Accessibility links

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде өртенген президент резиденциясы сүріліп, орнына саябақ салынады


Қаңтар оқиғасынан кейін өртеніп, қираған президент резиденциясы. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасынан кейін өртеніп, қираған президент резиденциясы. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп, бүлінген Алматыдағы президент резиденциясы сүріліп, орнына саябақ салынады. Бұл жөнінде 2 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Кемінде 227 адамның өмірін қиған қаңтар қырғыны кезінде Алматыда президент резиденциясынан бөлек, қалалық әкімдік, мемлекеттік арна ғимараттары мен кеңселері бүлініп, кейбірі өртенген еді. Дүкендер, банкоматтар тоналған. Көліктер өртенген. Билік қаңтар оқиғасы кезінде жалпы келген шығын көлемі 100 млрд теңгеден асады деп мәлімдеген.

Ақпан айының басында ҚазТАГ агенттігі қаңтар оқиғасы болмай тұрып президент резиденциясына реставрация жасау туралы шешім қабылданғанын жазған. Агенттіктің ақпаратына қарағанда, ғимараттың келбеті мен жарықтандыру жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Алайда қаңтар оқиғасы кезінде ғимарат бүлініп, оған тұтастай жөндеу жұмыстары қажет болған. Оны президент істері басқармасы қаржысына қалпына келтірілетіні хабарланған.

Совет кезінде әуелі Ленин музейі болады деп сол үшін салынған ғимарат 1993 жылы президент резиденциясына айналған. 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында ғимарат республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Жыл басында болған қаңтар қырғыны кезінде ресми дерек бойынша, кемінде 227 адам қаза болған. 19-ы - күштік құрылым өкілі. Билік қоғам талабына қарамастан әлі күнге дейін олардың тізімін жариялаған жоқ. Тоқаевтың оқиға кезінде "ескертусіз оқ ату туралы" бұйрығын сынаған халықаралық ұйымдар артынша оқиғаны жан-жақты, тәуелсіз зерттеуге шақырған. Билік оқиғаны мұқият зерттеуге уәде бергенмен кей белсенділер Алматыдағы алаңда бейбіт халықтың қырылуына байланысты қылмыстық іс ашылмай отырғанын алға тартып, биліктің сөзіне күмән келтірген. Бұған дейін Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтан қаңтар қырғынын зерттеуге қажетті дәрежеде күш салмай отыр деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG