Accessibility links

Мазасыз көрші. Орталық Азия елдері тәліптер билігін мойындай ма? Ауғанстандағы жағдай аймаққа қалай әсер етеді?


Fergana сайты бас редакторы Даниил Кислов. Фото авторы - Анна Артемьева.
Fergana сайты бас редакторы Даниил Кислов. Фото авторы - Анна Артемьева.

Fergana сайты бас редакторы Даниил Кислов Азаттыққа берген сұхбатында Ауғанстандағы оқиғалардың Орталық Азияға әсері, аймақтағы елдер "Талибан" үкіметімен қалай дипломатиялық қатынас орнататыны, жемқорлық пен діни радикализм арасында қандай байланыс бары жайлы ой бөлісті.

Ташкент неге "Талибан" қозғалысымен байланыс орнатуға ынта білдіріп, Душанбе тәліптер құрған үкіметті мойындаудан бас тартып отыр? Автократтар Ауғанстандағы жағдайдан қандай қауіп көреді? Күллі әлем назарында тұрған мемлекет туралы сапалы сараптама мен зерттеу материалы неге аз? Азаттық осы және өзге сұрақтарды Орталық Азия бойынша сарапшы, аймақ елдері мен Ресейде жүрген ортаазиялық мигранттар жайлы оқиғалардан хабар тарататын Fergana ақпарат агенттігінің негізін қалаған журналист Даниил Кисловқа қойды.

"ТӘЛІПТЕР БИЛІГІ ТҰСЫНДА ТЕРРОРИСТЕР БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТА МА"?

Азаттық: Барлық елге ортақ, бірақ маңызды сұрақтан бастайын: Ауғанстандағы тәліптер билігінен Орталық Азия елдеріне қандай қауіп төнуі мүмкін?

Даниил Кислов: Ең әуелі терроризм қаупі төнеді. Ауғанстанды тәліптер билеген 1996-2001 жылдары Орталық Азия елдері мұндай қауіппен бетпе-бет келіп көрген. Ол кезде Ташкентте (1999 жылғы террор шабуылы), Қырғызстанда жарылыстар болған. Тәліптер осы шабуылдарды мойнына алған жоқ. Бірақ өңір басшыларының ресми мәлімдемелерінен осы шабуылдарға Ауғанстан аумағынан қолдау көрсетілгені түсінікті болды.

Ал биыл тәліптер Ауғанстан билігін басып алғалы бірнеше апта өтті. Бірақ ол жақта әлі күнге бүкіл аумақты бақылауда ұстай алатын мемлекеттік жүйе құрылған жоқ. Кабул әуежайында теракт болғанын көрдік. Бұл шабуылды "Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған экстремистік топ – ред.) мойнына алды. Ауған және батыс ақпарат көздері дерегінен өзін "ұйғырмыз" деп атайтын террористермен, "Өзбекстан ислам қозғалысымен" байланысы бар түрлі ұйымдар Ауғанстанды әлі күнге шейін паналап отырғанын білеміз.

"Талибан" радикал қозғалысы жалауы тағылған полиция көлігін мінген қарулы адамдар Кабул көшесінде жүр. 16 тамыз 2021 жыл.
"Талибан" радикал қозғалысы жалауы тағылған полиция көлігін мінген қарулы адамдар Кабул көшесінде жүр. 16 тамыз 2021 жыл.

"Талибан" билігі тұсында террористер еркін әрекет ете ала ма? Бұл сұрақтың жауабын тәліптердің Ресей мен Орталық Азия елдеріне қарата айтқан мәлімдемесінен көруге болады. Олар "Ауғанстаннан сіздерге еш қауіп төнбеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, бөтен мемлекет жеріне басып кіру ойымызда жоқ, өзімізге қажет инвестициялар мен экономикалық жобалардың қауіпсіздігіне кепілдік береміз" деп уәде берді.

Азаттық: Неге Орталық Азия елдері, оның ішінде Өзбекстан өзіне төнген қауіпке қарамастан, тәліптер режимін сынауға асықпай, олармен дипломатиялық қатынас орнатуға ынта білдіріп отыр? Бұл үрейден бе, әлде қулық па?

Даниил Кислов: Шын мәнінде мұның астарында қандай ниет, қулық не құпия келісім жатқанын білмейміз. Біз дипломатия мен саясаттың сыртқы көрінісіне қарап ғана баға бере аламыз. 8 қыркүйекте Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ауғанстанда жаңа үкімет құрылғанын құптайды деген жаңалық тарады. Өзбекстан тәліптерді мойындауға шақ тұр, соған қарағанда, Ташкент Ауғанстаннан еш қауіп көрмейтін сияқты.

15-17 шілдеде Ташкентте өткен халықаралық конференцияға қатыстым, бұл шара да дипломатияның бір көрінісі болды. Конференция "Орталық және Оңтүстік Азия, әріптестік, мәдениет, сауда, экономика" деп аталды. Шараға сол кездегі Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Пәкістан премьер-министрі Имран Хан, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Қытайдан келген салмақты делегация қатысты. Жиынға тәліптер қатысқан жоқ, бірақ Пәкістан солардың атынан сөйлеп отырғандай көрінді. Тәліптерді толықтай болмаса да, белгілі бір деңгейде Пәкістан басқарып отырғаны белгілі.

Осы конференцияда көбі "Ауғанстан ондаған жылға созылған соғыс пен бейберекеттен шаршады, сондықтан салмақты мемлекеттік басқару тетігін құрған кез келген билік пайдалы болады" деген ортақ пікірге қосылды. Жиынға қатысушылар Ауғанстан Орталық және Оңтүстік Азия үшін екі өңірдің ортасындағы жүрек, салмақты экономикалық бастамаларды өткізуге арналған маңызды буфер аймақ екенін, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін ауған үкіметінен тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілдігі керек болатынын айтты.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АВТОКРАТТАР ТӘЛІПТЕР ЖАНЫНДА МОМАҚАН БОЛЫП КӨРІНЕДІ"

Азаттық: Қай елдер Ауғанстанмен экономикалық серіктес болғысы келіп отыр?

Даниил Кислов: Ауғанстан экономикасына Қытай қатты қызығып отыр. Тәліптер "Қытай – ең маңызды серіктесіміз" деп мәлімдеді. Бұл – өте салмақты мәлімдеме, өйткені Қытай – Үндістанның геосаяси қарсыласы ретінде Пәкістанға одақтас болып отырған мемлекет. Тәліптер, қытайлар, өзбектер мен пәкістандықтар бірлесіп, алдын-ала өңірде ірі макроэкономикалық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге келгенге ұқсайды. Тәліптер ондай жобасыз өмір сүре алмайтынын жақсы түсінеді.

Эмомали Рахмон билеп отырған Тәжікстан ағысқа қарсы жүзіп барады. Жақында Рахмон "тәліптер басқаруындағы жаңа үкіметті мойындауға дайын отырған Өзбекстанмен салыстырғанда, Тәжікстан "Талибан" билігін мойындамайды, өйткені бұл – инклюзивті үкімет емес, Ауғанстанда адам құқығы бұзылып жатыр" деп мәлімдеді. Осылай айтып отырған Рахмонның өзі қанша жыл бойы Тәжікстандағы оппозиция мен қарсыластарын басып-жаншып, адам құқықтарын оңды-солды бұзған тоталитар басшы. Енді қазір ол басқалармен салыстырғанда, гуманист һәм құқық қорғаушы болып көрініп отыр.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Азаттық: Тәліптермен салыстырғанда Рахмон момақан басшы болып көрінеді. Ол неге "Талибанға" қарсы шығып отыр?

Даниил Кислов: Әрине, тәліптермен салыстырар болсақ Орталық Азиядағы автократтың бәрі қой аузынан шөп алмас басшы болып көрінеді, тіпті олардың барлық күнәсін кешіруге болады: тәліптер әрекеті аймақтағы автократтарды ақтап алғандай болды. Ал Рахмонның өзін осылай ұстауы Ауғанстандағы жалғыз оппозиция – Панжшерде құрылған халық жасағына тәжіктердің қатты қолдау танытуымен байланысты. Тәжікстанда "Екі ел, бір ұлт" деген ұранның маңызы зор. Ауғанстандағы тәжіктер саны Тәжікстандағы негізгі халық үлесінен де асып түседі (10-12 миллион адам).

Азаттық: Орталық Азия елдері тәліптерге қарсы ашық мәлімдеме жасауға жасқанатын шығар. Өйткені қазір ішкі мәселесімен басы қатып жатқан тәліптер ерте ме, кеш пе, Тәжікстан сияқты өзіне қарсы шыққан мемлекеттерге назар аударуы мүмкін ғой.

Даниил Кислов: Әрине, тәліптер Ауғанстанда ішкі мәселе жетіп-артылатынын, әзірге соларды шешумен айналысып жатқанын айтты. Бірақ Рахмон позициясы тәліптерге ұнамауы мүмкін. Оның үстіне, Тәжікстан Панжшердегі халық жасағына тәліптерге қарсы тұруға көмектесіп, әскери ұшақ пен тікұшақ жіберіпті-міс деген қауесет тараған. Осының бәрі "Талибанды" Тәжікстанға қарсы қоюы мүмкін. Батыс елдері Ауғанстаннан әскерін шығарған кезде тәліптер Орталық Азия аумағында Америка әскери базасының пайда болуына жол бермейтінін, АҚШ-пен мұндай келісімге келген елді Вашингтонның одақтасы, тиісінше өзіне жау деп қабылдайтынын ескерткен.

"ЖЕМҚОРЛЫҚ ДІНИ РАДИКАЛИЗМНІҢ ӨРШУІНЕ ЫҚПАЛ ЕТУІ МҮМКІН"

Азаттық: Ауғанстан үкіметінің жеңілуіне тәліптер емес, мемлекеттік аппараттың жемқорлыққа белшесінен батуы әсер етті деген пікір бар. Орталық Азия елдерінің "Талибан" тарапынан төнуі мүмкін қауіп-қатерге қарсы тұра алмай қалуы мүмкін бе?

Даниил Кислов: Бұл жерде ойланарлық нәрсе бар: Ауғанстанда ауылды жерде тұратын халықтың басым көпшілігі тәліптерді ту ұстап, құшақ жая қарсы алмаса да, оккупацияны салыстырмалы түрде жеңіл қабылдады. Өйткені мемлекеттік жүйедегі жемқорлық халықты әбден мезі еткен. Орталық Азия елдерінің билігі де жемқорлыққа белшесінен батқан. АҚШ, НАТО, Батыс қайраткерлері Ауғанстан үкіметі мен әскерін жемқорлық шырмап алуына қолайлы жағдай жасады: олар қағаз жүзінде батальон құрып, "жоқ" әскерге ақша бөліп отырды, есірткі саудасына тікелей араласпаса да, заңсыз тауар тасымалдауға көз жұма қарады.

Кез келген халық шариғатқа не басқа заңға сай, ашық, адал әрі түсінікті сот болғанын, біреу келіп әділдік орнатқанын қалайды. Орталық Азияның жемқор үкіметтері осыны түсінбесе, ерте ме, кеш пе мынадай жағдайға тап болады: әділ сот, ашық мемлекеттік жүйесі мен түсінікті ойын ережесі жоқ елде діни сипаттағы ұрандар биліктегі режимге қарсы күрестің ең тиімді әдісіне айналады. Білім деңгейі төмен бұқараның санасына шариғат заңы туралы насихат дәні түссе, одан үлкен қозғаушы күш пайда болады. Осылайша жемқорлық, адам құқықтарын бұзу және халыққа қысым көрсету діни радикализмнің дамуына ықпал етуі мүмкін.

Сыртқы жарнамасындағы әйел бейнесіне қара бояу жағылып, жұмысы тоқтап тұрған сұлулық салоны қасынан өтіп бара жатқан "Талибан" қарулы жасағы. Кабул, Ауғанстан, 18 тамыз 2021 жыл.
Сыртқы жарнамасындағы әйел бейнесіне қара бояу жағылып, жұмысы тоқтап тұрған сұлулық салоны қасынан өтіп бара жатқан "Талибан" қарулы жасағы. Кабул, Ауғанстан, 18 тамыз 2021 жыл.

Азаттық: Орталық Азиядағы ақпарат құралдарының Ауғанстандағы жағдай туралы не жазып жүргенін бақылап отырасыз ба?

Даниил Кислов: Көбіне Өзбекстандағы ақпарат құралдарын оқимын. Кейінгі жылдары Өзбекстандағы ақпарат құралдары telegram-арналардағы блогерлермен біртұтас жүйеге айналғанын атап өту керек. Өзбекстанда Telegram өте жақсы дамыған. Шын мәнінде ресми рұқсат не қандай да бір баспасөз хабарламасы берілмесе, ешкім Ауғанстан мен ондағы мәселелер жайлы жазбайды. Кейінгі екі айда жергілікті сарапшылар берген бірді-екілі сұхбатты көзім шалды. Олар да сіз екеуіміз қазір талқылап отырған тақырыптарды қозғаған. Ал негізгі жаңалықтар дені ресми ақпарат пен әлемдік ақпарат құралдарының Ауғанстан туралы материалдарын көшіріп жазудан аспады.

Журналистерге Ауғанстан жайлы толымда хабар әзірлеу өте қиын. Бүкіл ТМД аумағында Ауғанстан тақырыбын жақсы білетін 10-15 сарапшы ғана бар. Бұл жерде тілді білетін, ауған ақпарат құралдарын оқитын ғалым, зерттеушілерді айтып отырмын. Әрине, Совет одағы тұсында және ол тарағаннан кейін Ауғанстан көп жыл бойы табанға қадалған шөңгедей болып келгенін ескерсек, бұл мемлекетпен жақсы таныс мамандар саны күткендегіден аз деуге болады. Біз Ауғанстан тақырыбын терең білмейміз, оның үстіне қазір елге жаңа билік келіп, соғыс жалғасып жатқанда журналистердің оқиға орнына барып, жұмыс істеуіне мүмкіндік болмай тұр.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG