21 ақпан, дүйсенбі күні Кремль 2014 жылдан бері Украинадан де-факто бөлек өмір сүріп жатқан Донецк және Луганск облыстарын жеке республика ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Ерекше жағдайда өткен қауіпсіздік кеңесі отырысында осы мәселені талқылаған Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеу жолдады. Бұл жолдауында ол Украинаны большевиктер көсемі Владимир Лениннің арқасында құрылды деп санайтынын айтып, "Ленин атындағы Украина" деп кекетті. Путин Лениннің Украинаны "орыс жерлерінен" құрап, оған құрамына Донецк мен Луганск кіретін өлке – "Донбасты нығыздап салып жібергенін" айтты.
Украинаның шығысындағы сепаратистік "Донецк халық республикасы" ("ДХР") және "Луганск халық республикасы" ("ЛХР") деп аталатын құрылымдарды "тәуелсіз мемлекет" ретінде мойындау туралы және "достық, ынтымақтастық пен өзара көмек туралы келісімнің" құжаттары да сол сәтте ресми телеарналардан көрсетілді.
Бір сағатқа жуық сөйлеген сөзінде Путин Украинаны "өз дербес тарихы жоқ, Ресейге жау мемлекет" деп атады. Оның айтқанына қарағанда, СССР құлаған соң Ресей Украинамен достасып, оған көмектесіп келген. Алайда Киевтегілер "бізді біріктіретін нәрсенің бәрін жоққа шығаратын мемлекет құратын болып шешті" дейді Путин. Айтуынша, соның салдарынан "нацизм мен русофобия өрістеген".
Ресей президенті Киевтің "барлық агрессияшыл әрекеті Батыс елдері арнайы қызметінің қолдауымен жүзеге асады" деді. Оның айтуынша, тіпті Украина өзінің ядролық қаруын жасауы мүмкін екен. Путин сөзінде Украина аумағында "НАТО базасы орналасқан" деген дәйексіз мәлімет келтірді.
Артынша Украина президенті Владимир Зеленский де сөйлеп, Мәскеуді ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, аумақтық тұтастығын бұзып отырғанын айтты. "Менің артымда халықаралық деңгейде шекарасы танылған Украина тұр. Шекара Ресейдің қандай да бір мәлімдемесі мен әрекетіне қарамастан осы күйінде қалады" деді ол.
Зеленскийдің сөзінше, Мәскеу осы арқылы Украинадағы жағдайды реттеу үшін жасақталған Минск келісімінен біржақты түрде шығып, "норман форматындағы" келісімдерді аяқасты еткен.
Украина бас прокуратурасы Мәскеудің сепаратистік аймақтарды мойындауына орай қылмыстық іс қозғаған.
"ІШТЕЙ ҚОЛДАУ" ЖӘНЕ РЕСМИ ТӘУЕЛДІЛІК
Орталық Азия бойынша мамандар Ресей президентінің сөзі бұрынғы совет елдеріне қауіп төндіретін үрдістен хабар береді деп санайды. Украинадағы оқиғалардан соң Ресейге санкциялар салынуы ықтимал, бұл оның аймақтағы көршілеріне де әсер етуі мүмкін.
Орталық Азия бойынша сарапшылардың бірі Камолиддин Раббимов аймақ елдеріне Ресейден төнетін қатер ұлғая түскенін айтады.
– Биыл 70 жасқа толатын Путин осы арқылы өзінің агрессияшыл бейнесін көрсетті. Билікке келген кезінде едәуір ұстамды көрінуге тырысатын ол кейіннен осындай бейне қалыптастырды. Бұл, әсіресе, 2007 жылы Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясынан кейін ерекше байқалды. 2008 жылы ол Грузияны бөліп-жарып, сепаратистік аймақтарды қолдады. 2014 жылы Украинадан Қырымды аннексиялап алды. Ол қазір өзін Батысқа қарсы жеке шапқан қара рыцарь сияқты сезінеді. Енді міне, Путин Украина шығысындағы аймақтардың тәуелсіздігін мойындап шыға келді, – дейді сарапшы.
Ол Путин барлығына бірдей бір мезгілде соғыс жариялай алмайды деп есептейді. Алайда сарапшы осы арқылы Путин Ресей жерін түгендеуді жалғастыратынын байқатты деп есептейді.
– Дүйсенбі күнгі сөзінде оның Ресейге қарасты болған аумақтардың СССР кезінде басқа одақтас елдерге берілуі әділетсіз болды деуі негізгі тезис болған сияқты. Кейінгі екі жылдың ішінде сөйлеген сөзінде ол осы туралы жиі айтатын болған, – дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.
2020 жылы Путин телеарнаға берген сұхбатының бірінде СССР елдеріне одақ құрылғанда "Ресейдің дәстүрлі түрдегі тарихи территориясы" берілгенін, сол елдердің әлі күнге "орыс халқының сыйлығын қайтармай келе жатқанын" және СССР қарызын кейін Ресейдің өтегенін айтқан. Путин содан бері "сыйлық" туралы айтып келеді, дүйсенбі күнгі ұзақ сөзінде де "қарызды" тағы да еске салды.
Ресей президентінің Украинаға қатысты сөзіне қарасақ, Путин қандай да бір дипломатиялық әдеп пен саяси балансты сақтағысы келмейтінін көрсетті деп есептейді Камолиддин Раббимов.
– Орталық Азия елдері Ресейдің бұл әрекетіне өте сақтықпен қарап отыр. Алайда бұл елдер іштей Украинаны қолдағанымен, ресми түрде Ресейдің дегенінен шыға алмайды. Орталық Азия елдері үшін Ресей – бірінші сауда-экономикалық серіктес, – деді ол.
Қазақстандықтар Ресей-Украина шиеленісі жөнінде не дейді?
Сарапшы Орталық Азия елдерін Ресейдің ақпараттық кеңістігінен шыға алмай отыр деп санайды. Айтуынша, Орталық Азия тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Ресейге төтеп беретін тәуелсіз ақпараттық кеңістік құрып үлгерген жоқ.
– Бұрынғы совет елдері ішінде жері тұтас күйінде қалған тек Орталық Азия ғана. Путин интеграциялық жоба ретінде Совет одағын жаңа форматта жаңғыртуды көксейді. Осыны ескерсек, Орталық Азия елдеріне де қысым ұлғая бастайды. Кавказ аймағында Ресейдің араласуымен аумақтық тұтастық дауы қоздағалы біраз болды. Беларусь онсыз да Ресейдің бақылауында. Мұның бәрі Орталық Азияның саяси элитасын қатты алаңдатады. Қырғызстанның өзінде толыққанды демократия орнамады, Орталық Азияның өзге елдерінде авторитар режим үстемдік құрған. Сондықтан жағдай өте күрделі, – дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.
РЕСЕЙМЕН ҺӘМ БАТЫСПЕН ҚАТЫНАС ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ЫҚПАЛЫ
Орталық Азия бойынша тәуелсіз сарапшының бірі Парвиз Мулложанов Ресей Украинаның сепаратистік аймақтарының тәуелсіздігін мойындау арқылы Минск келісімдерінен бас тартатынын көрсетті деп санайды. "Украинаға ресейшіл басшыны қоя алмаған Путин Украина мен Батысқа осылай қысым жасағысы келеді" дейді ол.
Айтуынша, Ресей осы әрекетінің салдарынан Батыс елдері тарапынан белгілі бір санкцияға ұшырайды. Бұл Орталық Азия елдеріне де әсер етпей қоймайды.
– Орталық Азия елдерінің экономикасы Ресеймен тығыз қатынаста екені белгілі. Қазақстан мен Қырғызстан Ресеймен бірге Еуразия экономика одағында екенін ескерсек, Ресейдегі қиындық басқаларға да әсер ететін болады. Қазақстанда қаржылай қауіпсіздік жастығы бұрын тәуірлеу болғанымен, қазір төмендеген. Ресей рублі девальвацияға ұшыраса, аймақ елдерінің ақшасы да құнсызданады, – дейді Парвиз Мулложанов. Бұл тиісінше, Ресейде еңбек мигранттары көп Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстандағы ақша аударымдарына да әсер етпек.
Сарапшының айтуынша, Ресей Украинадағы жағдайдан қуат көздерін тасымалдауда кедергіге немесе санкцияға ұшырап жатса, бұл Қазақстанға тиімді болуы да мүмкін. Ресейге қажет кейбір энергоресурсты тасымалдауда Қазақстан ұтуы мүмкін. Кейбір энергоресурсқа сұраныс көбейгенде, оның белгілі бір мөлшердегі үлесі Қазақстан жері арқылы тасымалдануы ықтимал.
– Бірақ тұтастай алғанда, Ресей экономикасы құлдырай бастаса, ол аймақтағы басқа елдерге де әсер етпек. Салдары ауыр болады. Әзірге Ресейге салынатын санкцияның қандай болары белгісіз. Орталық Азия елдері Ресеймен де, Батыспен де қатынасты тоқтатқысы келмейді. Егер Ресей аймақ елдерінен Украинаның сепаратистік аймақтары тәуелсіздігін мойындауды талап етсе, олар едәуір қиын жағдайға тап болады, – дейді Парвиз Мулложанов Азаттыққа.
Ол Ресей Украинадағы жағдайға малтығып жатқанда, Орталық Азия елдері Қытайдың ықпал аймағына өтуі де мүмкін, бұл біршама геосаяси сілкініс әкелуі ықтимал деп есептейді.
РЕСЕЙДІҢ "БАСҚА ҚҰРАЛЫ"
Түркіменстан бойынша маман Фарид Тухбатуллин өз аумағында басқа елдердің әскери базасы жоқ болғандықтан, ресми Ашғабат әзірге бейтараптық сақтап отыр деп есептейді. Айтуынша, Ресейдің "достық пиғылы жоғының" белгісі – СССР-дың орнына құрылған Тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін ел саны азайып барады.
– Ауғанстандағы жағдайды, осы елге көмек жеткізуді ескерсек, Орталық Азия елдері Ресейден басқа да елдермен және серіктес ұйымдармен ынтымақтаса алады. Алайда Украинадағы жағдай аймақ елдерін алаңдатып отыр, – дейді ол Азаттыққа.
Фарид Тухбатуллин Қазақстандағы Қаңтар оқиғасына Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) атынан Ресейдің қатысқанына да назар аударған.
– Бұл Ресейдің аймақтағы кейбір елдердің ішкі ісіне басқа құралдар арқылы да араласа алатынын көрсетті. Украинадағы оқиғалардан соң тек пессимистік көңіл-күй қалыптасты. Мәскеудің мәселені бейбіт жолмен емес, басқаша шешуге бейім екенін көріп отырмыз, – дейді сарапшы.
Совет одағы ыдырап кеткеніне қарамастан, Ресей 23 ақпанды "Отан қорғаушылар күні" ретінде атап өтеді. Одақ тұсында бұл дата "Совет армиясының күні", кейін "Совет армиясы және әскери-теңіз флоты күні" деп аталды. Бұл мереке әуелде 1922 жылы "Қызыл армия күні" ретінде бекітілген. Осы есеппен келгенде, биылғы 23 ақпанда, яғни бүгін Ресей әскері ізбасары саналатын "Қызыл армияның" құрылғанына 100 жыл толып отыр. Ресейдің Украинадағы сепаратистік аймақтар тәуелсіздігін тануы және Путиннің Совет одағы тарихына ревизия жасау сипатындағы сөзі осы датамен тұспа-тұс келгені назар аудартады.
ПІКІРЛЕР