Accessibility links

Украинадағы соғыста қазірге дейін қанша адам опат болды?


Жақынынан айырылған адам. Киев, 17 наурыз 2022 жыл.
Жақынынан айырылған адам. Киев, 17 наурыз 2022 жыл.

24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, соғыс ашқалы қаза тапқан әскерилер, бейбіт тұрғындар саны жайлы әртүрлі мәліметтен шығып жатыр. Әр статистика әртүрлі. Бір анығы, екі тараптан да адам шығыны көп. Қазірге [18 наурызға] дейін қаза болғандар жайлы қандай ақпараттар бар?

БҰҰ-ның 16 наурыздағы мәліметі бойынша, Украинадағы соғыста 816 бейбіт тұрғын қаза болған, 1174 адам жараланған. Ұйым соғыстан қаза болғандар бұдан да көп болуы мүмкін дейді.
Киев билігі соғыс басталғалы қалада 222 адам қаза тауып, 889 адам жараланды деп мәлімдеді.
Мариуполь қалалық кеңесі 14 наурызда Ресей әскерінің шабуылынан қалада 2187 адам қаза болды деген. 15-16 наурызда қалада гуманитарлық дәліз ашылып, бейбіт тұрғындар қауіпсіз жерге эвакуацияланып жатыр.
Харьков қаласының төтенше жағдайлар қызметі 16 наурызда Ресей соғыс бастағалы қалада кемі 500 бейбіт тұрғын қаза болды деп мәлімдеді.
12 наурызда Украина президенті Владимир Зеленский соғыс басталғалы 1300 украиналық әскери қаза болғанын айтқан.
18 наурызда Украина бас прокуратурасы Ресей Украинаға басып кіргелі кемі 109 бала қаза тапты деп мәлімдеді.
17 наурызда The New York Times америкалық барлау қызметінің дерегін сүйеніп"Украинадағы соғыс басталғалы 20 күннің ішінде Ресей жеті мыңнан аса әскериінен айырылды" деп жазды. Бұл – Ирак пен Ауғанстандағы 20 жылға созылған соғыста қаза болған америкалық солдаттардан көп. Газет 14 мыңнан 21 мыңға жуық ресейлік әскери жарақаттанған деген ақпаратпен бөлісті.
Украина қарулы күштерінің бас штабы соғыс басталғалы Ресей 13800 әскериінен айырылды деп отыр. Бұл статистикаға қаза болғандар да, жараланып қатардан шығып қалғандар да бар.
Ресей 2 наурызда Украинада 498 әскериі қаза болғанын айтқан. Одан кейін Кремль Украинада қаза тапқан әскерилері жайлы статистика таратпады. Пентагон Ресей Украинаға басып кіргелі 2-4 мың әскериінен айырылды деп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG