"РЕСЕЙДІҢ ІЗІМЕН ЖҮРУДІ АНЫҚ ШЕШКЕН" ҚАЗАҚСТАН
Ауғанстанда "Талибан" тобының билікке келуі Қазақстанға біршама қатер төндіреді, бірақ Нұр-Сұлтан олармен қарым-қатынас мәселесінде Ресейдің тасасында қала бермек. Америкалық Jamestown қоры сарапшысының "Қазақстан Ауғанстан бойынша ауыр жүкті Ресейдің мойнына артты" деген мақаласында осындай тұжырым жасалады.
Автор Георгий Волошиннің жазуынша, Ауғанстан үшін Қазақстанның үлкен стратегиялық маңызы жоқ. "Шағын әскери әріптестікті қоспағанда, екіжақты қарым-қатынас та, экономикалық байланыстар да сылбыр болған".
Сарапшының айтуынша, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы биыл 229 миллион доллар ғана болған. Оның барлығын дерлік Қазақстан ауған еліне жіберетін бидай мен ұн құраған. Ауғанстанға импортталатын ұнның 60 пайызы Қазақстаннан жеткізілетін.
"Ауғанстанмен тікелей байланысы аз болғанымен, бүкіл Орталық Азияға әсер етіп отырған қауіп-қатер факторларының Қазақстанға да қатысы бар. Олардың арасында ислам фундаментализмінің дендеп енуі, есірткі мен қару тасымалы және жапсарлас елдерге, соның ішінде оңтүстіктегі көршісімен ортақ дари тілінде сөйлейтін Тәжікстандағы саяси тұрақтылыққа қатер мәселелері бар. Әзірге Қазақстан Ауғанстан мәселесін шешуде Ресейдің ізімен жүруді анық шешкен сияқты" деп жазады сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстанның Ресей жетегінде жүруінің бір дәлелі – 18 тамызда екі елдің сыртқы істер министрлері аймақтағы жағдайды телефонмен талқылағаннан бірнеше күн өткенде Қазақстан "Талибанды" мойындамайтынын айтқан.
Сарапшының тұжырымы бойынша, 3 қыркүйекте Шығыс экономикалық форумына онлайн режимде қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ауған мәселесін шешуде Ресей жетекші рөл ойнайтынын ашық айтты". Қазақстан президенті бұл мәселе бойынша Ресеймен және ол жетекші рөл атқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) мүшелерімен "ортақ көзқарас ұстанатынын" және "Ресей президентінің бастамасымен ҰҚШҰ саммиті болып, онда "бұл елден болатын қауіп-қатерге қатысты бірлескен ұстаным қалыптастырғандарын" мәлімдеді.
ҰҚШҰ келісімі бойынша, оған мүше елдердің біріне шабуыл жасалса, басқа мүшелер оған бірден әскери көмек көрсетуі тиіс.
"Ресей Орталық Азия ісіне араласпау жөнінде ресми уәдесін алу үшін "Талибанды" мойындау мәселесі бойынша әлі күнге екіойлы күйде отыр. Олай істемесе бұл (Ресейдің өкінішіне қарай) ҰҚШҰ келісімінің ортақ қорғаныс шарты ережесін орындауға алып келеді. Қазақстан да солай екіойлы күйде" деп жазады Волошин.
"Нұр-Сұлтан ауған дағдарысын Мәскеудің басқаруына жол беріп, әрі қарай да көлеңкеде қала беретін тәрізді" деп қорытады сарапшы.
ЕҢ ҮЛКЕН ҚАУІП – "РЕСЕЙДІҢ ҚҰШАҒЫ"
"Ядролық энергетика қазақтар арасына тағы жік салды". Eurasianet сайтында осы тақырыппен жарық көрген материалда автор Жолдас Өрісбаев Қазақстандағы атом электр станциясын салу бастамасының тарихына тоқталып, оны жақтайтындар мен қарсылардың пікірін саралаған.
Автордың айтуынша, халықтың бұл бастамаға қарсы болуына "уланған жер мен ауру адамдарды қалдырған" Совет одағының ядролық қару бағдарламасы себеп.
Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көбіне тас көмірге сүйенетін энергетика қажеттігін өтеу үшін атом энергиясына сүйену керек деп, бұл идеяны жақтап шықты.
"Белсенділер дабыл қақса, [идеяны] қолдаушылар энергетика балансында тәртіп орнату мүмкіндігі туғанын айтты, ал саясаттанушылар Ресейдің ықпалын байқады".
Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Жер жүзінде өндірілген уранның 41 пайызы Қазақстандікі. Мұның барлығы негізінен Қытай, Ресей және Канадаға экспортталады. Сондықтан ол "арзан ядролық энергия өндіру мүмкіндігі бойынша өте ыңғайлы жағдайда тұр" дейді саясаттанушы Марат Шибұтов. Өз телеграм-арнасында ол әрқайсында төрт ядролық реакторы бар бес атом электр станциясын салуды ұсынған.
Оны салатын ең ықтимал мердігер – Ресей мемлекеттік атом энергетика компаниясы "Росатом" болмақ. Ол қазірден-ақ Қазақстанның жақын әріптесі, оның мемлекеттік "Қазатомпром" компаниясымен бірлескен алты мекемесі бар.
"Бұған қоса ол – ядролық энергетика технологиясының ең ірі әлемдік экспортерлерінің бірі. Соңғы жылдары "Росатом" Беларусьтен Боливияға дейінгі жобалармен жұмыс істеген. 2018 жылы Өзбекстан Мәскеудің 11 млрд доллар қарызы негізінде Жызақ облысында АЭС салғызу үшін осы компанияны таңдауға келісті".
Ел ішінде АЭС-тің қаупі туралы айтып жатқандар көп. Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев үшін ең үлкен қауіп – "Ресейдің құшағы".
"Ресей Қазақстанды түрлі міндеттемелермен ұзақ жылға байлап-матап тастауды көздейді: мамандары тек Ресейде оқытады, тек Ресей құрал-жабдықтарын ұзақ жыл сатып алып отырамыз" деп жазды Сәтпаев.
Монтеррейдегі Мидлбери халықаралық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Маргарита Калинина-Польдің айтуынша, Ресей атом станцияларын екіжақты байланысты нығайтудағы "геосаяси актив" ретінде пайдаланды, "себебі жеткізуші мен сатып алушы арасындағы байланыс 30-40 жылға созылады".
"Ресейдің әсіресе Орталық Азия елдерінде АЭС салуға саяси себебі бар. 2014 жылы Қырымды аннесиялаған соң Ресей батыс әлемінен оқшауланып қалды. Бұған жауап ретінде ол постсоветтік елдерде, соның ішінде Орталық Азияда ықпалын арттыра бастады" деді Калинина-Поль 2020 жылғы сұхбатында.
ПІКІРЛЕР