден тұратын ресми делегация бармайды.
ПІКІРЛЕР