Accessibility links

Батыс кетті, тәліп келді. Ауғанстанда 20 жылдың жетістігін сақтап қалу мүмкін бе?


Ауған әйелдері құқықтарының қорғалуын талап етіп тұр. Кабул, 3 қыркүйек 2021 жыл.
Ауған әйелдері құқықтарының қорғалуын талап етіп тұр. Кабул, 3 қыркүйек 2021 жыл.

Батыс елдері Ауғанстанда 20 жыл бойы тәліптерге қарсы күресіп, елге түрлі көмек көрсетті. Бірақ қазір билікке тәліптер келіп, осыған дейінгі жетістіктердің жойылу қаупі төнді. Сарапшылар ауған қоғам қандай жетістікке жеткенін, оларды сақтап қалу ықтималдығының қандай екенін айтты.

2001 жылы АҚШ бастаған Батыс күштері Ауғанстанға кіріп, "әл-Қаида" лаңкестерін паналатып отырған тәліптерді биліктен кетірді. Лаңкестер кері шегініп, астыртын әрекеттерге көшті.

Жиырма жылдан кейін АҚШ пен халықаралық коалиция әскері бейберекет жағдайда елден кетті. Оның соңында бірнеше жойқын жарылыс болып, 180-нен астам адам қаза тапты. 30 тамыз күні болған жарылыста опат болғандардың 13-і АҚШ сарбазы еді.

Тәліптер билікке оралды, өзге де лаңкестік ұйымдар күшіне мінгендей болды. Мәселен, 30 тамыздағы жарылысты "Ислам мемлекеті" террор ұйымының Хорасан тобы мойнына алды. Осыдан кейін Ауғанстанға "әл-Қаида" да оралмай ма деген қауіп күшейді.

"[АҚШ бастаған әскери коалицияның Ауғанстанда болуының] бірінші міндеті – 11 қыркүйектегідей халықаралық лаңкестік шабуылдарға, [ондай шабуылдардың] жоспарларлануына [немесе] Ауғанстаннан ұйымдастырылуына жол бермеу еді" дейді 2017-2020 жылдары НАТО-ның Ауғанстандағы бас азаматтық өкілі болған Николас Кей Азаттық радиосының Ауған қызметіне. "Кейінгі жиырма жылда бұл міндет сәтті орындалып келді-ақ. Бірақ қазір осы жағдайдың қаншалық ұзақ сақталатыны мәселе болып отыр".

15 тамызда тәліптер Ауғанстанды бақылауға алғанын мәлімдеген соң, елдің болашағы дүдәмал болып, АҚШ-тың демократия орнатуға деген жиырма жылдық талпынысына сұрақ көбейді.

2001 жылы басталған соғыста 2455 АҚШ сарбазы, 66 мыңға жуық ауған сарбазы, 47 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапты. БҰҰ дерегінше, мұның бәрі Ауғанстанды "бейбіт тұрғындар үшін ең қауіпті ел" еткен.

Батыс көздегеніне жету үшін Ауғанстанған 2 триллион доллар жұмсады. Оның біршама бөлігі ауған әскерін жаттықтыруға және қаруландыруға кетті. Бірақ оның бәрі ауаға кеткендей болды. Себебі 1 мамырда Батыс әскерлері елден кете бастағанда, тәліптер шабуылын күшейтіп, санаулы айдың ішінде АҚШ қолдауына ие ауған үкіметінің әскерін жеңіп шықты.

Ауғанстанға қыруар қаражат бөлінгеніне қарамастан, ауғандардың көбі әлі кедей тұрады. Халықтың жартысына жуығы гуманитарлық көмекке зәру дейді осы көмекті көрсетумен айналысатын ұйымдар.

Үйін тастауға мәжбүр болып, ішкі және сыртқы миграцияға кеткен миллиондаған ауғанның кейбірі халықаралық коалицияның осы талпыныстары болған жағдайды ақтай ма деп сұрақ қойып отыр.

"Ауғандарды бір сұрақ мазалап отыр: Жиырма жылдан кейін, қаншама адамның өлімі мен азап шегуінен кейін, қаншама қиын күннен кейін нәтиже қандай?" дейді Ауғанстандағы НАТО әскеріне кеңесші болған Шафик Хамдам Азаттық радиосына.

Кей сарапшылар "Талибан" билігі 20 жылдың жетістігін күл-парша етеді десе, басқалары әйел құқығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы жетістіктер тәліптер тұсында жойылмайды деп үміттенеді.

"2001 жылы бейбітшілікке апарардай көрінген саяхат ауғандарды да, америкалықтарды да, басқаларды да әбігерге салды" дейді тәліптер билікке келгенде елден кеткен танымал ауған журналисі Біләл Сарвари.

Сарвари кейінгі 20 жылда Ауғанстанда көп өзгеріс болғанын айтады.

1990-ЖЫЛДАРДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ЕМЕС

2001 жылдан кейін Ауғанстан қол жеткізген ең маңызды жетістіктердің бірі – әйелдер құқығының қорғалуы. 1996-2001 жылдары билікте болған "Талибан" әйелдерді үйден шығармай, оларды көптеген құқығынан айырған. Тәліптер әйелдер құқығын осы жолы да шектей ме деген қауіп бар.

"Кейінгі жылдары қауіп-қатер мен басқа да проблемаларға қарамастан, көп нәрсеге қол жеткіздік, білім алдық, жауапкершілік алдық, ерлермен бірге жұмыс істедік" деді 1 қыркүйекте Герат қаласындағы наразылыққа қатысқан әйелдердің бірі.

Кабулда ауған әйелдері наразылыққа шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:30 0:00

Ауғанстанда батысшыл үкімет кезінде әйелдер білім алып, мұғалім, полицей, судья, депутат, мемлекеттік шенеунік болып жұмыс істеді. Елде президент және парламент сайлауы өтті. Бірқатар кемшілігі үшін сынға қалғанымен, бұл сайлаулар ауғандарға демократиялық процеске қатысып көруге мүмкіндік берді.

Алайда елде жемқорлық та болып, жаңғырту қорларындағы жүздеген миллион доллар "ысырап, алаяқтық, теріс пайдалану" кесірінен ауаға кетті.

Тәліптер мен басқа да топтардың бүкіл ел бойынша жасаған шабуылы мен бомбалауынан мыңдаған жазықсыз адам қаза тапты.

Алайда миллиондаған ауғанның өмірі жақсарды. Көптеген адам білім алып, сапалы медициналық қызметке қол жеткізді. Елде бала өлімі 50 пайызға азайды.

Халықтың көбі мобильді телефон мен интернетке қол жеткізді. 2001 жылға дейін бұл көбінде болмаған еді. Халықтың 80 пайызы мобильді телефоны барын айтады. Сондай-ақ 38 миллион ауғанның 9 миллионында интернет байланысы бар делінеді.

Кейінгі жылдары тәліптер билігі кезінде толық бақылауда болған бұқаралық ақпарат құралдары да өркендеп, тәуелсіз радио, телеарна, интернет пен газет пайда болды. Баспасөз құралдары енді тәліптердің цензурасынан қорқып отыр. Олар әйел журналистердің жұмысына да тыйым салуы мүмкін. "Талибан" өкілдері көбіне жұмысқа оралмауды тапсырып үлгерген.

Вудро Вильсон атындағы халықаралық ғалымдар орталығы директорының орынбасары, Оңтүстік Азия жөніндегі бас көмекші Майкл Кугельман АҚШ-тың негізгі жетістігі әлеуметтік секторда болғанын және оған қауіп төндіру оңай болатынын айтады.

"Тәліптердің экстремистік көзқарасын, репрессияшыл тактикасын, олардың даму саясаты пен басқаруда тәжірибесі жоғын ескерсек, көп болмаса да, қол жеткен жетістіктер күйрейді деп болжауға болады" дейді ол Азаттық радиосына.

Сарапшы Шафик Хамдам көп нәрсе "Талибанға" және оның елді қалай басқаратынына байланысты дейді.

"АҚШ әскері елден кеткенде, Ауғанстан конституциясын, демократиялық институттар мен құрылымдарды, әскери емес құрылымдардың бәрін өзімен алып кеткен жоқ қой" дейді ол. "Бұл инфрақұрылым ауған халқына қалады. Ондаған миллион долларға татитын әскери техника да ауған халқына тиесілі. Осыны сақтай отырып, олар құндылықтарды, астананы, Ауғанстанның ұлттық мүддесін, негізгі мүдделерін [сақтайды]. [Бұл құндылықтарды] сақтау Ауғанстан халқының және оларға қайшы пікірдегі тәліптердің жауапкершілігінде".

Human Rights Watch (HRW) ұйымының әйелдер құқығы бөлімінің уақытша директоры Хизер Барр Ауғанстанда болған өзгерістер "Талибанға" сын болады дейді.

Тәліптердің "әйел құқығын сақтаймыз" деген уәдесіне құқық қорғаушылар сенбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00

"Адам құқығы, әйелдер құқығы секілді көзқарасты ұстанатын қыздар мен ұлдар, жасөспірімдер буыны өсті. Олардың көзқары тәліптердің 2001 жылғы және қазіргі көзқарасына ұқсамайды. Сол әйелдер мен қыздар, олардың отбасы "Талибан" үкіметінің қол астында қалай тұратынын елестету қиын. Тәліптер 2001 жылға қарағанда аз да болсын жұмсақтау көрінгенімен, әлі де әйелдер құқығын шектегісі келеді" дейді Барр.

Кейінгі күндері Кабул, Герат, Мазари-Шариф және Заранжда әйелдер наразылыққа шығып, кейінгі 20 жылда қол жеткізген құқықтарын сақтауды талап етті. Олар 1990 жылдардағы әйелдерге ұқсамайтынын, Ауғанстан да бұрынғыдай емесін айтты. Тәліптер әйелдер наразылығын тоқтату үшін күш қолданды.

"Талибанның" үкімет құрамына кірген 33 адамның ішінде бірде-бір әйел жоқ. Барр ауған әйелдерінің көбі тәліптерге қарсы тұрып, қыздарға арналған жасырын мектеп ашып, әйелдерді қолдау орталығын құруы, наразылыққа шығуы мүмкін дейді.

"Басты мәселе – халықаралық қауымдастықтың әрекеті қандай болатынында жатыр" дейді ол. "Олар "Бұл масқара" дей салып, Ауғанстандағы әйелдер құқығының бұзылуына ауған әйелдерінің алдында жауапкершілік сезінбей кете ала ма?"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG