Accessibility links

Тоқаевтың "әділдік" орнату амбициясының артында не тұр?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі байлар мен кедейлер арасындағы "әлеуметтік теңсіздік" мәселесін ауқаттыларды қорға ақша аударту арқылы шешкісі келеді. "Қазақстан халқына" қоры Қаңтар оқиғасынан соң құрылды. Өтініш қабылдай бастаған екі аптаға жетер-жетпес уақытта 20 мыңнан аса адам көмек сұрап қорға жүгінген. Тоқаевтың бизнесмендерді қайырымдылық қорына ерікті де мәжбүрлі түрде ақша аудартуын "популизм" деп санайтындар бар.

Қазақстандық Forbes журналы дәулетін 125 миллион долларға бағалаған, елдегі ең бай 50 кәсіпкердің қатарына кіретін Ерлік Балфанбаев – ел президенті Тоқаев құрған қайырымдылық қорына ақша аударудан жария түрде бас тартқан алғашқы кәсіпкер.

Alina Group холдингінің президенті 8 ақпанда ресми сайтында "пандемияға байланысты компания ахуалы қиын болғандықтан" "Қазақстан халқына" қорына ақша аудармайтынын жазды. Кәсіпкер бұл шешімінің және бір себебін көрсетеді.

– Осыған дейінгі мұндай бастамалардан көрген тәжірибемізге қарап, көп адамда бөлінген қаржы мұқтаждарға жетпей қала ма деген күмән барына сенімдімін. БАҚ-тан игі ниетті жамылып, қаржы жымқырғандар туралы көріп жатамыз. "Қазақстан халқына" қорының құрылымы мен қызметкерлеріне қатысты нақтылық, қаржының қалай жұмсалғанын бақылауда ашықтық пайда болғанда біздің кәсібіміз қалпына келіп, қаржы аударуды қарастырамыз деп ойлаймын, – дейді Балфанбаев.

Елдегі ең бай кәсіпкерлер мен компаниялар бірінен соң бірі қорға миллиардтаған теңге аударып жатқан тұста жарияланған бұл мәлімдеме тосын көрінді.

ҚОР ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

Қазақстанды 30 жылдай билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында оның туыстары мен жақын серіктері елдегі ең ықпалды адамдарға айналды. Бауыры, қыздары мен күйеу балалары қызмет көрсету, шикізат өндірісі, құрылыс, сауда, көлік, банк салаларында жария да құпия түрде есепсіз байлыққа кенелді. Мемлекеттік қызметте жоғары лауазымға ие болып, ұлттық компанияларды басқарды. Қазақстан туралы зерттеу жасаған сарапшылар елдегі жүйені "клептократия" деп бағалады.

Дүрбелең кезінде бүлінген сауда үйінің алдынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.
Дүрбелең кезінде бүлінген сауда үйінің алдынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

Қаңтардың басында Қазақстан бойынша күнкөріс қиындығына шағынған ондаған мың адам билікке қарсы бейбіт наразылыққа шығып, арты дүрбелеңге ұласты. Ресми дерек бойынша, 227 адам қаза тапқан осы оқиғадан соң, 11 қаңтарда мәжіліс отырысында сөйлеген Тоқаев "елде жылдар бойы орнаған әлеуметтік теңсіздік" туралы айтты.

– Тұңғыш президент – елбасының (Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конституцияда бекітілген титулы – ред.) арқасында елде өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдар тобы пайда болды, – деді ол.

Президент шетелдік сарапшыларға сілтеп, "Қазақстанның бар байлығының жартысы 162 адамның қолында, ал халықтың жартысының табысы 50 мың теңгеден (116 доллар – ред.) аспайды" деген дерек келтірді.

– Мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес, ахуалды дереу өзгерту керек, – деді Тоқаев.

Сөйтіп ауқатты кәсіпкерлердің "халыққа жүйелі әрі тұрақты түрде көмектесетін кезі келгенін" айтып, "Қазақстан халқына" қорын құрды. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешеді. Сырқат балалардың еміне жәрдемдеседі. Балаларға спорт нысандарын салады. Дарынды балаларға көмек көрсетеді.

Тоқаев құрған қордың құрамы мен қаржы көзі. 17 қаңтар 2022 жыл

Тоқаев құрған қордың құрамы мен қаржы көзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

13 ақпанда Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың отбасына да осы қор есебінен қаржылай көмек берілетінін айтты. Қорға бұрынғы қаржы министрі Болат Жәмішев жетекшілік етеді. 12 адамнан тұратын қамқоршылар кеңесі бар.

16 ақпандағы дерек бойынша, қорға ең көп қаржы – 30 миллиард теңге аударған – Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы. Бұл компанияны экс-президент Назарбаевқа жақын болған кәсіпкерлер – Александр Машкевич, Патох Шадиев пен марқұм Алиджан Ибрагимов құрған. Ақша аударғандар арасында Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаев, немере інісі Қайрат Сатыбалды, құдасы Қайрат Боранбаев пен жақын серігі Болат Өтемұратов бар. Экс-президенттің қыздары мен күйеу балаларына тиесілі делінетін банктер мен компаниялар да қорға ақша аударған. Назарбаевтың туыстары мен жақын серіктерінің қалай байығаны ашық айтылмайды. Әулет мүшелері шетелде аса қымбат зәулім сарайларға ие, қаржысын офшор шоттарда сақтайды. Ал Назарбаевқа жақын кәсіпкерлер елдегі табиғи және басқа да ресурстарға қол жеткізіп, есепсіз байлыққа кенелді.

"Бұл қор бай-бағландардың бұрынғы билік тұсында жинаған байлығын халық алдында заңдастыру үшін ғана құрылған деп ойлаймын. Қор қаншалық үлкен болса да, ол қазіргі қоғамдағы мәселелердің жартысын ғана шешуге көмектеседі, – деді кәсіпкер Марғұлан Сейсембай сұхбатында. – Көп жыл бойы мемлекеттің өзі шеше алмаған мәселелерден халықты ешқандай қор құтқара алмайды. Мұндай түбі тесік қорларды құрудың орнына, мемлекет пен бюджетте тәртіпті қалпына келтіру маңызды. Ал мұның барлығы саяси реформалар жүргізілгенде ғана мүмкін болады. Басқа жол жоқ".

ТОҚАЕВТЫҢ "САЯСИ МҮДДЕСІ"

Тоқаев қор құру идеясын Қазақстан дағдарысты бастан кешіп жатқанда айтып отыр. Ресми дерек бойынша, республика бюджетінің 50 пайызы әлеуметтік бағытқа жұмсалады. Бюджеттің мұндай шығыны жыл сайын артып келеді. 2021 жылы бюджет дефициті шамамен 1 триллион теңгеге жеткен. Ал билік "елдің қаржылай тірегі" деп сипаттайтын ұлттық қордан былтыр 4,5 триллион теңге алынған. Қаражат зейнетақы төлеуге, бюджет дефицитін жабуға кетеді. Былтыр инфляция кейінгі бес жылдағы рекорд шамаға жетіп, халықты қымбатшылық қысты.

"Қазақстан халқына" қорынан көмек сұрап жатқандар көп. Өтініштерді қабылдау 4 ақпанда басталды. Содан бері, 16 ақпандағы дерек бойынша, 23 мыңнан аса адам қорға өтініш жіберген. Қор оның 15 пайызын қараған. Әзірше ешкімге көмектеспеген. Өтініштерді сараптама комитеті қарап жатыр. Баспасөз қызметінің жазуынша, азаматтар денсаулық жағдайына байланысты, баспана мәселесемен, білім алу бойынша жүгінген.

"Қаржылай көмек сұраған, той жасап беруді өтінгендер де бар" дейді қор өкілі Әлібек Әбділов. Бірақ қор оларға көмектеспейді.

Тоқаевтың сөздерінен қорға қаржы жіберу ерікті түрде іске аса ма, әлде билік мәжбүрлей ме, арасын ажырату қиын. Мәселен, президент қорға қатысты алғашқы мәлімдемесінде ірі бизнестен аударымдарды "үлкен мөлшерде әрі тұрақты негізде жасауын күтеміз" деген. Кейін 28 қаңтарда өткен "Нұр Отан" партиясы съезінде Тоқаев "олигополияның бір бөлігіне, тіпті оның жарқын көрінісіне айналған ірі кәсіпкерлер қайырымдылық акциясына қосылуға асығатын емес" деді.

– Бұл не? Ашкөздік пе, селқостық па, жалқаулық па, әлде елемеу ме? Не болса да, мемлекеттің бұл сұраққа жауап алуға толық құзыреті бар, – деді президент.

Осы жиында Тоқаев ірі бизнестің қайырымдылыққа ақша аудару процесін реттейтін арнаулы қаулы шығару жоспары барын айтты. Ал 8 ақпанда өткен үкімет отырысында Тоқаев басқаша сөйледі. "Бұл мәжбүрлеу емес, табысты компаниялар мен азаматтардың жалпыұлттық ізгі мақсаттарға қаржы аудару мүмкіндігі" деді.

Тоқаев ауқаттыларды қорға тіпті мәжбүрлеп ақша аудартса да, Қазақстан ішінде оны қолдайтындар аз емес сияқты. Қалай байығаны құпия һәм күмәнді кәсіпкерлердің, әсіресе Назарбаевтың жақын туыстарының "Қазақстан халқына" қорына қаржы аударғаны туралы жаңалықтарға Тоқаевты бұдан да "батыл қадамдарға" үндеп пікір жазатындар көп. "Бізге мұндай садақаның керегі жоқ. Бұл ұрылардың бәрін түрмеге отырғызып, ұрлағанын тәркілеу керек", "Дұрыс, бәрін тартып алсын. Ол – халықтың ақшасы. Қазынаға қайтарсын" дегенге мазмұндас пікір жиі ұшырасады. Саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікірінше, Тоқаев көпшілікке ұнайтын осындай шешімдерді әдейі қабылдап отыр.

– Осылайша қоғамдағы наразылық деңгейін түсірмек. Қаңтар оқиғасынан соң күшейген ықпалын саяси мүддесіне пайдаланып отыр. Бірақ бизнес пен мемлекеттің мұндай қарым-қатынасы жақсылыққа апармайды. Мұндай әрекет елде ештеңе өзгермеді деген белгі береді, – дейді ол. – Көріп отырғанымыздай, бизнес уақтылы төлеген салықты сайланбалы жергілікті билік әлеуметтік жобаларға жұмсайтын өркениетті қоғам мен қағидаттар қалыптастырудың орнына Тоқаев популизм мен әкімшілік қысым көрсетуді таңдап отыр. Бұл – Назарбаевтың әдісі.

"НИЕТ ДҰРЫС". АЛ ТИІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?

Экономист Айман Тұрсынханның пікірінше, кейінгі отыз жылда мұқият түрде бар байлықты нақты бір клептократтардың қалтасына жинақтайтын жүйе қалыптасып, қаржы ревизиция мен тәркілеу қаупі төнбейтін елдерге шығарылды.

– Осылайша клептократиялық жүйеде барлығы ақша жымқыру үшін жұмыс істеді. 164 миллиард доллар сыртқы қарыз бен 34 триллион теңге ішкі қарыз жиналды. Елде әлеуметтік кепілдік жүйесі толықтай қирап қалды. Халық кедейленіп, жұмысқа жарамды азаматтардың үштен бірінен көбі маргиналданды. Қалған үштен екісі екі ұрпағына дейін қарызға батты. Қариялар зейнетақысыз, ана мен бала медицина көмегінсіз қалды, жастар келешегінен айырылды, – дейді экономист.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры орналасқан ғимараттың алдындағы жазуды Қаңтар оқиғасы кезінде наразылар жұлып, бүлдірген. Алматы, 7 қаңтар 2022 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры орналасқан ғимараттың алдындағы жазуды Қаңтар оқиғасы кезінде наразылар жұлып, бүлдірген. Алматы, 7 қаңтар 2022 жыл.

Тұрсынхан бизнестен, оның ішінде олигархаттан ерікті де мәжбүрлі түрде ақша жинау – "ниет жағынан қанша жерден дұрыс" болғанымен, "тиімсіз амал" екенін айтады. Оның сөзінше, әлеуметтік теңсіздік мәселесін ресурстарды әділ үлестіру арқылы шешу керек.

– Капиталының қайдан келгенін анықтау, төлеген салығын тексеру арқылы олигархаттан қаржыны қайтаруға болады. Сөйту керек те еді. Олар республикалық бюджетке активінің 40 пайызына тең соманы төлеп, жалтарып келген салық қарызынан құтылсын. Ал адал жолмен келмеген активтер сот арқылы 100 пайыз бұғатталып, мемлекет меншігіне қайтарылсын. Тура осылай үш жыл бойы жаппай тексеру жүргізсек, мемлекет бюджетіне кемінде 50-70 миллиард доллар түсер еді, – дейді экономист. – Ал "Қазақстан халқына" қоры – әлеуметтік теңсіздік мәселесінің шешімі емес, әділдік орнату бойынша, халық мүлкін қайтару бойынша нақты шараларды көлегейлеу.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG