28 ақпанда Қазақстан Ұлттық банкі мен Қазақстан қор биржасы теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттық регламентін өзгерту жайлы шешім қабылдады. Бірлескен мәлімдемеде бл шаралар сыртқы геосаяси факторлардың Қазақстанның валюта нарығына және ел ішіндегі қаржы тұрақтылығына қысымын мейлінше азайту мақсатымен жасалып жатқаны айтылған.
Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы өскеніне қарамастан, экономикасы табиғи шикізат экспортынан түсетін кіріске тәуелді Қазақстанда ұлттық валюта теңгенің бағамы құлдырауын ешқандай фактор тоқтата алмай отыр. Сарапшылар теңге бағамын тұрақтандырудағы мүмкіндіктің геосаяси жағдайдың алдында дәрменсіз екенін және оның себеп-салдары жайлы айтады.
ИНТЕРВЕНЦИЯДАН КЕЙІНГІ – ИНТЕРВЕНЦИЯ
26 ақпанда АҚШ, Еуропалық комиссия, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания және Ресейдің Орталық банкі бастатқан кейбір банкілерді SWIFT (Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunications – Банкаралық қаржы және төлем ақпараты жөніндегі халықаралық жүйе) жүйесінен ажыратып, өзге де экономикалық шектеу шараларын қарастыратын біріккен мәлімдеме жариялады. 27 ақпанда Қазақстан Ұлттық банкі осы жағдайға орай рубльдің құлдырауынан болатын "негізсіз әсерді азайту үшін" керек жағдайда валюталық интервенция жүргізе беретінін жариялады. Интервенцияның көлемі мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты өрбитіні хабарланған.
24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен бері рубль бұрын-соңды болмаған деңгейге құлдилап жатыр. Жексенбі, 27 ақпанда ресейлік кейбір банк қосымшаларында доллар бағамы 115, кейде тіпті 154 рубльге дейін жетті.
Қазақстанның экономикалық серіктесі саналатын Ресейдегі бұл ахуал бірден теңге бағамына да әсер етті. Қазақстан ұлттық валютасы 28 пунктке дейін төмендеп, бір доллардың бағамы бір күн ішінде 437 теңгеден 475,75 теңгеге барып қайтты. Ал ақша айырбастау орындарындағы бағам одан да жоғары болды. Осы оқиға салдарынан өткен аптада Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізіп, 176 млн доллар жұмсауына тура келді. Оның 138 млн доллары 24 ақпанда жұмсалған. Сол күні Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бір пайыздық айырмашылықпен 13,5 пайызға көтеріп, теңгемен салынған депозиттерге сыйақы есептеуді қарастыратын салымды қорғау бағдарламасын жариялады.
Қазақстан ресми түрде ұлттық валюта бағамын еркіне жіберген. Бірақ шұғыл жағдайлар кезінде теңге бағамын реттеуге мемлекет араласып, валюталық интервенциялар жасалып отырады. Әсіресе, көршілес Ресейдің араласуымен өрістеген геосаяси оқиғалардың әсері бұған дейін 2014 жылғы Қырым аннексиясы кезінде де байқалған. 2014-2015 жылдары Ұлттық банк теңгені қолдау үшін 28 млрд доллар жұмсаған. 2015 жылы болған соңғы девальвацияны билік еркін курсқа өтетін "жаңа ақша-несиелік саясат" ретінде түсіндіруге тырысқан. Сол кезде Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан ең көп зардап шеккен ел ретінде аталды. Ал теңгенің еркін курсқа жіберілуі ұлттық валюта бағамының төмендеуі бойынша рекорд жаңартуымен ғана ерекшеленіп келеді.
ОДАҚТАСТАР МЕН КӨРШІЛЕР
Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін ұлттық валютаның құлдырауы Орталық Азияның өзге елдеріне әрқалай әсер етіп отыр. Қазақстан, Ресеймен бір Еуразия экономика одағына мүше Қырғызстанда ұлттық валюта сом 12 пайызға құлдырап, доллар сату кідірген. Қырғызстан 13,5 млн доллардың валюта интервенциясын жасаған. Тәжікстанда ұлттық валюта саманидің Ресей рубліне шаққандағы бағамы 15 пайызға құлдыраған. Бұл елде Ресейден келетін ақша аударымдары қысқаратыны жайлы болжам жиі айтыла бастады. Тәжік мигранттарының Ресейдегі саны миллионнан асады.
Ақша аударымдарының азаюы Қырғызстан мен Өзбекстанға да қатысты. Бұған дейін Орталық Азияның Ресейдегі еңбек мигранттарының ішінде, әсіресе, өзбекстандықтардың басқаларға қарағанда көбірек ақша аударатыны байқалған. Ресейдегі еңбек мигранттарының ақша аударымдары осы елдерге сырттан келетін валюта түсімінің ауқымды бөлігін құрайды. Қазіргі жағдайда санкциялар нысанасына айналған Ресейден Орталық Азияға келетін валюта түсімі азаятыны жайлы қауіп ұлғайған.
Қазақстан – қуат көздерін экспорттаушы мемлекет. Осы күндері мұнай баррелінің бағасы кейінгі бірнеше жылдағы мөлшерден өсіп, 100 доллардан асуы мұнай экспорттайтын елдер үшін үміт отын маздатқандай болған.
Теңге бағамы құлдырауы салдарынан баға өсетіні туралы да жиі айтылады. Қазақстанда "Қаңтар оқиғасы" аталған наразылық шарасы да әуелде қымбатшылыққа қарсылықтан туындаған. Қазақстан – өзге Орталық Азия елдерімен салыстырғанда Ресейге жақын, іргелес мемлекет. Екі ел арасында құрлықтағы ең ұзақ – жеті жарым мың километрден асатын шекара бар. Былтыр Қазақстан мен Ресейдің сауда айналымы 21 млрд доллардан асқан.
КҮШЕЮДІҢ ОРНЫНА – ҚҰЛДЫРАУ
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, мұнай бағасы өскен қазіргідей жағдайда теңге бағамын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік бар еді. Алайда Ресей валютасының құлдилауы өзімен бірге теңге бағамының құлдырауына әсер еткен.
– Ресейдің Украинаға шабуылы салдарынан шикізатқа сұраныс артты. Соның әсерінен мұнай бағасы өсіп, төлем балансындағы ағымдағы шот көрсеткішінің, яғни экспорт – импорт арасындағы айырмашылықтың оң болуына әсер етті. Бұл көрсеткіш теңгенің күшеюіне алып келу керек еді, бірақ рубльдің құнсыздануы басым түсіп, теңге бағамын құлдыратып жіберді. Егер осы геосаяси жағдай болмағанда теңгенің бір долларға шаққандағы айырбастау бағамы 435-440 теңге деңгейінде қалыптасуы мүмкін еді, – дейді ол.
Сапарбай Жобаевтың айтуынша, валюталық интервенцияның сыртында Ұлттық қордан бюджетке трансферт жасау үшін де валюталық ресурстар саудаға қойылған. Шикізат экспорттаушы мемлекеттік компаниялар да өз валюта түсімінің 50 пайызын биржада сатуға шешім қабылдаған. Осы валюта ресурстарының биржада сатылуы нәтижесінде долларға деген сұраныс қанағаттандырылып, айырбастау бағамы біршама тұрақтандырылған.
– Батыс елдерінің санкциялары нәтижесінде Ресейдің ірі компанияларының акциялары 50 пайызға дейін құнсызданды. Бұл да Ресей рублін құлдыратып жіберді. Ал Ресейдегі күрделі жағдай Қазақстанға тікелей және жанама әсер етеді. Өйткені Еуразия экономика одағы шеңберінде Қазақстанның Ресеймен сауда және инвестициялық байланысы өте тығыз, – дейді экономист Азаттыққа.
Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Ұлттық банктің валюта интервенциясы – мәжбүрлі шара. Маман мұнай бағасының қазіргі қалпы мұндайда үлкен көмек болатынын айтады. "Мұнай бағасы түспесе болды, интервенцияға жұмсалған қаржыны тез қалпына келтіруге болады" дейді ол.
Экономист теңгенің құдырауы, шеттен келетін шикізаттың қымбаттауы ел ішіндегі бағаға әсер ететінін жоққа шығармайды.
– Баға өспейді деу мүмкін емес. Мемлекет реттейтін бағалар бар. Мәселен, "Қаңтар оқиғасынан" кейін коммуналдық төлемдерді алты айға өсірмейтін болды. Дегенмен дұрыс емес. Өйткені соның бәрі инфляция деңгейінде халықты үйрету үшін ақырындап өсіп тұруы керек. Сонда оны өндіретіндер де ынталы болады. Суды, жылу, электр энергиясын өндіретін компаниялар да пайда табуы керек. Өйткені компаниялар үнемі тапшылықпен жұмыс істейтін болса, айлық өспейді, жұмысшылары да жұмыстан босайды. Қазақстан әлеуметтік мемлекет болса да, кейде билік совет дәуіріндегідей экономиканың қағидасына қарсы жұмыс істейді, бұл дұрыс емес, – дейді экономист Сапарбай Жобаев Азаттыққа.
"ТЕҢГЕ ҚОСЫМША ҚҰНЫ ЖОҚ БОС ВАЛЮТА КҮЙІНДЕ ҚАЛДЫ"
Экономист Айдар Әлібаевтың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайды ескергенде мұнай бағасының өсуі теңге тұрақтылығына әсер ете алмайды. "Өйткені Қазақстанда мұнайдан түсетін пайданы батыс компаниялары алады" дейді ол.
– Ал теңге бағамының құлдырауының басты екі факторын ғана атап өтуге болады. Біріншісі – соғыс, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиялық әрекеті, Ресей-Украина майданындағы оқиғалар. Екіншісі – Батыстың Ресейге қарсы санкциялары. Батыс бірінші кезекте Ресейдің Сбербанк, Внешэкономбанк, Внешторгбанк, Промсвязьбанк, Альфабанк және т.б. негізгі банктеріне санкция салды. Бұл банктер Ресейдегі бүкіл банк жүйесінің жартысынан астамын құрайды. Көптеген банктер доллар жүйесінен ажыратылды. Ресейге Батыстан ақша ала алмайтындай санкция салынды. Олар батыстағы қарызын қайта құрылымдай алмайды. Олар доллар, еуро және иена валюталық жүйесінен ажыратылады. Мұның бәрі Ресей экономикасын ақсатып, Ресеймен тығыз қатынастағы Қазақстанға да әсер етіп жатыр, – дейді экономист.
Айдар Әлібаевтың айтуынша, бұл процесс әлі жалғасады. Ол 2014 жылғы жағдайң қайталану мүмкін екенін жоққа шығармайды.
– Ресейліктер арзан тауарын Қазақстанға әкелуі мүмкін, басқа амал жоқ. Мұның бәрі біздің өнім өндірушілерге жағымсыз әсер етпек, – дейді экономист Азаттыққа.
Маманның пайымдауынша, Қазақстанда белгілі бір қалыптасқан өндіріс жоқ.
– Соған орай теңге қосымша құны жоқ бос валюта күйінде қалып отыр. Өнімнің көбін сырттан сатып аламыз. Өнім сыртта қымбаттаса, бізде де қымбаттайды. Көпшілік бағаның өсуіне дайын болуы керек. Әсіресе, халық тұтынатын өнімдердің бағасы қымбаттайды, – дейді ол.
Айдар Әлібаевтың айтуынша, жалақы мен зейнетақы өсіп жатқан бағаның деңгейінде индекцияланбайды.
– Зейнетақы қоры индекцияланбайды. Мұның бәрі халықтың өмір сүру деңгейі де құлдырай беретінін көрсетеді. Өмір сапасы да төмендей бермек. Сондықтан да мұнай бағасының өсуі бізге оң әсер бере алмайды. Халық тағы да белін бекем буып, қымбат өмірге дайын болуы керек, – дейді экономист Айдар Әлібаев Азаттыққа.
"ЖАҚСЫ ЫНТАЛАНДЫРУ" ҺӘМ НАШАР СТАТИСТИКА
Экономист Мақсат Халық теңгеге оңтайлы құбылыстардың бәрі геосаяси фактордың алдында дәрменсіз болып қалды деп есептейді. Бұған қоса Кремльдің Украинаға шабуылы салдарынан Ресейдің қаржы секторына салынған санкциялар да Қазақстанға әсер еткен.
– Шынтуайтына келгенде, қазір теңге бағасы тұрақты болуы керек еді. Мұнай бағасы барелліне 100 доллардан асып жығылды. Одан бөлек, теңгеге оңтайлы фактор салық кезеңі басталды. Көптеген компаниялар шетелден сатқан өнім ақшасын теңгеге айалдырып, мемлекетке салық төлейді. Олар теңгені сатып, алып, Қазақстан валютасының құны артуы керек еді. Алайда мұның бәрі геосаяси фактордың алдында түкке жарамай қалды, – дейді ол.
Айтуынша, Батыс елдерінің Ресейдің қаржы секторына салған санкциясынан ресейлік банктерінің активтері бұғатталған. Бұрын-соңды Ресей нарығы мұндай соққы алып көрмеген еді.
– Қазақстан Ұлттық банкі рубльдің теңгеге шаққандағы бағамын бес теңгеден төмендетпей, алты теңгеден жоғарылатпай ұстап тұруға тырысады. Бес теңгеден төмендеп, теңге құны өссе, Ресей тауары Қазақстан тауарына қарағанда арзанға түседі. Бұл Қазақстан өніміне соққы болады. 2014-15 жылдары Қазақстаннан Ресейге капитал ағынын көрдік. Қырым аннексияланған кезде осындай жағдай арқылы Қазақстан Ресейге қолдау көрсетті деуге негіз бар, – дейді Мақсат Халық.
Экономистің айтуынша, Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені 13,5 пайызға көтеруі теңгеге қуат береді. Осы арқылы теңгедегі депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі мен құнды қағаздардың пайызы өседі.
– Адамдар теңге депозитінен ақша шешіп алуға асықпайды. Қазір теңгедегі депозиттің пайызы 10 шамасында болса, алда ол 14-15 пайызға дейін өседі. Ұлттық банк теңге депозитінен ақша шешіп алмай, жыл соңына дейін ұстағандар болса, банктер қоятын пайыздық сыйақының үстінен тағы 10-15 пайыз қосып беретінін жариялады. Бұл – тым жақсы ынталандыру, - дейді маман Азаттыққа.
Мақсат Халықтың айтуынша, мәселенің екінші қыры бар. Доллар бағамы өскен соң шетелден келетін тауар бағасы ғана емес, әдетте отандық өнімдер де қымбаттайды.
– Бұл – жеке кәсіпкерлердің әрекеті. Осындай кезде табыс тапқысы келіп, олар бағаны әдейі өсіреді. Бұл мәселе жергілікті билік органдары тарапынан қадағалануы керек. Мұндайда үкімет тарапынан жедел іс-қимыл қажет, – дейді экономист.
Оның сөзінше, мұндайда кедейлер саны да нақтыланып, тиісті көмек берілуі керек. "Бұған дейін айтылған Қазақстан халқының 4,8 пайызы кедей" деген статистикаға енді ешкім сенбейді" дейді ол.
– Дүниежүзілік банктің есебі бойынша Қазақстанда кедейшілік деңгейі 12 пайыздан асқан. Бұл – 19 млн тұрғыны бар елдің 2 млн 300 мыңы кедей деген сөз. Дүниежүзілік банктің есебіне қарағанда, Қазақстанда бір миллионға жуық бала кедей отбасыда өмір сүріп жатыр. Бұл – үлкен трагедия, – дейді экономист Мақсат Халық Азаттыққа.
Маман бұған дейін Қазақстанда жұмыссыздар саны да нақты көрсетілмей келгенін айтады.
– Статистиканы адал жүргізіп, жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту жайын ойластыру керек. Біз қазір дағдарыс кезеңінде тұрмыз. Әлемдік тәжірибеде мұндай кезде белгілі бір практиканы қолданады. Айталық, жаппай жол салып, құрылыс салып елді соған жұмылдырып жатады. Елде қалатын жобаларды мемлекет барынша қолдауы керек. Сондайда жұмыспен де қамтимыз, әлеуметтік жағдай да оңалады және бұл экономика өсіміне де әсер етеді, – дейді экономист.
Ресей әскері 24 ақпанда Украина қалаларына шабуыл бастаған. Сол қарсаңда Ресей президенті Владимир Путин Украина шығысындағы "Луганск халық республикасы" және "Донецк халық республикасы" аталатын сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындаған. Және осы құрылымдардың өтінішімен Донбаста "арнайы әскери операция" жүргізетінін мәлімдеген. Путин Мәскеу Украинаны жаулап алуды көздемейді, тек әскери инфрақұрылымға соққы береді деп айтса да, азаматтық нысандар да шабуылға ұшыраған. Шабуыл әлі жалғасып жатыр. Батыс елдері агрессиялық әрекет басталғалы Ресейге санкцияларды бірінен кейін бірін салып жатыр. Еуропаның көп елі Ресей ұшақтарын ел аумағына кіргізбей, әуе кеңістігін жауып тастады. Қазір Ресейге қарсы басқа да экономикалық құрсау шаралары қарастырылып жатыр. Ресей басшысы Путин бұл санкцияларды заңсыз деп атаған. Ол тіпті соғыстың төртінші күні, яғни 27 ақпанда ядролық күштерді айрықша кезекшілік тәртібіне көшіруді бұйырған.
ПІКІРЛЕР