Accessibility links

Алпауыттар мен беймаза көршілердің Орталық Азияға ықпалы


Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров (ортада) пен Қытай елшісі Ду Давэнь (сол жақта) Пекин қолдау білдірген инфрақұрылым жобаның бір бөлігі – автокөлік жолындағы көпірді ашу рәсімінде.
Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров (ортада) пен Қытай елшісі Ду Давэнь (сол жақта) Пекин қолдау білдірген инфрақұрылым жобаның бір бөлігі – автокөлік жолындағы көпірді ашу рәсімінде.

Орталық Азия Ресей, Қытай, Түркия, Иран мен Ауғанстан секілді елдердің ортасында жатыр. Олардың бәрі бұл аймаққа қалай да болсын ықпал етуді көздейді. Осы үрдіс аймақтағы бес елге қалай әсер етеді?

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан 1991 жылы тәуелсіздік алып, ғасырлар бойы Еуразиядағы тоғыз жолдың торабында, өркениеттер тоғысында тұрғанын айта бастады.

Бұл өзін "бұрынғы Совет одағының оңтүстік қапталы" санағаннан анағұрлым жақсы еді. Мұндай атақ Орталық Азияны тығырыққа тірейтіндей. Бірақ тәуелсіздік алған соң біршама жыл солай болғанға ұқсайды.

Орталық Азия Ресеймен тығыз байланыс орнатты. Одан басқа мұндай ел аз.

Осылайша, аймақтағы шенеуніктер ежелгі сауда жолдарын қайта жаңғыртуға болатынын айта бастады.

Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғанына отыз жыл толғанда қайтадан Еуразиядағы сауда орталығына айналып барады. Тіпті, аймаққа ықпал ету үшін бәсеке де күшейген сыңайлы.

РЕСЕЙ

Ресей Орталық Азияға 19-ғасырдан бастап қазірге дейін ықпал етіп келеді.

Орталық Азиядағы халықтың көбі орысша сөйлейді. Аймақтағы біршама жерде Ресей телеарналары көрсетіледі. Совет одағы құлағалы осы елдерден миллиондаған мигрант жұмыс іздеп Ресейге кеткен. Олардың аударатын ақшасы отбасының күнкөрісіне ғана емес, Орталық Азиядағы кей елдердің экономикасына да септесіп жатыр.

Бірақ Орталық Азияға ақшасын құйып, достық пиғыл танытатын – Қытай. Кейбірі әлі күнге Ресейдің "тысқары алаңы" санайтын аймақтағы инфрақұрылым жобаларына Мәскеу қаржы сала қоймайды.

Бірақ Қырғызстан мен Тәжікстанда Ресей әскери базасы бар. Орталық Азиядағы кей үкіметтер оны аймақтағы қауіпсіздік кепілі көреді.

2021 жылы жазда Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келгеннен кейін Кремль әскери көмек беретінін, қауіпсіздікті сақтауға көмектесетінін айтып Орталық Азия елдеріне ықпалын арттырып жатыр.

Ауғанстанға "Талибан" билігі орнаған соң Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді мүшелерімен байланысын нығайта түсті.

Ұйым қыркүйектің басында Қырғызстанда, қазанның екінші жартысында Тәжікстанда әскери жаттығу өткізді. Тәжікстандағы жаттығуға Қазақстан әскері де қатысты.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бірлескен жаттығуына қатысушы ресейлік әскери қызметкер Бішкектен 200 километрдей қашықтағы Балықшы полигонында тұр. Қырғызстан, 9 қыркүйек 2021 ж.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бірлескен жаттығуына қатысушы ресейлік әскери қызметкер Бішкектен 200 километрдей қашықтағы Балықшы полигонында тұр. Қырғызстан, 9 қыркүйек 2021 ж.

Өзбекстан ҰҚШҰ мүшелігінен шығып кеткен еді. Ташкент Кремльдің ұйымға қайта қосылу жайлы ұсынысын қабылдамады. Бірақ Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 23 тамызда өткен онлайн саммитке қатысты.

2021 жылғы шілденің басында Өзбекстан мен Ресей Самарқанд облысында бірлескен әскери жаттығу өткізді. Бұл кезде Ауғанстандағы шетел әскері ол елден кетіп жатқан еді. Ал тәліптер Кабулды бақылауға алардан бірнеше күн бұрын Ресей мен Тәжікстан күштері тәжік жеріндегі полигонда жаттықты. Ауғанстандағы жағдайдан кейін аймақты үрей билеп, қауіпсіздікке алаңдай бастады. Сондай кезде Ресейдің қолдауы Ауғанстандағы содырлардың аймаққа кіруінен сескенген елдердің қаупін сейілткендей болды.

Бірақ Ресей жайдан жай қолдау көрсетпейді. Орталық Азия елдері аяққа тұрып кетуге тырысты, бірақ қазір олар қауіпсіздік мақсатында қайтадан Ресейге қарай бет бұрып жатыр.

ҚЫТАЙ

Қытай Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындап, 1992 жылғы қаңтардың басында бес елмен дипломатиялық байланыс орнатқан.

Отыз жылдан соң Орталық Азияны Қытай беретін инвестициясыз елестету мүмкін болмай қалды.

Қытай Орталық Азиядағы әр елдің негізгі сауда серіктесіне айналды. Кейінгі жиырма жылда жүзеге асырылған инфрақұрылым жобалары Пекиннің қаржылай қолдауы болмаса жүзеге аспайтын еді.

Қытай Орталық Азияға ақша құюға дайын болды. Басқа ешбір ел олай істегісі келмеді және істей алмады.

Коронавирус пандемиясы әлем экономикасының дамуын тежеді. Ал Қытай аймаққа ақша салатын аз елдердің бірі болып қалды да, Орталық Азия елдері үшін маңызын арттыра түсті. Бірақ қазір Пекин бұл аймаққа ондаған жыл бұрынғыдай көп ақша бермейді.

Қытай Орталық Азияда жүзеге асырғысы келген жобаларын аяқтады. Тек Түркіменстанның газ орындарынан Орталық Азия арқылы Қытайға баратын газ құбырының бір бөлігі мен Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол жобасы аяқталмай қалды.

Қытайға Орталық Азиядағы жобаларға миллиардтаған доллар жұмсаудың керегі жоқ. Аймаққа Пекиннен ондаған миллион доллар да жеткілікті.

2009 жылғы 15 желтоқсанда Түркіменстаннан Өзбекстан мен Қазақстан арқылы Қытайға газ тасымалданатын құбырды ашу рәсімінде тұрған сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов (сол жақтан екінші), Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов (оң жақтан екінші) және Қытай президенті Ху Цзиньтао. Самандепе, Түркіменстан.
2009 жылғы 15 желтоқсанда Түркіменстаннан Өзбекстан мен Қазақстан арқылы Қытайға газ тасымалданатын құбырды ашу рәсімінде тұрған сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов (сол жақтан екінші), Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов (оң жақтан екінші) және Қытай президенті Ху Цзиньтао. Самандепе, Түркіменстан.

Бұл Қытай үшін соншалықты көп ақша емес. Бірақ Орталық Азия үшін, әсіресе, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан секілді кедей елдер үшін әжептәуір ақша.

Бұл үш ел Қытай қарызына белшесінен батқан. Тәжікстан қарызының біраз бөлігін өз жеріндегі пайдалы қазбаларды Қытай фирмаларының игеруіне келісім беріп жапқан.

Орталық Азияға Пекин қаржысы ағылып жатқанымен, жергілікті халықтың Қытайға көзқарасы өзгерген.

Пекиннің пиғылына қатысты күмән Орталық Азия халқының Қытайға қарсылығын өршітті.

Қытайда Орталық Азияның көп бөлігін өзінің ерте заманнан бергі тарихи жеріне қосып жіберген карталар мен оқулықтар тарады. Қытай шенеуніктері қате кеткенін айтқанымен, Орталық Азиядағы күмәнді сейілте алмады.

Мұндай "қателік" ондаған жыл бойы қайталанып келеді.

Пекиннің Қытайдың батысындағы Шыңжаңда ұйғыр, қазақ, қырғыз секілді мұсылман халықтарын лагерьге қамау саясаты Орталық Азияда наразылық туғызды.

2 қарашада Central Asia Barometer тобы Қазақстан мен Өзбекстанда жүргізген сауалнама қорытындысы жариялады. Олар сауалнамада қиын кезеңде қай елдің көмекке келетінін сұраған.

Қазақстанда респонденттердің тек 4,9 пайызы экономикалық және басқа да проблемаларды шешуге Қытай көмектеседі деп жауап берген.

Полиция Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында 300 күннен астам уақыт наразылық жасап жүрген Халида Ақытханды ұстап жатыр. Алматы, 8 желтоқсан 2021 ж.
Полиция Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында 300 күннен астам уақыт наразылық жасап жүрген Халида Ақытханды ұстап жатыр. Алматы, 8 желтоқсан 2021 ж.

Өзбекстанда сауалнамаға қатысқандардың 2,6 пайызы Қытайдың көмекке келетінін айтқан.

Дәл осы сұраққа Қазақстандағы респонденттердің 54,3 пайызы, Өзбекстанда 53,9 пайызы Ресей деп жауап берген.

ТҮРКИЯ

Кейінгі жылдары Түркия Орталық Азиямен байланысын нығайтты. 12 қарашада Стамбұлда Түркі мемлекеттері ұйымының құрылуы соның бір дәлелі бола алады. Осы ұйымға Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мүше болды. Түркіменстан мен Венгрия бақылаушы елдер атанды.

Түркия Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан секілді төрт түркітілдес мемлекеттің рухани одақтасы саналады.

Бұл елдер тәуелсіздік алған соң Анкарамен серіктес болуға үміттенді. Бұл тек мәдениет пен тіл ұқсастығына ғана емес, Түркияның халықаралық саясаттағы орнына да байланысты болды. НАТО-ға мүше Түркия Батыс елдерімен жақсы байланыс орнатқан.

Орталық Азиядағы бұрынғы одақтас респбуликалар тәуелсіздігін жариялаған кезде Түркия президенті болған Тұрғыт Өзал пантүркизм қозғалысын жақтайтын.

1989-1993 жылдар аралығында Түркия президенті болған Тұрғыт Өзал.
1989-1993 жылдар аралығында Түркия президенті болған Тұрғыт Өзал.

1993 жылғы сәуірде Өзал Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстанға барып, түркі бауырластығы жайлы көп айтты.

Оның бұл сөзі резонанс туғызды. Содан бері түркі ынтымақтастығының белгілі бір формасы қалыптасты. Соның ең соңғысы және ынтымақтастық эволюциясындағы ең маңыздысы Түркі мемлекеттерінің ұйымы болды.

Бірақ Өзал Орталық Азияға сапарынан еліне оралғаннан кейін қайтыс болды. Ал Түркияның Орталық Азия тұрғындарына қажет ақшаны инвестициялауға шамасы жетпеді. Түркияның рөлі өзгерген жоқ. Бірақ оны Ресей мен Қытайдың ықпалымен салыстыруға да келмейді.

Түркияның қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанның саясаты Анкараны Сирияда, Ливия мен Әзербайжанда күшін көрсетуге мәжбүрлеп, Түркия әлемдік саясаттағы орнын нығайтты.

Ердоған Сирияда Ресейге, тіпті, Шыңжаңдағы мұсылмандарды жәбірлеп жатқан Қытай саясатына қарсы шықты.

Орталық Азия ақша мен қауіпсіздік мәселесінде Қытай мен Ресейге тәуелді болып бара жатқанда, Түркияның әлемдік аренаға шығуы аймақтағы төрт елдің тақиясына тар келмесі анық.

Түркия Орталық Азиядағы төрт елге тағы бір мықты серіктес болып, Ресей және Қытаймен байланысын теңестіре алады. Мәдениеті мен тілі ұқсас Түркия аймақ тұрғындарына да тартымды болып отыр.

ИСЛАМШЫЛ ОҢТҮСТІК

Орталық Азия – ислам әлемінің солтүстіктегі шекарасы. Аймақтағы елдердің басшылары бұған қатысты екіұдай күйде жүреді. Халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатын аймақ Ресейден сонысымен ерекшеленіп тұр. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Орталық Азия елдері басшылары үшін маңызды болды.

Бірақ Совет одағы коммунистік партиясына мүше болған президенттердің ислам жайлы білетіні шамалы еді. Көп ұзамай олар халықты біріктірудегі діннің күші Ресейдің ықпалынан артық болмаса, кем түспейтінін түсінді.

Орталық Азия елдері басшылары биліктің зайырлы формасын таңдағаны таң қалдырмайды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (оң жақта), Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақтан екінші) және Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (сол жақта) Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі жиынында. Баку, 15 қазан 2019 ж.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (оң жақта), Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақтан екінші) және Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (сол жақта) Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі жиынында. Баку, 15 қазан 2019 ж.

Бірақ әу баста бұл президенттер Иранда билік орнатқанына 12 жыл болған теократиялық басқару жүйесімен бетпе-бет келді.

Иран қол созым жерде тұр. Бірақ онымен Тәжікстан ғана тығыз мәдени байланыс орнатты. Ирандықтар негізінен исламның шиит ағымын, ал Орталық Азия тұрғындары сүннит ағымын ұстанады.

1996 жылғы қыркүйекте "Талибан" қозғалысы Кабулды басып алғанда, Орталық Азияның оңтүстігінде теократиялық басқару жүйесі бар тағы бір мемлекет пайда болды. Тәліптер исламдағы сүннит ағымын ұстанатын радикал топ саналады.

1990-жылдары Ауғанстанда тәліптер билікте болғанда, тамыр-таныстық пен жемқорлық жайлаған Орталық Азиядағы режимге балама ұсынады деген қауіп болды.

Ауғанстанда "Талибан" билікке қайта оралған соң, Орталық Азияны қоршаған теократиялық елдер саны екеуге жетті.

Қазір Орталық Азия үкіметтері 1990-жылдарға қарағанда "Талибанға" достық пиғыл танытып отыр.

2021 жылғы 16 қыркүйекте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың мәлімдемесі 1990-жылдардың аяғындағы проблема әлі де барын аңғартқандай болды.

Жапаров "аймақта теократиялық мемлекеттің пайда болуы ұйымға мүше елдерге кері әсер ететіні сөзсіз" деді.

Жапаров "ұйым мүшелері" деген сөзін "Орталық Азия елдері" деп айтса да артық болмас еді.

Орталық Азия халқы діншіл болып барады. Аймақтағы адамдардың көбі Иранның да, тәліптердің де исламшыл басқару үлгісіне қызықпайды. Бірақ елді шариғат заңымен басқаруға болады деген идеяның өзі кей адамдарға тартымды болуы мүмкін.

ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА…

Отыз жыл бұрын тәуелсіздік алған кезде Орталық Азия елдері жүз жылдық оқшау өмір құрсауынан шыққан еді.

Аймақтағы елдердің басшылары билікке талас алаңына айналғысы келмейтінін мәлімдеді. Бірақ Еуразиядағы тоғыз жолдың торабында жатқан бес ел өздері қаласа да, қаламаса да әртүрлі мүдде мен идеяның ықпалына ұшырайды. Бұл мүдделер кейде бір-біріне кереғар болуы да мүмкін.

Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына аяқ басқан елдер аймақтағы өзара ынтымақтастық кез келген проблеманың шешімі бола алатынын әйтеуір түсіне бастағанға ұқсайды.

Мұның бір дәлелі – Орталық Азия елдері басшылары саммиті. Жиырма жыл бойы өткізілмей келген жиын қайта жанданып, 2018 жылдан бері үш рет өтті.

Орталық Азия елдері басшылары екіжақты кездесуді де жиі өткізіп жүр.

Орталық Азия аймақты қоршап тұрған алпауыттар мен беймаза елдердің ықпалына тап болды. Мұндай жағдайда ынтымақтастықтың жаңа рухы бес елге егемендікті сақтауға кепіл бола алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG