Accessibility links

23 қазақстандық жүк көлігі Украина аумағынан шықты, 20-дан астамы қалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

23 қазақстандық жүк көлігі Украина аумағынан шықты, әлі кемінде 26 жүк көлігі шығарылуы тиіс. Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.

"4 наурыз күнгі жағдай бойынша, Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, сыртқы істер министрлігі және үшінші мемлекет органдарының көмегімен қазақстандық жүргізушілер мінген 23 жүк көлігі Украинадан шықты. Тағы жеті жүк көлігі Польшамен шекарада тұр. Украина аумағында (негізінен орталық, шығыс аймақта) әлі 26 жүк көлігі қалған. Шыға алмай қалған жүргізушілерге көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр" деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.

Осыған дейін ведомство жүк көліктерін шығару үшін Қазақстан сыртқы істер министрлігіне көлік құралдарының тізімін беріп, Польша мен Молдоваға оларды өткізу үшін "жасыл дәліз" ұйымдастыру туралы өтініш айтқан. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бизнес субъектілері мен халықаралық жүк тасымалдаушыларына көмектесіп, ақпараттық тұрғыда қолдау үшін "шұғыл желі" ашылған.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Украинада ондаған жүк тасымалдаушысы шыға алмай қалғанын хабарлаған. 25 ақпанда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы көліктердің басым бөлігінде жүк барын, жүргізушілер көліктерін қалдырып кете алмайтынын айтқан. Палата үкіметке хат жолдап, қазақстандық жүргізушілерді Украинадан шығару үшін көрші елдермен "жасыл дәліз" ұйымдастыру мәселесін қарауды өтінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG