Accessibility links

Ұн саудасы, Өзбекстанмен бәсеке һәм саяси PR. Қазақ-тәліп кездесуінің астарында не бар?


Қазақстан президентінің арнаулы өкілі Ержан Қазыханов (сол жақта) "Талибан" қозғалысын құрғандардың бірі Абдол Ғани Барадарға 5 мың тонна гуманитарлық көмек сертификатын тапсырып тұр. Кабул, Ауғанстан, 17 қазан 2021 ж.
Қазақстан президентінің арнаулы өкілі Ержан Қазыханов (сол жақта) "Талибан" қозғалысын құрғандардың бірі Абдол Ғани Барадарға 5 мың тонна гуманитарлық көмек сертификатын тапсырып тұр. Кабул, Ауғанстан, 17 қазан 2021 ж.

Демалыс күндері Қазақстан президентінің арнайы өкілі Ержан Қазыханов бастаған делегация Кабулға барып, елде террор ұйым деп танылған "Талибан" қозғалысының өкілдермен кездесті. Азаттық cаясаттанушы Досым Сәтпаевтан Қазақстан делегациясының тәліптермен кездесуіне не түрткі болғанын, бұл кездесудің Ауғанстандағы қазақтардың қауіпсіздігіне қалай әсер ететінін сұрады.

Ақорданың хабарлауынша, президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыханов "Талибан" тағайындаған үкіметтің сыртқы істер министрі Әмір Хан Мұттақимен және премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарушы Абдол Ғани Барадармен кездескен.

Қазақстан ресми мәлімдемелерде "Талибан" қозғалысының ("Қазақстанда 2005 жылы сот шешімімен террор ұйым ретінде тыйым салынған") атын атамаған. Ақорда "Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмегі және сауда-экономикалық байланыстар мәселесі талқыланды" деп жазды.

Қазақстан президентінің арнаулы өкілі Ержан Қазыханов (сол жақтан үшінші) бастаған қазақ делегациясы "Талибан" үкіметі өкілдерімен кездесіп отыр. Кабул, Ауғанстан, 17 қазан 2021 ж.
Қазақстан президентінің арнаулы өкілі Ержан Қазыханов (сол жақтан үшінші) бастаған қазақ делегациясы "Талибан" үкіметі өкілдерімен кездесіп отыр. Кабул, Ауғанстан, 17 қазан 2021 ж.

Кездесуде Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде "бес мың тонна ұн беретінін" айтып, Қазақстанның QazVac коронавирус вакцинасын ұсынған.

"Тәуекелдерді бағалау тобының" директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанның "Талибанмен" кездесуінің қадамында экономикалық, дипломатиялық мүдде бар әрі бұл сапар биліктің жарнамасы деп санайды.

"ҚАЗАҚСТАН АУҒАНСТАНҒА ҰН САТА АЛМАЙ ҚАЛАМЫЗ БА ДЕП ҚАУІПТЕНЕДІ"

Азаттық: Ауғанстан билігіне тәліптер келгеніне екі ай болғанда Орталық Азия елдері, Тәжікстанды алмағанда, "Талибанмен" байланыс орнатуға тырысып жатыр. Бұл экономикалық мүдделерді жүзеге асыру үшін жасалған қадам ба?

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Досым Сәтпаев: Олар бірнеше мақсат көздейді, соның ішінде экономика мен қауіпсіздікке қатысты мүддесі де бар. Орталық Азиядан Тәжікстан ғана тәліптермен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартып отыр. Тәжікстанның келіссөзі тек Пәкістан мен Мәскеу арқылы жүріп жатыр. Орталық Азиядағы қалған елдер тәліптермен байланыс орнатуға қадам жасады. Кабулға Қырғызстан президентінің өкілі барып қайтты. Өзбекстан олармен байланысты ертеректе бастап кеткен. Өзбекстан тіпті Дохада АҚШ пен "Талибан" арасындағы келіссөзге де қатысты. Яғни, өзбектер тәліптердің ұзақ уақытқа келгенін, олармен санасу керегін бірден түсінді. Бұған қоса, Өзбекстанның көздеген бірнеше экономикалық жобасы бар. Соның бірі – Мазари Шарифтен Герат арқылы Пәкістан порттарына баратын темір жол салу. Бұл – Өзбекстан үшін теңізге шығатын маңызды жол.

Бұл келісімге Ауғанстаннан қашып кеткен президент Ашраф Ғани кезінде қол қойылған. Өзбекстан қазір мұны тәліптермен жалғастырғысы келеді. Бір қызығы, жақында Түркіменстанда өткен Орталық Азия елдері кездесуінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл жобаның Қазақстан үшін қызық екенін айтты. Бұдан бөлек, Өзбекстан электр энергиясын сату жағын да ойлап отыр. Қазақстан үшін, экономикалық жағынан алсақ, Ауғанстан – қазақ ұнын сатып алатын негізгі елдердің бірі. Қазақстан бұл нарықтан айрылғысы келмейді.

Қазақстаннан шетелге жөнелтуге жүк көлігіне тиеп жатқан астық. Көрнекі сурет.
Қазақстаннан шетелге жөнелтуге жүк көлігіне тиеп жатқан астық. Көрнекі сурет.

Азаттық: Қазақстанның Ауғанстанмен байланысында экономикалық мүдде бар деп айттыңыз. Бірақ биылғы бірінші жарты жылда Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2,2 млн доллар болған. Бұрын тыныш кезінде 700 млн долларға дейін жеткен еді. Ауғанстандағы қазіргі ахуалды ескерсек, "экономикалық мүдде" үшін Қазақстанның өзі терроршыл ұйым деп таныған қозғалыспен кездесуі қаншалықты маңызды? Әлде гуманитарлық көмек "Талибан" идеясы мен радикалдар Қазақстанға келмес үшін алдын ала сақтық үшін жасалған "төлем" бе?

Досым Сәтпаев: Бұл жерде экономика, қауіпсіздік, дипломатия және тағы бір жасырын жайт [Қазақстан мен Өзбекстан] бәсеке бар. Ауғанстандағы жағдайды алатын болсақ, Ташкент Қазақстаннан бірнеше қадам алда. Себебі екі елдің арасында үлкен шекара бар және Ауғанстанда өзбек диаспорасы көп. Осы тұста Қазақстан өзінің сүйікті әрі ресми тақырыбына айналған гуманитарлық көмек жағынан тырысып жатыр. Бұл арқылы Қазақстан өзін бұл ойындағы аутсайдер емес, негізгі ойыншы ретінде көрсеткісі келеді. Қазақстан Ауғанстанға ұн сата алмай қаламыз ба деп қауіптенеді. Егер Қазақстан Ауғанстанға ұн сатуды тоқтатса, орнын Өзбекстан басуы мүмкін. Бір қызығы, Қазақстанның гуманитарлық көмегінің өзі бес мың тонна ұн болды. Осы арқылы Қазақстан тәліптерге өзінің экспорт тауарын көрсетті.

"ТОҚАЕВ СЫРТҚЫ САЯСАТТА ОЙЫНШЫ ЕКЕНІН КӨРСЕТУГЕ ТЫРЫСЫП ЖАТЫР"

Азаттық: Бұл сапарды Қазақстанның сыртқы саясаттағы PR-жарнамасы деуге бола ма?

Досым Сәтпаев: Иә, солай деп ойлаймын. Қазір барлық ел Ауғанстандағы жағдайға келгенде жарнамамамен айналысып жатыр. Орталық Азия елдері жеке дипломатиялық мүмкіндігі барын, тәліптермен байланыс орната алатынын көрсеткісі келеді. Осы арқылы олар электоратты, қоғам пікірін өзіне бұруға жұмыс істеп жатыр. Ауғанстанмен ортақ шекара болмаса да бұл ел Қазақстан үшін көрші саналады. Егер тәліптер мен Орталық Азияның бір елінің арасында мәселе болса, Қазақстанға да әсер етеді. Жаңа президент Тоқаев бұрынғы дипломат ретінде сыртқы саясатта, халықаралық қауымдастықта ойыншы екенін көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ Қазақстанның өз ішінде мәселелері де жетерлік.

Азаттық: "Талибан" келіссөзге қаншалықты ыңғайлы? Тәліптер сөзінде тұрады дегенге кепіл бар ма?

Досым Сәтпаев: Ауғанстанда бірде-бір саяси күш бұл елде толық тұрақтылықты қамтамасыз ете алмады. Оның ішінде тәліптер де бар. Бұған кейінгі кезде Ауғанстанда "Ислам мемлекеті" (ИМ) террор ұйымының Хорасан тобы ұйымдастырған терактілері дәлел. ИМ Ауғанстанда тәліптер қауіпсіздік кепілі бола алмайтынын көрсетті. Бұған қоса, "Талибанның" өзі бірнеше топтан тұрады, ішінде Пәкістанмен тығыз байланыстағы Хаккани тобының радикалдары мен қозғалыстың заңдылығын қамтамасыз етуге тырысып жүрген Барадар бастаған топ бар.

Кабул базарында жүрген қару асынған тәліп өзін суретке түсірмеуді талап етіп тұр. 15 қазан 2021 ж.
Кабул базарында жүрген қару асынған тәліп өзін суретке түсірмеуді талап етіп тұр. 15 қазан 2021 ж.

"Талибан" өзін саяси күш, саяси партия ретінде көрсеткісі келеді. Қазір "Талибан" Ресей мен Қытайдан қандай да бір қолдау алуға тырысады. Себебі АҚШ пен Еуропа елдерінен үміт жоқ, өйткені тәліптер құрған үкімет инклюзивті емес және әйел құқығын сақтамайды. Егер Мәскеу мен Пекиннен қандай да бір қолдау болса басқа елдер де, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттері де тартылуы мүмкін. Бірақ "Талибан" үкіметін ресми мойындау, бұған дейін айтылғандай, БҰҰ деңгейінде ғана болады. Егер қандай да бір ел "Талибанды" мойындаса, бұл ол елдің халықаралық имиджіне соққы болмақ.

Тәліптер 1990-жылдармен салыстырғанда жұмсақ көрінуге тырысып жатыр. Бірақ бұл жерде "Талибанның" ұрысқа дайын топ екенін ескеру керек. Тәліптер қатарындағы радикалдар ертеңгі күні ИМ содырларымен келісім жасасуы да мүмкін. Бұл – қауіп. Сондықтан келісім жүргізгенде осыны ескеру керек. Әрине, Ауғанстан – баланың ойыны емес, бұл да бір саяси ойыншы. Сондықтан олармен белгілі бір деңгейде экономикалық мүдделерді жүзеге асыруға болады.

Бұған қоса, Қазақстан тәліптермен кездесуінде "менің жауымның жауы – менің досым" деген принципке сүйенген сияқты. Бұл принципті АҚШ, Ресей және Орталық Азия елдері де ұстанып отыр. Себебі қазір тәліптерден гөрі "Ислам мемлекеті" террор тобынан қауіп көп. Біріншіден, тәліптер басқа елдерді басып алуды жоспарламайды, себебі оған ресурсы жоқ. Ал Орталық Азия елдерінің біріне басып кіру жауапсыз қалмайтынын, бір елге тиіссе басқалары да келетінін түсінеді. Қазір тәліптердің мақсаты – Ауғанстанға толық билік орнату. Ал ИМ Орталық Азияны Ауғанстанға қосып бір ел құрғысы келеді. Ауғанстан – ИМ үшін табан тірейтін соңғы жер емес.

"ТӘЛІПТЕР АУҒАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛМАЙДЫ"

Азаттық: Ауғанстандағы қазақтар тәліптерден қауіптенетінін айтып, Қазақстаннан көмек сұраған. Нұр-Сұлтан Ауғанстандағы қазақтарға көмектесетінін, бірақ бұл процесс тез болмайтынын айтқан. Бұл кездесу Ауғанстандағы қазақтардың қауіпсіздігін шеше ала ма?

Досым Сәтпаев: Тәліптер Қазақстанға Ауғанстандағы қазақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деуі мүмкін. Бірақ тәліптер қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алмайды. Себебі Ауғанстанда теракт ұйымдастырып, адамдарды өлтіріп жатқан ИМ террор тобы бар. Сондықтан Ауғанстаннан Қазақстанға көшкісі келетін қазақтардың мәселесі шешілуі тиіс. Ашаршылық кезінде Ауғанстан да қазақтарға пана болғанын ұмытпауымыз керек.

"Тәліптерден Қазақстанға қауіп бар"

Өміртай Битімов, Қазақстанның Ауғанстандағы 2011-2018 жылдардағы елшісі:

Тәліптермен кездескен жалғыз біз емеспіз. Қалай болғанда да Ауғанстан жері ешқайда кетпеді, халқы да орнында. "Билігі нашар" деп оларды тастап кетпеу – Қазақстанның позициясы. Билікке келген соң тәліптердің сөзі өзгерді. "Көрші елдерге тимеймін", "әйел құқығына рұқсат берем" дегенінің бәрі саясат. Бірақ сайлау туралы ештеңе айтпайды. Өйткені олар идеологиялық тұрғыда өзгерген жоқ. Бұрынғы әмірлік, халифат құру идеясынан айнымады. Алайда оны іске асыруға мүмкіндігі жоқ. Өз ішінде де іріткі, мәселе көп. Тәліптердің көбі – пуштун. Бірақ Ауғанстанның қақ жартысы басқа ұлттар – тәжік, өзбек, хазар бар. ИМ тобы да жағдайды қиындатты.

Тәліптердің Қазақстанға идеологиялық жағынан әсері бар. Бір террор ұйым көп жыл соғысып, билікке келіп отыр. Бізде де, Өзбекстан, Тәжікстанда да неше түрлі ағым бар. Олар "тәліптер осылай соғысып, террор жолымен билікке келгенде, біз неге келмеске?" деп ойлауы мүмкін. Кейбіреулер "тәліптерге барып тактикасын, стратегиясын үйренейік" деуі де мүмкін. Осы жағынан қарағанда, қауіп бар.

Азаттық: Орталық Азия елдерінің "Талибанмен" кездесуіне Ресей қалай қарайды?

Досым Сәтпаев: Қазір Мәскеу Орталық Азиядағы саяси және әскери ықпалын күшейту үшін Ауғанстандағы жағдайды пайдаланып жатыр. Мәскеу Орталық Азияда қауіпсіздік кепілі біз ғана боламыз, біздің маңайымызға топтасыңдар деуі мүмкін. Ресей Ауғанстанға келгенде екіұшты саясат ұстанып отыр. Бір жағынан тәліптер жау емес деп көрсеткісі келеді, екінші жағынан Орталық Азия елдеріне ИМ-ді алға тартып, Ауғанстандағы жағдай тұрақсыз деп отыр. Осы арқылы Ресей Орталық Азиядағы ықпалын нығайтқысы келеді.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG