Accessibility links

"Тозаққа түскендей болдым". Қаңтарда ұсталған адамның бастан кешкені


Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы тұрғыны Тимур Ким 25 күн абақтыда отырды. Ол қамауда қандай азапқа тап болғанын Азаттыққа айтып берді. 18 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы тұрғыны Тимур Ким 25 күн абақтыда отырды. Ол қамауда қандай азапқа тап болғанын Азаттыққа айтып берді. 18 ақпан 2022 жыл.

Алматылық Тимур Ким қамауда өткізген 25 күнін тозаққа теңейді. Абақтыда ұрып-соғып, тоқпен азаптап, "резеңке таяқпен зорлаймыз, әйеліңді террорист жасаймыз" деп қорқытқанын айтады. Кейін билік жәбірленушінің арызы бойынша азаптау бабымен іс қозғаған. Бірақ арада екі ай өтсе де, күдікті деп танылған ешкім жоқ.

37 жастағы Тимур Ким әйелі және үш баласымен бірге Алматыдағы Сайран көлі маңындағы шағын әрі жайлы пәтерде тұрады. Ол жөндеу жұмыстарымен, компьютер құрастырумен және тапсырыспен жиһаз жасаумен айналысады. Саясатпен шаруасы жоқ бейбіт отбасының тыныштығын қарулы жасақ бұзған.

9 қаңтар кешкісін Тимур асүйде ас қамдап жүрген, әйелі бөлмеде балалармен отырған. Отбасы кешкі ас ішуге дайындалып отырғанда әлдекім есікті қаққан.

– Қызым есікке барып, "Бұл кім?" деп сұрады. Ар жағындағы адам "Әкеңді шақыршы, көршіге кір жуғын машинаны көтеруге көмектессін" деді. Күйеуімнің есікке барғанын естідім. Есік ашылып, артынша күйеуім мен балаларымның жан дауысы шықты. Бөлмеден атып шықсам, арнаулы жасақ жауынгерлері маған қарай автомат кезеніп тұр. Он адам екен, жетеуінің қолында автомат бар. Балаларды бөлмеге алып кетіп, "бәрі жақсы болады" дедім. Олар күйеуімді ұрып-соға бастады. Мына жерде [пәтердегі қабырғаның тұсын нұсқады] бір қызметкер күйеуімді ұстап, ұрып тұрды. Олар күйеуімнің төлқұжатын, неге екені белгісіз, қара түсті күртешесін сұрады. Күртешесі мен телефонын әкелуге кеткенімде арқамнан автомат кезеніп тұрды, – дейді Тимурдың әйелі Ләйлім Әбілдаева.

Тимурға балаларының көзінше кісен салып, аяқ киімін киюге де мұрша бермей, алып кеткен.

Тимур Кимнің әйелі Ләйлім Әбілдаева жұбайын үйге баса-көктеп кірген қарулы адамдар әй-шайға қаратпай алып кеткенін айтады.
Тимур Кимнің әйелі Ләйлім Әбілдаева жұбайын үйге баса-көктеп кірген қарулы адамдар әй-шайға қаратпай алып кеткенін айтады.

Отағасы сол кеткеннен үйіне үш жарым аптадан кейін бір-ақ оралды. Ләйлім талай мекеменің табалдырығын тоздырып, күйеуінің басын арашалап алу үшін қайсарлықпен күреспесе, Тимур әлі күнге қамауда жатар еді.

"АТЫП ТАСТАЙМЫН, ОҒАН ҚҰҚЫҒЫМ БАР"

Тимур күш құрылымдарынан көрген азабын тәптішеп баяндауға тырысып, денесінде электрошокерден қалған қара ноқаттарды көрсетті. Бір айдан астам уақыт өтсе де, электрошокер іздері әлі кетпепті.

Ол пәтерде басталған ұрып-соғу автозакта да жалғасқанын айтады. Жолда бірнеше полиция қызметкері автозак ішінде жатқан Тимурды әбден тепкілеген. Полиция бөлімшесіне жеткеннен кейін тағы таяқтың астына алған.

– Мені дәлізге кіргізді. Біреу менің қару таратқанымды айтты. Осыдан кейін камуфляж киген жеті-сегіз адам маған қарай тап берді. Жерге құлап, қорғана бастадым. Олар басымнан, денемнен ұрды. Тепкінің астына алды. Ештеңе сұраған жоқ. 10-15 минут бойы тынбай ұрып-соқты. Кейін бір кабинетке кіргізіп, еденге отыр деп бұйырды. Орындық берген жоқ. Су сұрадым, бермеді. Тамағым құрғап кетті. Сұрақ қоя бастады. Бәрі қалай болғанын айтып бердім, – дейді Тимур.

5 қаңтарда Алматыдағы жаппай наразылықтың аяғы тәртіпсіздікке ұласып, бүлікшілер әкімдік ғимараты мен президент резиденциясын басып алған кезде Тимур Ким үйінде болған. Кешкісін әйелінің інісі Ермұхамед келіп, алаңға барыа қайтайық деген ұсыныс айтқан.

– Басында көнбедім. Ол тағы да қайталады, "жай ғана көріп қайтайық, мүмкін біреуге көмек қажет болып қалар" деді. Келістім. Менің көлігіме отырып, алаң жаққа тарттық. Қалада көлік аз болды, көбі мемлекеттік нөмірсіз жүрді. Бірақ мен көлігімнің нөмірін шешкен жоқпын. Желтоқсан көшесі жақтан алаңға келдік. Көліктен түсіп, айналамызға қарадық. Әкімдік ғимараты жанып жатты, РБК банкі жанында мародерлар жүрді. Біреудің қолында үлкен балға бар екен. Алаң маңында 15 минуттай тұрып, кейін Сәтпаев көшесімен үйге қайттық, – дейді Тимур.

Тимур үйге қайтып келе жатқанда жол-жөнекей өртеніп жатқан көліктерді, Алмалы аудандық полиция басқармасының ғимараты қирағанын көрген. Айтуынша, үйге келгеннен кейін көшеге мүлде шықпаған. Бірақ полиция оның сөзіне сенбеген. Олар Кимді наразыларға қару таратқан адамға ұқсатқан.

– Кабинеттегі полиция қызметкерлерінің бірі каскамен ұра бастады. "Шындықты айтасың ба?" деп сұрады. "Айтқанымның бәрі рас" дедім. Ол тапаншасын алып, "қазір атып тастаймын, оған құқығым бар" деп қорқытты. "Қажеті жоқ, төрт балам мен әйелім бар. Мен ондай адам емеспін. Біреумен шатастырып тұрған шығарсыз" дедім. Самайыма тапанша тақап, шүріппені басып жіберді. Тық ете қалғанын сездім. Ол тапаншада оқ жоғын білді ме, әлде жолым болым кетті ме, білмеймін. Кейін басқа полицей кіріп, бар күшімен бүйірімнен теуіп, тергей бастады, – дейді Тимур.

Полиция электрошокер де қолданған. Тимурды басынан, денесінен тоқ соқтырып қинаған. Кейін тізерлетіп отырғызып, басына пластик пакет кигізген. Ауа жетпей, тұншыға бастағанда, пакетті шешіп, сәлден соң қайта кигізіп отырған. Қолын алға созғызып қойып, ішінде суы бар бөтелкемен соққан. Аяқ киімін шешкізіп, табанынан таяқпен ұрған.

– "Әйелің алаңда қару таратқан дейміз. Екеуіңді террорист етіп шығарамыз. Керек болса, саған қарсы түсініктеме беретін он куәгер табамыз" деді. Қол қой деп қағаз берді. Оқымақ болған едім, мұрша бермеді. Бірден соңғы бетін ашып, қол қойғызды. Қағазда не жазылғанын көрген де жоқпын. Қағаздарға қол қойғаннан кейін екі ер адам келіп, кабинеттен алып кетті. Баспалдақпен бір жаққа апарды. Басымды тұқыртып алып жүрді. Көп кабинетте болдым, қызметкерлердің ешқайсы өзін таныстырған жоқ. Басқа корпусқа апарып, кабинетке кіргізді. Су мен тамақ берді. Жарты литр суды бірден ішіп алдым. Таңға дейін осында боласың деп, қолымды батарейге кісендеп қойды. Өздері де сол кабинетте қонды. Таңға дейін батарейдің жанында отырдым, – дейді Тимур Ким.

22 КҮННЕН КЕЙІНГІ КЕЗДЕСУ

Ләйлім бұл кезде жанын қоярға жер таппай, бұрын полицей болып істеген інісі Ермұхамедтен Тимурды қайда алып кеткенін біліп беруін сұраған. Ертеңіне отбасы Тимурдың полиция департаментінде екенін білген. Бірақ ол жаққа ешкімді кіргізбеген. Ғимаратты арнаулы жасақ күзетіп тұрған. Осы кезде Ләйлімге белгісіз нөмірден хабарласқан. Тұтқаның ар жағынан Тимурдың дауысы естілген.

– Қуанып кеттім. Ол балаларды көршінің үйіне апаршы деді. Мен Тимур үйге оралады екен, балалар қазіргі күйін көрмесін деп, солай айтқан шығар деп ойладым. Маған Тимурды 48 сағат ұстап, тергеуден кейін үйге жібереді деген еді. Үйге қолын кісендеп алып келді. Тінту жүргізуге әкелген екен. Күйеуімнің басы ісіп кетіпті, беті тілінген. Қос қолы да кісеннен домбиып ісініп тұр. Шалбары жыртылған. Суретке түсіріп алайын деп едім, рұқсат етпеді. Олар күйеуімнің киімін ауыстыруға мүмкіндік берді, бірақ қолы кісендеулі болған соң, үстіндегі жейдесін шеше алмадым. Үсті-басында көгерген, кесілген жарақат көп болды, аяғы соққыдан күлгін тартып, қанталап кетіпті. Шошып кеттім. "Қашан босатыздар?" деп сұрадым. Тергеуші Тимурдың түр-тұлғасы видеода ақ түсті "Делика" көлігімен келіп, қару таратып жатқан адамға ұқсайтынын айтты. Бірақ Тимаға бұл видеоны көрсетпепті, – дейді Ләйлім.

Тінту шарасынан кейін Кимді уақытша ұстау изоляторына жеткізген. Саусақ іздерін алып, өзі сияқты полициядан таяқ жеп, қорлық көрген жігіттердің жанына апарып қамаған. Тимурға мемлекеттік адвокат берілген. Отбасы жалдаған жеке адвокатты полиция ғимаратына кіргізбеген.

Тимур Ким абақтыда үш жарым апта отырғанда "тозаққа тап болғандай" күй кешкенін айтады.
Тимур Ким абақтыда үш жарым апта отырғанда "тозаққа тап болғандай" күй кешкенін айтады.

Онлайн режимде өткен тергеу соты Тимурды екі айға қамауға шешім шығарған. Тимур өзіне "терроризм актісі" бабы бойынша айып тағылып отырғанын осы сотта бір-ақ білген.

– Террорист деп айыптағандарына таңғалдым. Өмірімде қолыма қару ұстаған адам емеспін. Әскерде де болмағам. Қару-жарақты теледидардан ғана көргем, – дейді Тимур Ким.

Тимур уақытша ұстау изоляторында 12 күн отырған. Заң бойынша, азаматтарды бұл мекемеде 72 сағаттан артық ұстауға болмайды. "Олар Тимурды денесіндегі көгерген іздер жазылуы үшін әдейі ұзақ ұстаған" деп есептейді Ләйлім.

Қаңтардың ортасында уақытша ұстау изоляторларынан азаптау туралы шағымдар түсе бастады. Осыдан кейін тұтқындардың жағдайын білуге комиссия жіберілген. Тимур денесіндегі жарақат іздерін комиссия мүшелеріне көрсеткен. Бірақ комиссия құрамындағы адамдардың қолында тұтқындардың жарақатын фото-видеоға түсіріп алатын телефоны не камерасы болмаған. Кейін Тимурды медициналық сараптамадан өткізуге апарғанымен, оның қорытындысын бермеген.

Ләйлім күйеуін уақытша ұстау мекемесінен қаланың шетіндегі тергеу изоляторына ауыстырғанын кейін білген. Ол бұл хабарды Instagram парақшасына "күйеуімнің қайда екенін білмеймін" деп, видеоүндеу жариялағаннан кейін алған.

Ләйлім қоғамдық қорғаушы құжатын алу үшін күн сайын прокуратураға барғанын айтады. Олар ПТР-тест тапсыруын сұраған. Ләйлім ПТР-тест қорытындысын әкелген, бірақ бәрібір күйеуімен кездесе алмаған.

– Таңертең күйеуіме тамақ пен қажет заттарын апарамын, ары қарай прокуратураға барамын. Маған "түске дейін күтіңіз" дейді, түсте кешке дейін созады, ал кешке "ертең келіңіз" деп қайтарады. Осылай бір апта өтті. Әр үш күн сайын ПТР-тест тапсырып отырдым, әр тестке 10 мың [теңге] төледім. Тест қорытындысын алып, прокуратурадан қорғаушы қағазын сұрадым. Олар "Неге келдіңіз? Сізге үйде отырыңыз дедік қой. Қағаз дайын болғанда, өзіміз хабарласамыз" деді. "Жақсы, онда телеарналарды шақырып, бір аптадан бері қорғаушы қағазын бермей отырғандарыңызды айтамын" дедім. Осыдан кейін басқа қызметкер шығып, "рұқсат қағазыңыз міне, алыңыз" деп қолыма ұстатты, – дейді Ләйлім.

Ол күйеуін 22 күннен кейін бір-ақ көрген. Кездесуге 10 минут уақыт берілген. Екеуі жылап көріскен. Тимур балаларын сұраған, Ләйлім бәрі жақсы екенін айтып, күйеуіне "сені қалай болғанда да босатып аламын" деп уәде берген.

Одан кейінгі күндері Ләйлім күйеуімен кездесуге барған кезде әйнектің ар жағынан телефонмен сөйлесіп жүріпті. Жұбайы қамауда отырған кезде Ләйлім әр таңы уақытша ұстау изоляторы алдындағы ұзын-сонар кезекке тұрудан басталатынын, күйеуімен кездесуге ішке түске қарай әзер кіргенін айтады. Бірақ отбасы жалдаған адвокатқа Тимурмен еркін кездесуге рұқсат берген.

БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚҚАНЫМЕН, ТЕРГЕУ ӘЛІ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ

Тимур тергеу изоляторына түскеннен кейін де азапталғанын: таяқпен ұрып, зорлаймыз деп қорқытқанын айтады.

– Электр тоғымен азаптады. 220 [вольт] қосады. Қолыма су шүберек орап, мыс сым тартып, бір ұшын тоққа жалғайды. Тоқ ұрғаннан құлап түсетінмін. "Түсініктеме бермесең, зорлаймыз, резеңке таяқпен зорлаймыз, аяқ-қолыңды сындырамыз, видеоңды әлеуметтік желіге салып, туыстарыңа жіберіп, таратамыз" дейді. Сондықтан өзім істемеген нәрсені "мойындап" түсініктеме беруге мәжбүр болдым. Ойдан құрастырып, полиция айтқан оқиғаларға ұқсатып, баяндап бердім. Ертеңіне адвокат пен бас прокуратура тергеушісі келді. Осыған дейін берген түсініктемемнен бас тартатынымды, ол кезде жалған сөйлеуге мәжбүр болғанымды айттым. Әйелім адвокатпен сөйлесіп, азаптауға ұшырағанымды білгеннен кейін шу шығарыпты. Бірнеше күннен кейін адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиядан өкіл келді. Ол азаптауға ұшырағанымды айтып, бастан кешкенімді жариялауға шақырды. Мен бас тарттым. Өйткені изолятор қызметкерлері "құқық қорғаушылар, адвокат, комиссия кетеді, ал сен бізбен қаласың. Денсаулығыңды ойла, бұл жерден тірі шығуың керек қой" деп қоқан-лоқы көрсететін. Сондықтан азаптау фактісі туралы айтқым келмеді, – дейді ол.

Бұл кезде Тимур Кимнің қайынатасы жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне күйеубаласының азапталғаны жөнінде арыз беріп үлгерген. Ким жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне уақытша ұстау изоляторында көрген қорлығын баяндап беріпті. Оны медициналық сараптамаға апарып, жарақаттарын түсіріп алған, бірақ тексеру қорытындысын тағы да бермеген.

Көп ұзамай Тимур үшінші рет тергеушілерге түсініктеме берген. Айтуынша, прокуратура қызметкерлері мән-жайды тексеріп, Кимнің қару таратпағанына көз жеткізген.

– Прокуратураға барып, прокурорды шақыруды талап еттім. Прокурор орынбасары Нұрлан Ауғанбаев шықты. Қасында тағы екі адам болды. Оларға "күйеуім митингіге қатысқан жоқ. Ағасымен бірге көлікпен өтіп бара жатқан. Күйеуім үш апта былай тұрсын, үш минут та қамауда отырмауы керек. Кеше қызметкерлеріңіз туыстарыма күйеуімнің қай уақытта қай жерде болғанын көрсететін видео мен оның тергеушілерге берген түсініктемесі сәйкес келетінін айтыпты. Сіздерге басқа не керек? Азамат Салықов та күйеуімнің кінәсі жоғын растап отыр" дедім. Ауғанбаев "Кінәсі болмаса, неге қамауда отыр? Балалы әйел неге ары-бері жүгіруі керек? Көлік жіберіңдер, сағат үште Тимур прокуратурада болсын, әйеліне тапсырамыз" деді. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Қанша күннен бері ұйқым қашып, тамаққа тәбетім тартпай, прокуратура мен уақытша ұстау изоляторының арасында жүргеннен әлсіреп, құлауға шақ қалдым, – дейді Ләйлім.

Тимурға алдыңғы белгіленген бұлтартпау шарасын өзгертіп, қаладан ешқайда кетпейтіні жайлы қолхат алып, босатқан. Бірақ оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтамаған, тек "терроризм актісінен" "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабына ауысқан. Тимур Ким іс материалдарымен таныс екенін, оның әр парағына "келіспеймін" деп жазғанын айтады.

Тимур Ким тергеу абақтысынан босап шыққан сәт. 3 ақпан 2022 ж.

– Тозаққа түскендей болдым. "Біткен жерім осы, дәм-тұзым осылай таусылды ма" деп ойладым. Халықты қорғауы тиіс полицияның осындай айуандыққа барғанына таңғалдым. Мұны өмір бойы ұмытпайтын шығармын, – дейді Тимур Ким.

Ләйлім қаңтар айында балалары терезеге жақындауға қорқып, бір апта бойы мектепке бармай қалғанын айтады.

– Күйеуімді алып кеткен кезде ұлым "Анашым, әкем террорист емес қой, өздері террорист сияқты, автоматпен жүр. Папамның автоматы жоқ қой" деді. Күйеуімді азаптап, қолдан террорист жасауға тырысты, – дейді Ләйлім.

Қазір отбасы Тимурдың үстінен "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабы бойынша қозғалған істің жабылғанын қалайды. Азаптау туралы іс қозғалып, тергеу басталғалы бір жарым ай өтсе де күдікті деп танылған ешкім жоқ.

14 наурызда мәжілісте сөйлеген жемқорлыққа қарсы күрес қызметі агенттігі басшысының орынбасары Олжас Бектенов азаптау туралы істердің қалай қаралып жатқанын түсіндіріп, күш құрылымы қызметкерлерінің көбі маска мен каска киіп жүргендіктен, олардың түр-тұлғасын анықтау қиынға соғып жатқанын айтты. "Ұсталған азаматтар жаппай тәртіпсіздік кезінде жараланған болуы мүмкін" деді Бектенов.

Қазақстанда азаптау туралы істер көбіне сотқа жетпейді. Құқық қорғаушылар адам азаптаумен айналысқан қызметкерлердің жауаптан сытылып, жазаланбай қалатынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG