Accessibility links

Санкциялар Ресей-Украина соғысын бәсеңдете ала ма?


Украина сарбазы Харьков маңындағы соғыс аймағында танкіге қарсы зымыран жанында отыр. Харьков, 24 ақпан 2022 жыл.
Украина сарбазы Харьков маңындағы соғыс аймағында танкіге қарсы зымыран жанында отыр. Харьков, 24 ақпан 2022 жыл.

Азаттық Берлиндегі Герман Маршалл қорының қызметкері Йорг Форбригтен сұхбат алды. Ол Ресейді SWIFT жүйесінен ажырату және олигархтарға салынған санкциялар жайлы айтып, кейінгі қабылданған шаралар неліктен "ауыр соққы" болатынын түсіндірді.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен (ортада) Еуроодақтың Ресейдің Украинаға шабуылы жайлы саммитінен шығып келеді. Брюссель, 25 ақпан 2022 жыл.Кремль Украинаға шабуыл жасаған соң, АҚШ пен Еуропа Ресейге санкция жариялады. Бірақ бұл шаралар Украинадағы жылдам өзгеріп жатқан жағдайға әсер ете ала ма?

Алғашқы санкциялар шабуыл жасалған күні, яғни, 24 ақпанда жарияланды. АҚШ президенті Джо Байден Ресейге экспорттауға шектеу қоятынын, мемлекет бақылауындағы банктер мен компанияларға санкция салатынын мәлімдеді.

Еуропа одағы да сондай шаралар қабылдап, Ресей кәсіпорындарына, энергетикасына, саяси элитасына, соның ішінде Ресей президенті Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.

Ресей күштерінің әуе шабуылынан қорғанып Киев метросында қорғанып отырған халық. 24 ақпан 2022 жыл.
Ресей күштерінің әуе шабуылынан қорғанып Киев метросында қорғанып отырған халық. 24 ақпан 2022 жыл.

Вашингтон мен Брюссель Ресейді халықаралық SWIFT электронды төлем жүйесінен ажыратқан жоқ. Байден бұлай істеудің қажеті шамалы екенін, бірақ бұл шара әлі де қарастырылатынын айтты. Ол "Еуропаның ұстанымы бұл емес" деді де, Вашингтон салатын санкциялар SWIFT жүйесінен ажыратқаннан да ауыр болатынын меңзеді.

Ресейді SWIFT жүйесінен ажыратпау Украина шенеуніктерінің, әсіресе президент Владимир Зеленскийдің көңілін қалдырды. Ол Батыстан қатаң шаралар қабылдауды сұрап, Еуропа шенеуніктерін мұндай тыйым одақтың экономикасына кесірін тигізеді деп қауіптеніп отырғаны үшін сынға алды. Еуроодақ көбіне Ресей энергетикасына жүгінеді.

Азаттық радиосы Ресейге салынған санкцияларды, АҚШ пен Еуропа қолындағы қаржы құралдарын түсіндіру үшін Берлиндегі Герман Маршалл қорының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша директоры Йорг Форбригпен сұхбаттасып көрді.

Ескерту: Сұхбат Еуроодақ пен АҚШ Владимир Путин мен ресейлік басқа да жоғары лауазымды шенеуніктерге санкция салатыны туралы шешім қабылдағанға дейін алынған.

Жексенбі, 27 ақпанға қараған түнде Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропа одағы, Ұлыбритания, Канада және АҚШ жетекшілері Ресейдің бірқатар банктерін SWIFT жүйесінен ажыратып, Ресей Орталық банкіне сыртқы резервтерін алуға шектеу қою жөнінде уағдаласқанын мәлімдеді.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен (ортада) Еуроодақтың Ресейдің Украинаға шабуылы жайлы саммитінен шығып келеді. Брюссель, 25 ақпан 2022 жыл.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен (ортада) Еуроодақтың Ресейдің Украинаға шабуылы жайлы саммитінен шығып келеді. Брюссель, 25 ақпан 2022 жыл.

Азаттық: АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге салған санкциялары жайлы не ойлайсыз? Украинаның Ресей шабуылынан кейінгі жағдайын ескерсек, Батыстың әрекетін пропорционал реакция деп ойлайсыз ба?

Йорг Форбриг: Антлант мұхитының екі жағындағы елдер санкцияларды бұрыннан дайындап келеді. Бұл Еуроодаққа осыған ұқсас жағдайларға қарағанда жылдам әрекет етуге мүмкіндік берді. Осы аптаның соңына қарай Еуроодақ екінші санкциясын жариялайды. Біреуін екі күн бұрын салса, тағы біреуі бүгін талқыланып жатыр. Бұл – өте жылдам жауап.

АҚШ тарапынан да, Еуроодақ тарапынан да үйлесімді жауап болғанын білеміз. Осыны атап өткім келеді. Бұл қатаң [және] қосымша әрекеттерді қамтитын, Ресей экономикасы [мен] саясатына бағытталған санкциялар екені анық. Бұл – өте ауқымды трансатлантикалық жауап.

Бірақ мұның оқиға орнындағы жағдайды жылдам өзгертуі екіталай. Бұл санкциялар [Ресейді] тоқтата алмайды. Осы санкциялар салынатыны жайлы әңгіме де Кремльдің Украинаға соғыс ашуына кедергі келтірмеді. Мұның оқиға орнындағы жағдайларға әсер етуі екіталай. Сонда да, бұл Ресейге орта және ұзақ мерзімде әсер ететін маңызды жауап. Әрі Украина қоғамына Батыс қолдауының белгісі іспеттес.

Азаттық: Бұл санкциялардың әсері болмаса, Ресейді SWIFT төлем жүйесінен ажыратар еді. Ресейге салынатын санкциялар мәселесі неліктен SWIFT төңірегінде болып отыр және оны неліктен шегеріп жатыр?

Йорг Форбриг: Біріншіден, санкциялар өте қорқынышты нәрсе дер едім. Олар көп зерттеуді, тергеуді [және] ақпаратты қажет етеді. Бұл санкция салынатын елге ғана емес, санкция салатын елге де әсер етеді. Оның салдары қысқа мерзімде емес, ұзақ мерзімде байқалады. Бұл – саясаттың өте қиын саласы.

Мұндай қиын жағдайда қоғам мен жеке саясаткерлер нақты қадамның ауқымын нақтылайды. Кейінгі кезде "Солтүстік ағын-2" [газ құбыры жобасы] қарастырылды. Бұл жоба қоғам назарына ілініп, кез келген санкцияның [басты нысанына] айналды. Өткен аптада Германия билігі бұл жобаны кейінге шегерді. Ендігі пікірталас SWIFT жүйесіне көшті. Бұл талқыланатын мәселелердің оңайлап жатқанын көрсетеді.

Кеше Еуроодақ саммитінде [төлем жүйесіне қатысты] шешім көбіне тыс қалғанын көрдік. Германия ғана емес, басқа елдер де Ресейді SWIFT жүйесінен ажыратуға қарсы болды.

Мұның негізгі себебі – Еуропа Ресей энергетикасы импортына тәуелді. Бұл – біршама жыл бойы қордалана берген өте үлкен тәуелділік. Қазір Ресейді SWIFT жүйесінен ажыратса, Еуропа Ресейден алатын энергетика импорты үшін ақша төлей алмай қалады. Негізгі себеп осы. Оның артықшылығы бар ма, жоқ па – бұл басқа мәселе.

Еуропаны Ресейді SWIFT жүйесінен ажырату салдарынан қорғау үшін саясаткерлер бұл шара әлі де қарастырылатынын көрсетуге тырысты. Бұл жүйенің мықтылығы сонда, оны [тіпті] "ядролық шара" деп те атайды. Кеше Германия канцлері де осыны айтты. Мысалы, SWIFT жүйесінен ажырату шешімін кейінге қалдыруға болады деді.

Бірақ кең ауқымда қарастырсақ, істі санкциялар легіне жеткізгіңіз келсе, жағдай ушыққанда да қолданылуы мүмкін шаралар қажет. Мұндайда SWIFT жүйесінің кейінге қалғаны да жақсы. Бұл шараны расымен кейінгі кезеңдерде жүзеге асырады деп үміттенгің келеді.

Азаттық: АҚШ президенті [Джо] Байден енгізілген санкциялар "SWIFT жүйесінен де қауіпті" деді. Бұл пікірге келісесіз бе?

Йорг Форбриг: Дәл қазір айту қиын.

АҚШ салған санкциялар жайлы хабарламалардан Ресейдегі ең ірі "Сбербанк" пен "ВТБ" банктеріне санкция салынғанын, қазір оларға қарсы тағы санкциялар жасалып жатқанын да білеміз. Ресейдегі банк операцияларының көбін осы екеуі жүзеге асырады. Сондықтан, әрине, әсері болады.

Сонымен қатар [АҚШ Ресейді] SWIFT жүйесінен ажыратпауының негізгі себебі – [Вашингтон] мен Еуроодақ санкцияларды реттеуге тырысып жатыр және [АҚШ Еуропаның] Ресейді жүйеден шығаруға әлі келіспейтініне сенімді.

АҚШ президенті Джо Байден Вашингтонда өткен баспасөз конференциясында Ресейге салынған санкцияларды жариялап тұр. 24 ақпан 2022 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден Вашингтонда өткен баспасөз конференциясында Ресейге салынған санкцияларды жариялап тұр. 24 ақпан 2022 жыл.

Осылайша, саяси бірлікті сақтап қалу үшін [АҚШ Ресейді] SWIFT жүйесінен ажыратқан жоқ. Сондай-ақ олар [қабылданған] шаралар SWIFT жүйесінен шығарумен пара-пар екенін, тіпті одан да тиімді екенін көрсетуге қатты тырысты.

Азаттық: Жағдай жылдам өзгеретіні белгілі. Жаңа санкцияның салдары көзге көрінуі үшін біршама уақыт керек дедіңіз. Ресейдің Украинадағы әрекетін өзгерту тұрғысынан қарасақ, санкциялар қаншалық тиімді?

Йорг Форбриг: Өкінішке қарай, мұны Украинадағы жағдай нашарлағанда көре аламыз. Мұндай жағдайда әрекет етудің қосымша жоспары болғаны өте маңызды.

Олар [Ресейді] SWIFT жүйесінен әлі ажыратпады. Қазір ең қиын оқиғалардың алдын алу үшін Украина аспанынан ұшпау жайлы қосымша пікірталастар жүріп жатыр. Жеке адамдарға салынатын санкция секілді нұсқалар бары да анық. Өткен апта басында Еуроодақ 350 адамға санкция салды. Басқа елдер де сондай шара қабылдады. Ресей билігіндегі топқа соққы жасау үшін мұны жалғастыра беруге болады.

Осылайша, мұндай нұсқалардың резервте болғаны [және] олардың қазір дайындалғаны өте маңызды. Бұл өткен аптадағы Еуроодақ секілді өте жылдам әрекет ету үшін керек.

Сұхбат өңделіп, қысқартылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG