Accessibility links

Түркістан облысындағы түрмеде тұтқын "шеге жұтып" наразылық білдірді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

25 ақпан күні Түркістан облысы Леңгір қаласы "Шахта Тоғыс" ауылында орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары ИЧ-167/9 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 23 жастағы Данияр Қоңырбаев "мекеме қызметкерлерінің қысымына шыдамай, шеге жұтты". Бұл туралы Азаттыққа сотталушының туыстары хабарлады. Мекеме Қоңырбаевтың шеге жұтқанын растағанымен, қысым көрсетілгенін жоққа шығарды.

Данияр Қоңырбаевтың әпкесі Гүлзина Құсайынова інісіне мекеме қызметкерлері түрлі қысым көрсеткен деп санайды. Қысымға шыдай алмай 15 ақпан күні шеге жұтқан. Арадан бір апта өткенде жағдайы әбден нашарлаған. 23 ақпан күні Түркістан облыстық ауруханасына жеткізіліп, ота жасалған.

- Інім алғашында 20 мың теңге, кейіннен 60 мың теңгені түрме қызметкеріне аударуды сұрады. Ақшаны жібергеніміз туралы қолымызда түбіртек бар. (Екі реттен кейін) ақша жіберуден бас тартқан соң сотталғандар арасындағы сөзді жеткізіп отыруды міндеттеген. Оған көнбеген соң ұрып-соққан. Бұл қысымға шыдамай шеге жұтқан, - дейді Құсайынова.

Қоңырбаевтың туыстары оны жағдайы ауыр болса да ауруханадан түрмеге қайта алып кеткеніне наразы. Енді оның есін жиған, жимағанын анықтай алмай, алаңдайды.

Өзін ИЧ-167/9 түзеу мекемесінің кезекшісімін деп таныстырған Дулат Орынбаев 25 ақпанда Азаттыққа жазасын өтеуші Данияр Қоңырбаевтың шеге жұтқанын, ауруханада ота жасалғанын, қазір түрменің санитарлық бөлімінде жатқанын, есін жинағанын жеткізді.

"Қысым болмады. Бұл жерде келіспеушілік болып тұр. Ол мекеменің ішкі тәртіп, ережелеріне наразылық білдіріп жатыр. Ақша бопсалады десе тиісті мекемелерге арыз жазсын" деді Орынбаев.

Құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде әлі күнге дейін азаптаулар тыйылмағанын айтады. Елде мұндай шағымдардың сотқа жетуі сирек. Сарапшылар көп жағдайда оны дәлелдеу қиындығын алға тартады.

9 ақпан күні Түркістан облысы Төле би аудандық соты ИЧ-167/9 түзеу мекемесінің қызметкері, майор Нұрбек Үсенбаевты Қылмыстық Кодекстің "Билік өкілетін асыра пайдалану" (362-бап) бабы бойынша кінәлі деп танып, бас бостандығын бес жылға шектеп, 10 жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан айырды. Үсенбаевқа "тұтқынды ұрып-соқты" деген айып тағылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG