Жалпы алғанда, олар "Талибанның" билікке келгенін қабылдады және олармен сөйлесуге дайын болды. Бұған тек бір мемлекет бармады. Ол елдің аты Тәжікстан.
Тәліптерді бұрыннан қолдап келе жатқан Пәкістан қозғалыстың Ауғанстандағы жетістігін қуана қабыл алды. Қытай, Иран, Өзбекстан және Түркіменстан елдері Ауғанстанның ішкі ісіне араласа алмайтынын, тәліптермен қандай да бір әріптестік орнатуға үмітті екенін білдірді.
Бірақ тәжік билігі басқа жол таңдады. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен оның үкіметі Ауғанстандағы "Талибан" үкіметіне ашық қарсылық танытып отыр. Мұның себебі неде?
Біріншіден, Рахмон Тәжікстанды 20 жылдан астам уақыт бойы басқарып келген. Ол билікке келгенде Ауғанстан әлі тәліптер қолында еді. Көрші елдердің өзге басшылары "Талибан" басқарған ол Ауғанстанды (олар елде 1996-2001 жылдары билік құрды) көрмеген.
1990-жылдардың соңында Рахмон тәліптерге қарсы күрескен ауған тәжіктерін қолдаған. Ол Ауғанстандағы этникалық тәжіктерді қазір де қолдап отыр. Тәліптер билігін мойындамаған Панжшер шатқалындағы топтың негізгі құрамы да тәжіктерден тұрады.
Тәжіктер Ауғанстан халқының 25 пайызын құрайды. Тәжікстан халқы оларды іштей қолдайды. Ауғанстанның өзге көршілеріне келгенде, мұндай жағдай байқалмайды.
Сол себепті болса керек, беделі төмендей бастаған Рахмон осы ұстанымынан кейін абырой жинай бастады. Бұл ол үшін өте маңызды, себебі ол өз ұлы Рустамды президенттікке дайындап отыр.
ТӘЖІКСТАНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ СОҒЫС
Рахмонның "Талибанмен" қарым-қатынас жасамауына тағы бір себеп бар.
1992-1997 жылдары Тәжікстанда азаматтық соғыс болғанда, "Ислам қайта өрлеу партиясы" тәжік үкіметіне қарсы күрескен негізгі топ болды. Соғыс бітім келісімімен аяқталды. Келісім бойынша, үкімет құрамының 30 пайызы оппозиция өкілінен тұратын болды. Ал "Ислам қайта өрлеу партиясы" партиясы заңдастырылып, Рахмонның "Тәжікстан халық демократиялық партиясынан" кейінгі екінші партия атанды.
Бірақ Рахмон ол партияны өзінің билігіне қауіп санап, оған қысым көрсете бастады. Ақыр соңында партияны төңкеріс жасамақ болды деп айыптап, 2015 жылы қыркүйекте оны экстремистік ұйым деп жариялады.
Бірақ "Ислам қайта өрлеу партиясы" "Талибанға" қарағанда едәуір ұстамды еді.
Тәжік билігінің осынау ұстамды діни партиямен қалай күрескенін ескерсек, оның ислам ережесінің қатаң түсіндірмесіне сүйенетін "Талибан" үкіметімен байланыс орната қоюы екіталай.
Бұған Тәжікстан бас муфтиі Саидмукаррам Абдулкодирзоданың сөзі дәлел. Ол 11 қыркүйек күні Ховар ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, "Талибанмен" қарым-қатынас жасалмайтынын мәлімдеді.
"Ислам рахымшылық пен бауырластықты білдіреді. Бірақ "Талибан" дейтін террор қозғалысы өздерін ислам мемлекеті деп атай отырып, әйелдерді, балаларды және бауырларды өлім жазасына кесіп отыр" деді ол.
Тәжікстан муфтиі биліктің мақұлдауымен тағайындалатынын ескерсек, оның сөзін үкіметтің көзқарасы деп қарауға болады.
ТӘЛІПТЕРГЕ ҚАРСЫ ТҰРУҒА РАХМОННЫҢ ШАМАСЫ ЖЕТЕ МЕ?
Осылайша, Рахмонның тәліптерге мейлінше қарсы тұруға бекінгенін көріп отырмыз. Бірақ бұл оның қолынан келе ме?
Бұл сұрақтың жауабы күрделі.
Ауғанстанның көршілері арасында Тәжікстан – аумағы бойынша ең кіші, экономикасы бойынша ең кедей ел. Бірақ ол көп жыл бойы алпауыт елдерден көмек алып келеді.
Ресей оны бірталай жыл қару-жарақпен қамтамасыз еткен. Кейінгі он жылда Тәжікстан әскеріне Қытай да қолдау білдіре бастады. Ал АҚШ, НАТО, Еуроодақ және ЕҚЫҰ қару бермесе де, шекара бекеттеріне қажет жабдықтар, бақылау құрылғыларын, қысқы және жазғы киімдер, жол талғамайтын көліктер және өзге де заттар табыстап отырды.
Бірақ мұның ешқайсысы "Талибанды" қорқыта қоймас. Қайта бұл жағдайда Тәжікстанның өзіне төнер қауіп көп болуы мүмкін. Себебі тәліптермен бірге соғысып жүргендердің біразы Тәжікстаннан шыққан және Рахмон мұны жақсы біледі.
Ауғанстанда тәліптердің билікке келгеніне қуана қойған ел аз болды. Елдердің ресми мәлімдемелерінен жағдайға көндігу ниеті байқалды. Ал тәліптер туралы не ойлайтынын ашық айтқан осы тәжік үкіметі ғана.
Карнеги қорының сарапшысы Пол Стронски де Тәжікстан өзге елдердің айта алмағанын мәлімдеп отыр деді.
Тәжікстанның саяси сарапшысы Хайрулло Мирсаидов Тәжікстанның Ресейге сүйеніп отырғанын айтады.
"Рахмон мұндай мәлімдемелерді Ресейдің келісімінсіз жасамас еді. АҚШ бұл аймақтан кеткен тұста Ауғанстан Пәкістанның ықпалына толық түсуі ықтимал, ал Ресей мұны қаламайды" дейді ол Азаттықтың Тәжік қызметіне. Мирсаидовтың сөзінше, Рахмон бұл тақырыпты халық арасында беделін арттыру үшін де пайдалануы мүмкін.
Тәжікстанда Ресейдің әскери базасы бар. Онда сондай-ақ Қытайдың шағын әскери бекеті (елдің шығысында) орналасқан.
Мәскеу де, Пекин де "Талибанмен" келіссөз жүргізуге болатынын мәлімдеді, бірақ екеуі де Ауғанстанда "Талибанмен" одақтас түрлі әскери топтар арасында өз азаматтарының жүргеніне алаңдайды.
Ауғанстанда Қытай мен Ресейден шыққан адамдардан бөлек өзге елдің азаматтары да бар. Сол үшін ол елдер Ауғанстандағы жағдайға келгенде, абайлап сөйлеуі керек.
25 тамыз күні Рахмон Пәкістан сыртқы істер министрі Шах Махмуд Курешимен кездескенде, тек тәліптерден тұратын ауған үкіметін мойындамайтынын, оған этникалық тәжіктер де кіруі керек екенін айтқан.
Келесі күні Франция президенті Эммануель Макрон оны Парижге шақырды. Бұл жағдай тәліптерге ашық қарсы шығудың белгілі бір пайдасы бар екенін білдірді. Рахмон мұны оң бағалағандай көрінді.
ПІКІРЛЕР