Accessibility links

Қазақстанға жол. Ресейдегі еңбек мигранттары қайда барады?


Ресейде жұмыс істеуге өтініш беріп тұрған мигранттар. Көрнекі сурет.
Ресейде жұмыс істеуге өтініш беріп тұрған мигранттар. Көрнекі сурет.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы салдарынан Мәскеуге салынған санкция осы елдегі мигранттарға да соққы болып тиді. Табыс көзінен айрылған олардың кейбірі үйлеріне қайтса, кейбірі басқа елдерден жұмыс іздейді.  

11 наурызда Қазақстан ұлттық валютасы теңге динамикасының Ресей рублінің құбылуынан алшақтайтыны туралы хабарланды. Алайда ақпан айында Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін Мәскеуге қарсы жарияланған санкциялар Ресейге қоса белгілі бір мөлшерде Орталық Азия елдері валютасының құнсыздана бастағанын көрсеткен. Бұл Ресейде күнелтіп жүрген Орталық Азия елдерінің еңбек мигранттарына тікелей әсер еткен. Ресейде жұмыссыз қалған, жұмыссыз қалмаса да тапқан қаражаты еңбегі ақтамаған соң мигранттардың кейбірі отанына оралған немесе басқа елдерге баруға шешім қабылдаған. Ресейдегі миллиондаған мигранттың әрі қарайғы тағдыры қандай болмақ?

Бішкектегі айырбастау пунктінде шарықтаған доллар бағамына қарап тұрған адам. 24 ақпан 2022 жыл.
Бішкектегі айырбастау пунктінде шарықтаған доллар бағамына қарап тұрған адам. 24 ақпан 2022 жыл.

МИГРАНТ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Тәжікстанда тұратын Ахледдин ақпан айының соңына дейін Ресейде жұмыс істеген, күзетші болған. Ресейден кету себебін ол рубль құнсызданып, жалақысы төмендеуімен байланыстырады. Айтуынша, бұрын 70 мың рубль болатын жалақысы ақпан айының соңында 40 мың рубльге түскен. «Сонымен ендігі жүрістің мәні жоқ деп Тәжікстанға қайтқан едім» дейді ол. Ахледдин жалақысын рубльмен алып, еліне долларға айналдырып салып отыратын.

Бірақ ол қазір Қазақстанда тұратын таныстарына хабарласып жұмыс қарастырып жүр. Тәжікстанға оралған соң ол наурыз айының соңына Алматыға билет алып қойған.

- Әзірге Қазақстанда қандай жұмыс істейтінім белгісіз. Бара қарастырып көремін. Сондағы таныстарымнан сұрастырып жатырмын. Бәлкім, Қазақстанға барғанша да жұмыс табылып қалар. Әрине, бірден жұмыс тауып барған маған да жақсы ғой, - дейді Ахледдин.

Мая – Өзбекстаннан Қазақстанға келіп жұмыс істеп жатқан еңбек мигрантының бірі. Айтуынша, ол бұрын Мәскеуде жұмыс істеген. Пандемия қарсаңында отбасы жағдайына байланысты елге қайтқан. Екі жылдан бері ол Алматыда аспаз болып, нәпақасын айырып жүр.

- Мен Ресейде екі жарым жыл болдым. Ол кезде қазіргідей емес, Мәскеуде жағдай жақсы болатын. Отбасы жағдайыма байланысты қайттым. Кейін Қазақстанға келдім. Маған Ресейден гөрі Қазақстанға жұмыс істеген қолайлы көрінді, - дейді ол.

Мая қазір де Ресейде бұрын өзімен бірге жұмыс істеген әріптестерімен хабарласып тұрады.

- Ресейдегі жерлестерімнен сұрасам, соңғы жағдай қиын тиіп жатса керек. Кейбір мигранттарды ұстап алып қайтарып жатыр дейді. Өздері қайтайын десе, әуе қатынасы азайып, жете алмай отырғандар бір бөлек. Елдеріне қайтып, енді Қазақстанға келмекші таныстарым да бар, - дейді Мая Азаттыққа.

МИГРАНТ ҚАБЫЛДАУДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТӘЖІРИБЕСІ

Осыдан екі жыл бұрын коронавирус пандемиясы алғаш келген сәтте Қазақстан біраз мигрант паналайтын орынға айналып, бұл жағынан біршама тәжірибе де жинаған.

Көп ел, соның ішінде Ресей де карантинді күшейтіп, әуе қатынасы тоқтап, шекаралар жабылып қалған тұста Орталық Азия елдерінен келген біраз мирант Қазақстаннан әрі өте алмай қалған.

Қазақстан ұлттық банкі 2020 жылғы елден сыртқа бағытталған ақша аударымдарының өсуін де осы елде қалған еңбек мигранттарымен байланыстырған. «Карантин мен төтенше жағдай режимі енген кезде еңбек мигранттары туған еліне бара алмай, соның салдарынан ақша көп аударылды» деген ұлттық банктің төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Қарай отырыңыз: "Кедейлік пен теңсіздік артады". Украинадағы соғыстың Орталық Азияға әсері (2 наурыз 2022 жыл).

"Кедейлік пен теңсіздік артады". Украинадағы соғыстың Орталық Азияға әсері
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:44 0:00

Бұл жылы 2019 жылғымен салыстырғанда басқа елдерге бағытталған ақша аударымдары 20 пайызға артқан.

Алматы маңында жұмыс істейтін тәжікстандық Сейфолла – сол нөпірмен келіп, Қазақстанда қалып қойғандардың бірі. Өзінің айтуынша, Мәскеуде ақысы желінген ол әуелде 2020 жылдың көктемінде Тәжікстанға қайтқан. Өз елінде жұмыс істеп, жолына жеткілікті қаражат жинаған соң Алматыға келген.

- Ресейде кафель шығаратын шағын кәсіпорында жұмыс істедім. Алайда онда жалақымызды келіскендей төлемей қойды. Соңынан Ресейден кетуге мәжбүр болдық. Ресейде бауырларым қалды. Олардан әзірге хабар ала алмай отырмын,- дейді Сейфолла Азаттыққа.

Оның айтуынша, Қазақстанда да нәпақа тауып, күн көруге болады.

«ЕҢБЕК МИГРАНТЫН ТІРКЕУ БҰРЫНҒЫДАН ЖЕҢІЛ»

Қазақстанда Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келетін еңбек мигранттары арзан жұмысшы күші ретінде белгілі. Алайда оларды жалдайтын компания, шағын кәсіпорын немесе жеке адамдар толық тіркеуден өткізіп жатыр деп айту қиын. Құжат жүзінде заңдастырылмағандықтан, көптеген еңбек мигранттары тиісті ақыларын да уақтылы ала алмайды.

Айна Шорманбаева.
Айна Шорманбаева.

«Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының жетекшісі Айна Шорманбаева Орталық Азия елдері өзара еңбек нарығын және еңбек миграциясын реттейтін келісімдер жасасуы керек деп есептейді. Ол Ресейдегі қазіргі күрделі жағдайда мигранттардың Қазақстанға келуі ықтимал деп болжайды.

- Қазақстанның да экономикасы мәз емес. Дегенмен әзірге жұмыс табуға болады. Сондықтан да Орталық Азия елдерінің Ресейдегі мигранттары Қазақстанға келуі мүмкін. Аймақ елдерінің діні бір, тілі мен мәдениеті де ұқсас. Сондықтан жалақының аздығына қарамастан, мигранттарға Қазақстанға келу қолайлы. Виза да керегі жоқ, қазір еңбек мигранттарын тіркеу де бұрынғыдан жеңілдеу. Үй жұмысшысы ретінде рұқсат алып, заңды түрде жұмысқа орналасуға болады, - дейді Айна Шорманбаева Азаттыққа.

РЕСЕЙДЕ ҚАЛУДЫҢ «ТИІМДІЛІГІ»

Өзбекстанда туып-өскен экономист Сапарбай Жобаев Ресейдегі мигранттардың Қазақстанға келуі бірден бола қоймайды деген пікірде.

- Ресейдегі өзбекстандықтармен хабарласып отырмын. Байқағаным, олар әртүрлі. Бұрыннан еліне қайтуды жоспарлап жүргендер бар еді. Олар үшін қазіргі жағдай мигранттардың кері оралуын жылдамдатып жіберді. Бұған қоса, Ресейде қандай жағдай болғанына қарамастан, сонда қалып, ешқайда қозғалмайтындар да бар. Тек олардың елдеріне жіберетін ақшасы азаюы мүмкін. Өйткені кейбір мигранттарға Өзбекстанға оралып, 100 долларға жұмыс істегеннен гөрі, Ресейде жүріп 500-600 доллар тапқаны тиімді болып тұр. Тек үйлеріне жіберетін ақша мөлшері бұрынғыдан едеуір азаяды, - дейді Сапарбай Жобаев Азаттыққа.

Ол Ресейдегі таныстарының Қазақстанға жұмысқа келуді сұрап, хабарласатынын айтады.

- Қазақстанда ақша 20-25 пайыз құнсызданғанымен, жұмыс табуға болады. Мәселен, елдің солтүстігінде коммуналды қызмет, ауыл-қаладағы құрылыстарда адам жетпейді, ал кейбір қалаларда автобус жүргізушілер жетіспейді. Газ тарту, асхана жұмыстарына да жұмысшы керек етіп отырғандар бар, - дейді экономист.

РЕСЕЙДЕН ТЫС ЖЕРДЕН ЖҰМЫС ІЗДЕУ

Ресейдегі мигранттардың басқа елдерден жұмыс қарастырып жатқанын мигранттарға тегін кеңес беретін заңгер Валентина Чупик те растайды.

- Негізінен мигранттар Ресейден тыс жерлерден жұмыс қарастырып жатыр. Шеттен жұмыс қарастырып жатқандардың пайызы туралы айту қиын. Алайда Ресейден шығатын билеттердің бағасы, әлеуметтік желідегі комментарилер және Ресейден сыртқа аударылатын қаржының көлеміне қарап, мигранттардың Ресейден сыртта жұмыс іздеп жатқанын байқауға болады, - дейді заңгер Азаттыққа.

Валентина Чупиктің айтуынша, мигранттар баруды қарастырып жатқан елдердің қатарында Қазақстан, Түркия және Польша бар. «Ал кейбіреулер АҚШ-қа өту үшін Мексика бармаққа әрекеттеніп жатыр» дейді ол.

Мәскеуде көші-қон орталығы маңындағы автобуста отырған Орталық Азия елдерінен келген мигранттар. Көрнекі сурет.
Мәскеуде көші-қон орталығы маңындағы автобуста отырған Орталық Азия елдерінен келген мигранттар. Көрнекі сурет.

Заңгердің айтуынша, мигранттың бәрі бірдей Ресейден кетейін деп жатқан жоқ.

- Олардың арасында да Ресей насихатына сенетін адамдар жеткілікті. Мигранттардың ішінде Ресейге барғысы келетін, сонда қалғысы келетін, Ресей азаматы болғысы келетіндер бар, - дейді Валентина Чупик Азаттыққа.

Екі мыңыншы жылдардың басынан бастап Қазақстан Орталық Азияның өзге елдерінен келетін еңбек мигранттарының басты бағыттарының біріне айналды деп есептеледі. ТМД елдерінен Қазақстанға келетіндер үшін виза талап етілмейді. Олардың көбі елге келу себебін анық көрсетпейді. Мигранттар сапар мақсатын оқу, туризм, жеке сапар ретінде көрсетіп, тіркеуге тұрады. Алайда жұмыс істеуге рұқсат алмағандықтан, көбі еңбек мигранты санатына жатпайды. Пандемияға дейін Қазақстанда Орталық Азияның өзге елдерінен шамамен 1 миллион еңбек мигранты келіп жұмыс істеді деп саналады. Елде еңбек мигранттарының құқығы жиі бұзылады.

Орталық Азиядағы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты Ресейге еңбек мигранты көптеп шығатын елдердің экономикалық белсенділігі олардың ақша аударымдарына байланысты болып келеді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG