Accessibility links

Ресейдің Украинаға шапқыншылығы Орталық Азияға да қатты тиді


Ресей рублінің құлдырауы Орталық Азияға лезде әсер етіп, қатты соққы боп тиді. Ресейден аударылатын қаржыға тәуелді халық табысы азайғанын айтады. Тіпті, аймақтағы экономикасы ең ірі Қазақстанның өзінде ұлттық валюта құнсызданып жатыр.

Батыс Мәскеуге санкция салған соң, Ресей ақшасы рубль құлдырады. Бұл Орталық Азия халқына экономикалық тұрғыда ауыр тиді. Әсіресе, Ресейден аударылатын ақшаға қарап отырған адамы көп Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанға қиынға соқты.

Зейнеткер ұстаз Усмонхон Оқилов Ресейде еңбек мигранты болып жүрген ұлынан 20 мың рубль (шамамен 220 доллар) алу үшін айына бір рет Рохи Абрешим автобус бекеті маңындағы жергілікті банкке барады.

28 ақпан түстен кейін бір тәжік сомониі 9 рубль болған. Яғни, Ресей валютасы бірнеше күнде шамамен жиырма пайызға құнсызданған.

– Кассир маған бірнеше күн бұрын келгенімде, сомонимен көбірек ақша алатынымды айтты. Ол кезде бір сомони 7 рубль болған. Көңілім түсіп қалды, бірақ бұлай болатынын қайдан білейін?! – деді Оқилов Азаттыққа.

Аймақтағы елдер Ресеймен тығыз байланыс орнатқан және Ресей қалалары мен ауылдарында жұмыс істеп жүрген миллиондаған еңбек мигранты бар. Осыны ескерген сарапшылар Мәскеудің Украинадағы соғысы мен Батыстың Ресейге салған санкциялары Орталық Азияға кері әсер ететінін болады деп болжам жасаған.

Бірақ бұл олар ойлағаннан да ерте байқалды және сарапшылар болжағаннан да ауыр тиді. Украинадағы дағдарыс күшейген кейінгі апталардағы өзгерістер онсыз да тұрақсыз болып тұрған валюта нарығына ауыр соққы болды.

Тіпті, аймақ бойынша экономикасы ең ірі ел, энергия ресурстарына бай Қазақстан да қысымға ұшырап, теңге рубльдің соңынан құлдырап барады.

24 ақпанда Ресей Украинаға шабуыл жасаған соң бірнеше сағаттан кейін Қазақстан Ұлттық банкі теңгені ұстап тұру үшін ішкі нарықтағы валюта қорына 138 миллион доллар жұмсауға мәжбүр болды.

Өткен аптада Ұлттық банк 176 миллион долларға валюта интервенциясын жүргізді. Бұл теңгені Ресейге қарсы салынған санкциялар мен соғыс салдарынан қорғау үшін жасалды. Ресей Қазақстанның басты сауда серіктесі саналады.

28 ақпанда Ұлттық банк 98 миллион долларға тағы бір интервенция жүргізді. Бірақ сарапшылар Ұлттық банк мұндай шарамен ұлттық валютаны ұзақ ұстап тұра алмайтынын ескертті.

1 наурызда премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп әрекет ету жоспарын жасауға кіріскенін, бұл шаралар "инфляцияны және валюта нарығындағы тұрақтылықты бақылауға, жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын салуға, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталатынын" айтты.

Қазақстан Ресеймен тығыз саяси, экономикалық және сауда байланысын орнатқан. Мәскеу басқаратын Еуразия экономикалық одаққа (ЕАЭО) кірген. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 21 миллиард долларға жеткен.

ЕАЭО мүшесі Қырғызстанның да валютасы рубльмен бірге құнсызданды.

Ақша айырбастайтын жерде қырғыз валютасы - сомның шетел ақшасына шаққандағы бағамы жазылған электрон тақтаға қарап тұрған адам. Бішкек, 24 ақпан 2022 жыл.
Ақша айырбастайтын жерде қырғыз валютасы - сомның шетел ақшасына шаққандағы бағамы жазылған электрон тақтаға қарап тұрған адам. Бішкек, 24 ақпан 2022 жыл.

Бірақ Тәжікстан мен Өзбекстан ұлттық валютасының нығайғанына куә болды.

Оқшау өмір сүретін Түркіменстанда не болғаны белгісіз. Бұл елдегі мемлекеттік баспасөз құралдары Украинадағы соғыс туралы ештеңе айтпады.

КЕДЕЙ КӨРШІЛЕР

Рубль құнсызданған соң, Ресейден түсетін ақша аударымдарына тәуелді миллиондаған отбасының табысы азайды. Ресейде Орталық Азиядан келген еңбек мигранттары көп.

Ресей үкіметінің дерегінше, 2021 жылы Ресейде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген 7,8 миллион мигрант тіркелген. Олар шекарадан өткенде бұл елге "жұмыс істеуге" келгенін белгілеген.

Мигранттардың 4,5 миллионнан астамы Өзбекстан азаматы, 2,4 миллионға жуығы Тәжікстан, 900 маңдай адам Қырғызстан азаматы.

Ресей үкіметінің дерегінше, 2021 жылы Ресейде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген 7,8 миллион мигрант тіркелген.
Ресей үкіметінің дерегінше, 2021 жылы Ресейде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген 7,8 миллион мигрант тіркелген.

Дүниежүзілік банк былтыр сырттан келетін ақша аударымдары Тәжікстан ішкі жалпы өнімінің 30 пайызын, Қырғызстанда 28 пайызын құрағанын айтады.

Өзбекстан – Орталық Азия бойынша халық саны ең көп мемлекет. Бұл елге былтыр қаңтар мен қараша аралығында 7,6 миллиард доллар ақша аударылған. Бұл осы елдің ІЖӨ-нің 11,6 пайызын құрайды. Бұл ақшаның көбі Ресейден аударылған.

Былтыр жыл соңында Дүниежүзілік банк аймаққа жіберілетін ақша аударымы 2022 жылы 3,8 пайызға көбейеді деп болжаған еді. Бірақ Украинадағы соғыс бұл жоспарды өзгертіп жіберді.

Ресейдегі еңбек миграциясының кезеңі әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Бірақ онда қазірдің өзінде Орталық Азиядан барған бірнеше миллион жұмысшы жүргені айтылып жүр. Көбі наурыз-сәуір айларына Ресейге баруға алып қойған.

Орталық Азияда әзірге Ресейдегі жағдайға және оның мигранттарға әсеріне қатысты байбалам жоқ. Бірақ тұрғындар алаңдай бастағанын айтады.

24 ақпанда Тәжікстаннан Ресейге бірнеше чартерлік рейс ұшпай қалған. Азаттықтың Тәжік қызметі 2 наурызға дейін жиі ұшып жүрген рейстер де ұшпағанын хабарлады.

"Ресейдің 6-7 қаласына, оның ішінде Краснодар, Ростов-на-Дону, Воронеж және Украина шекарасына жақын орналасқан басқа да қалаларға рейс ұшпады" деп хабарлады Азаттық Душанбедегі әуе кассасына сілтеме жасап.

– Биыл Ресейде жұмыс орны аз болатынына алаңдаймын, әсіресе құрылысшы немесе жеке үйлер мен саяжайларды жөндейтіндер секілді маусымдық жұмысшыларға [қиын болады], – дейді Тәжікстанның солтүстігіндегі Ашт ауданының тұрғыны Малохат.

Мұндай жұмыстар Ресейде бірнеше ай жұмыс істеп, қыс түскенде еліне қайтатын тәжік-өзбек мигранттары арасында кең тараған.

Жасы 40-тан асқан Малохат пен оның күйеуі бірнеше жыл Орынбор облысындағы жеке саяжайларда жұмыс істеген.

Малохаттың сөзінше, мамырдан қыркүйектің ортасына дейін олар негізінен біреудің үйін жинап, бау-бақшасын баптаған, демалыс күндері саяжайға келетін адамдарға тамақ әзірлеумен айналысқан.

– Тәжіктер мен өзбектер біздің ауданда сонша бай емес, бірақ салыстырмалы түрде [қалталы] орыстардың саяжайларында жұмыс істейтін, – деді Малохат 28 ақпанда.

Ерлі-зайыпты Ресейге мамырда баруды жоспарлап отыр. Олар орта таптағы ресейліктердің жұмысшыларға ақша төлеуге шамасы жететін шығар деп үміттенеді.

Ресейдегі еңбек миграциясының кезеңі әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Осы елде қазір Орталық Азиядан барған бірнеше миллион жұмысшы жүргені айтылады.
Ресейдегі еңбек миграциясының кезеңі әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Осы елде қазір Орталық Азиядан барған бірнеше миллион жұмысшы жүргені айтылады.

Худжанд тұрғыны Оқиловты рубльдің құнсыздануы көбірек алаңдатады. Ақша Ресей валютасында жіберілгенімен, тәжік банктері оны сомонимен береді.

Ол Ресейден ай сайын алатын 20 мың рубльдің белгілі бір бөлігі банктегі несиесін төлеуге кетеді дейді. Оны былтыр тамызда ұлы Ресейге билет алу үшін алған көрінеді.

Оқиловтың сөзінше, қалғаны тамаққа және үлкен отбасының басқа да шығындарына жұмсалады. Оның отбасында өзінен бөлек әйелі, келіні мен үш немересі бар.

Оның құрылысшы ұлы Ресейде күн жылынғанда жұмысы мен табысы көбейетініне үміттенеді.

– Егер рубль қатты құнсызданса немесе соғыстың кесірінен ұлым жұмыссыз қалса не істейтінімізді білмеймін. Несиемізді төлеуіміз керек. Білмеймін, деді Оқилов.

Азаттық Оқиловтың Сургуттағы ұлы Әлішермен байланысып, оның жоспары туралы сұрады.

Ол Ресейдегі өмірінде еш өзгеріс байқалмайтынын, бірақ "басқа адамдар секілді" оқиғаның қалай өрбитініне алаңдайтынын айтады.

– Ресейде қалатыныма сенімдімін. Рубль бұдан да қатты құнсызданса, көбірек жұмыс істеуіме тура келеді, себебі елімде жақсы мүмкіндік жоқ. Егер Ресейдегі [экономикалық] жағдай нашарласа, Тәжікстанда одан да нашар болады, – деді Әлішер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG